Ол – шаңырақ шырақшысы ғана емес, ақын жүрегінің тынысы, өлеңіне нәр берген ерекше жан. Сабырхан Асановтың нәзік лиризмге толы жырларындағы мөлдір сезім, адалдық, жарына деген құрмет Шолпан есімімен астасып жатыр.
Бала күнінде нағашы ата-апасының қолында өскен Шолпан Әбдіхамитқызы өзінен басқа екі бауыры – кейін Сарқан ауданының әкімі болған Серік Әбдіхамитов және Қабанбай ауылындағы мектеп директоры Саин Омарбаевпен тел өскенін айтады.
– Үшеуміз тел өскен балалар болдық. Ал 9-сыныпта өз ата-анамның қолына бардым. Екпінді ауылындағы мектепті бітірген соң Алматыдағы шет тілдер институтына түсуге бел будым, – дейді ол.
Әкесі Әбдіхамит Омарбаев жастайынан жетімдіктің тауқыметін тартып, интернатта өсіп, кейін бар саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған. 1938 жылы анасы Бибіғазиза Нүсіпжанқызымен (Қазкен) шаңырақ көтеріп, сегіз баланы тәрбиелеген. Балаларын еңбекқорлыққа, адалдыққа баулуды өмірлік парыз санаған.
Ата-апасының тәрбиесінде өскен Шолпан оларды туған әке-шешесіндей көріп бой жетеді.
– Мен дүниеге келгенде ауылда тұрған ақын Тұрсынбек Жабаев: «Өнерге жақын қыз болсын, болмаса кейін ақынның жары болсын» деп атымды Шолпан қойыпты. Бірақ екі айдан кейін үлкен шешем келіп ата-анамнан: «ат қойдыңдар ма?» деп сұрағанда олар қысылып «жоқ» деген. Сөйтіп, апам атымды Фаиза қойыпты. Тоғызыншы сыныпқа дейін сол есіммен жүрдім, – дейді кейіпкеріміз.
Мектеп бітірер шақта құжат жинау кезінде туу туралы куәлікті таба алмай әбігерге түседі. Жылына қарап іздеп, ақыры 1940 жылы туған қыздың куәлігіндегі есімнің Шолпан екенін анықтайды.
– Мұны естіп жылап та алдым. Бірақ мұғалімім аттестатты дереу Фаиза Самиғолдинадан Шолпан Омарбаева етіп түзетіп берді. Кейін тұрмысқа шыққан соң Асанова болдым.
«Мені іздегендер қай фамилиямнан іздерін білмей дал болған болар» деп жиі күліп жүремін, – дейді Шолпан апа.
1956-1957 жылдары Алматыдағы жаңадан ашылған шет тілдер институтына оқуға түскен бойжеткен неміс тілін меңгеруде қиналғанын жасырмайды. Алғашқыда жатақханада орын болмай пәтер жалдап тұрады.
– Институтқа түскен соң 2 жыл бойы тілімді немісшеге сындыра алмадым. Қалибек Қуанышбаевтың қызы сабақ берді. Сол кісіден талай ұрыс естіп, көңілім қалып жүрді. Пәтерде өнер жолында оқитын қыздармен тұрдым. Олардың сабағы да менікінен тіптен өзгеше еді. Содан бірге оқыған қыздарға «Жандарыңда орын болса, сендермен тұрайыншы» деп өтініш айттым. Олар: «Бізге келсең болады, орын бар» деді. Сөйтіп, үш қыздың қасына төртінші болып бардым. Мен барған күні бөлмеде бір жігіт отыр екен. Киімімді ауыстырып шыққанша ол кетіп қалыпты. Қыздардан сұрасам: «Бұл – Шәмші Қалдаяқов» дейді. Сол кездері оның «Қайықта» әні дүркіреп тұрған шақ. Көп ұзамай Шәмші бастаған жігіттер келді, олардың ішінде Сабырхан да бар еді. Бірте-бірте араласып, достығымыз махаббатқа ұласты. 1959 жылы шаңырақ көтердік. Бізден кейін Шәмші де үйленді. Достық байланысымыз өмір бойы үзілген емес, – дейді ол.
Сабырхан Асановтың да студенттік шағы қызыққа толы. Әкесінің тілегімен ҚазМУ-дің заң факультетіне түссе де достары оның ақындық қабілетін байқап, журналистикаға ауысуына кеңес берген.
Шолпан апа өзінің Асанова болып кету тарихын да жылы жымиыспен еске алды.
– Екеуміз бас қосқан соң ауылға келдік. Неке қию үшін кеңсеге бардық. Қызметкер: «Құжаттарыңды ана форточкадан тастап кетіңдер» – деді. Кейін неке куәлігін алғанымызда менің тегімді өз бетінше «Асанова» деп жазып жіберіпті. «Бұл да Алланың ісі шығар» деп күлемін. Осылай аяқастынан Асанова болып шыға келдім, – дейді ақынның жары.
19 жасында тұрмысқа шыққан Шолпан бір жылдан кейін тұңғышын дүниеге әкеледі.
– Сабырхан оқуын бітіріп, жұмысқа тұрды. Жақан Сыздықовтың пәтері босап, біз сол жерге қоныстандық. Мен сырттай Қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, бітірдім. Отыз жыл Әбілмәжін Жұмабаев, Тахауи Ахтанов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Софы Сматаев сынды азаматтар басқарған Кітап палатасында еңбек етіп, зейнетке шықтым. Ұжымым өте керемет болды, үлкен бір отбасындай едік, – деген Шолпан апа енесі мен атасын да ерекше сағынышпен еске алды.
– Алғашқыда сәлем салуды білмейтінмін. Келе-келе үйрендік қой. Атам мен енем өте тамаша адамдар болды. Енем не айтса да заң еді. Елу градус ыстықта нан пісіретінмін. Ашытқан нанды табаға салып, оның үстіне отты саламын. Содан кейін ыстық нанмен үйдегілерге шай әзірлеп беремін. Алғашында нанымның ортасы дұрыс піспей қалады екен. Атам: «Сенің наныңның беті мен асты тамаша піседі» деп күлуші еді. Бұл да бір әйбәт кезең-тін. Ата-енеммен бір жылдай тұрдық.
Сабырханның отбасында екі ұл және төрт қыз болды. Қазір жалғыз қайынсіңлім қалды. Бәрі өмірден озып кетті. Талапты ауылындағы Сабырхан оқыған орта мектепке оның аты берілген. Туған інісі үлкен ескерткіш орнатты. Ескерткіштің артында субұрқақ бар. «Ауылға кіреберістегі Сабырханның ескерткіші құдды бір қарсы алып, шығарып салатындай көрінеді. Бұл ауыл мен үшін өте ыстық. Сондықтан үзбей баруға тырысамын» – деген жақсының жары Оңтүстікке тұрмысқа шыққанда әкесінің қатты уайымдағанын да әңгімеге қосты.
– «Енді оны көрмейміз, жердің бір шетіне кетіп қалды» деп жылапты. Үйдегі сіңлім: «Папа, неге жылайсың? біз бармыз ғой» дегенде, әкем: «Бір күні сендер де осылай кетесіңдер» депті, – дейді Шолпан апа.
Асановтар отбасына келін болып түскен Шолпанды енесі қызындай көріпті.
– Алматыға оралған соң тағы бір қызымыз дүниеге келді. Тұңғышымыз ата-енемнің қолында қалды. Екінші қызды да апамыз бақты. Балаларым Алматыда қиналып қалмасын, мені оқуымнан қалып қоймасын десе керек. Өз қызындай көрді, жарықтық, жатқан жері жайлы болсын!
Енем – өте сабырлы, жүрегі кең, мейірімді еді. Кейін мектепке барар шағында балаларды өзімізге берді. Алайда олар апасына үйірсек болып өсті. Сондықтан ауылға қайтамыз деп жылаған кездері көп еді, – деген Шолпан апа енесінің асқан шеберлігі, атасының бау-бақшаға бейімділігі туралы да сөз етті.
– Енем жасайтын тамақтың дәмі әлі күнге ауыздан кетпейді. Сүттен бірнеше тағам дайындайтын. Атамыз жемістің небір түрін екті: қауын, қарбыз, қызанақ, қияр. Ал жайқалған жүзімі көздің жауын алатын. Қазақ айтады ғой: «Алла не нәрсе берсе адамның ниеті мен таза көңіліне береді» деп. Ата-енемнің аппақ көңілі мен таза жүрегі, балаларына деген шексіз махаббаты Құдайдың оларға берген ырыздығы болар, – деген ақын жарының әңгімесі Сабырхан ағаға ойысты.
– Адамның адамдығы кісілігімен өлшенсе, Сабырханда сол қасиет мол еді. Ол – өте сезімтал, сергек, жан дүниесі мейірімге толы адам болды. Үйге келген әр қонаққа балаша қуанып, ерекше ықылас танытатын.
Ал ақынның жары болу – жауапкершілігі мол жол ғой. Отбасылық татулықты бәрінен де биік қойдым, – деген Шолпан Асанова:
– Сабырхан әр сөзінде: «Сендерсіз өмір сүре алмаймын, балалардың көз жасына ешкімді қимаймын», – деп жиі айтатын. Бізді жылатып, тастап кеткен кезі болмады. Әке деген асқар тау қандай болатынын балаларға көрсетті, – дейді.
Бес баласының қызығын көріп отырған Шолпан апа жүріп өткен өмір жолын бағамдағанда өзін бақытты әйел санайды. Оның айтуынша, бұл – ата-енесінің ақ батасы мен өзінің төзімі, Сабырхан екеуінің өзара сыйластығының жемісі.
Әңгіме желісінде Шолпан Әбдіхамитқызы ақынның 1963 жылы «Тұңғыш кітап», одан кейін «Алматым менің жас шағым» (1968 ж.), «Ленинге барғанда» (1970 ж.), «Шолпан» (1974 ж.), «Ақбота» (1976 ж.), «Қоштасқым келмейді» (1978 ж.), «Бақытымды жырлаймын» (1980 ж.), «Қызғалдақ күндер» (1981 ж.), «Сағындырған көктем» (1983 ж.), «Сағынамын» (1986 ж.), «Көктемнің шуақты күндері» (1987 ж.), «Елу көктем» (1990 ж.) атты жыр жинақтары жарық көргенін де тілге тиек етті. Сонымен қатар ол Байрон, Тоқтағұл, Я. Купала, Ф. Файз, С. Данилов, Р. Ғамзатов, И. Абашидзе, Е. Евтушенко сынды ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударғанын айтты. Ал Сабырхан ақынның өлеңдері орыс, неміс, латыш, татар, башқұрт, якут, қырғыз, тағы басқа тілдерге аударылыпты.
– Өлең жазғанда орын, бап таңдамайтын. Қай жерде ойына келсе сол жерде жазатын. Ең бастысы, көңілі бөлінбесе болғаны. Ал өлеңді көп жазатын мезгілі көктем еді. Өзі бір естелігінде былай деп жазады: «Табиғат жаңарып, жаңғырар осы бір тұста мен де бір беймаза күй кешем. Сол беймаза күй көп ойыма түрткі, көп жырыма арқау болады. Аспандап ұшқан ақша бұлт, қырда қызарған қызғалдақ мені күнделікті күйкі тірлік, пендешіліктен көп-көп алыстатып, биіктетіп әкетеді. Менің бақытты кездерім – осындай сәттер. Ойға кейде өлеңнің басы, кейде аяғы (концовкасы, түйіні) түседі. Екеуінде де өлеңнің немен тынып, немен бітетініне көзім жетпейді. Дайын болғанда бір-ақ білем. Дайын түйінге жетем деп отырып, басқа өлең жазып кеткен кездерім де жоқ емес. Кейде тіпті тілге іліккен әсем бір ұйқастардан айырылып қалмас үшін де жыр құрайтыным болады». Міне, оның ақындық болмысы… – деген жақсының жары Сабырхан ақын өз есіміне ұқсаған өте сабырлы, көп ашыла бермейтін, аз сөйлесе де аңдап сөйлейтін жан болғанын айтады. Мұнан бөлек, еш нәрсеге таңырқай бермейтін, өзгенің мықтылығын бірден мойындай қоймайтын мінезі де болыпты.
– Осы баспанаға қалай қол жеткізгенімді де айта отырайын. Алғашқыда бес баламен Весновкадағы шағын үйде тұрдық. Қызымыз Алма Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қызымен бірге оқыды. Ол бізге келіп, тар үйде шулаған балаларды көріп, әкесіне айтыпты: «Папа, Алмаларға көмектесші, үйлері тар, бала көп» деп. Кейін Сабырхан іссапарда Әбдіжәмілмен кездескенде: «Ей бала, сенің дүниең түгел ме?» деп сұрап, Бәйкен Әшімовқа кіргізіп, осы үйге қол жеткіздік. Бір бөлмені Сабырханға жеке кабинет етіп бердік. Жазу жазғанымен денсаулығы болмай жүрді… Содан бері 30 жыл зулап өтті. Сабырханның ізі қалған үйде жайма-шуақ өмір сүріп келемін, – дейді Шолпан Асанова.
Айтуынша, Сабырхан аға екеуі бес баласын өсіріп, жеткізді. Екі қызын тұрмысқа беріп, ұлын үйлендірді.
– Әзімханым өте көркем жігіт еді. Оның да өмірден өткеніне біраз жыл болды. Шіркін, маңдайына дұрыс әйел бұйырмапты. Жаны өте нәзік еді. Сол жағы әкесіне тартыпты. Амал нешік?! жарық өмірге сыймай, ерте кетті…» деген апамыз: – Қазір Құдай берген төрт балам (Алма, Дина, Әділхан, Асылхан) қасымда, келіндер де жақсы. Енем секілді мен де қызымдай көремін. Олар бөлек тұрады, қолымда болып жатса, барымды беруге әзірмін.
Бұл жасқа Алланың қалауымен жеттім. Табиғатымнан жанымды жеп, таусылып қайғыға салынбайтын адамның бірімін. Абай атамыздың айтқаны бар ғой: «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме, Қызық келсе қызықпа, оңғаққа ерме. Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме» – деп. Бұдан артық не дейін?!
Жасым cексеннен асса да балаларым менсіз өмірін елестете алмайтындай көрінеді. Ауырып қалсам, жандары шығып кетеді. Әңгімеден әңгіме шыға береді демекші, құдағиым қайтыс болып, анасының көз жұмғанын естіген келінім жүгіріп келіп Әділханға қарап: «Мама умерла, мама» – деген ғой. Сөйтсе, ол мені өліп қалды екен деп талып қалыпты, – деп күліп алды апамыз.
Асановтар үйінен де қонақ үзілмеген. Әр кезде дастарқаны жаюлы Шолпан апа асханада тамағын әзірлеп, келген қонақтарды аяғынан тік тұра қарсы алатынын, шаршауды білмей өткенін айтып, ағынан жарылды. Жазушы Қалаубек Тұрсынқұлов, ақын Тұманбай Молдағалиев пен Сәкен Иманасовтар Сабырхан ағаның жанына жақын достары болғанын, Мұқағали Мақатаевпен де етене жақын болып, екеуара бір-біріне өлең жазғандары туралы да айтты. Cондай-ақ, атақты композитор Шәмші екеуінің бірігіп жазған «Отырардағы той», «Теріскей», «Дүнген қызы», «Сағынышым менің» сияқты шығармалары халықтың сүйіп айтатын әндеріне айналғаны туралы да баян етті.
– Шәмшімен шығармашылық тығыз байланысы Сабырханға қанат бітірді. Ол бір сөзінде: «Шәмшінің жиырмадан астам сазына өлең жаздым. Шәмшінің әніне сөз жазу кез келген ақынның, әрбір дарын иесінің арманы. Менің жазғандарым діттеген жерінен шықты ма, шықпады ма, білмеймін. Бірақ, әлімнің келгенінше Шәкеңнің әндеріне қолғабыс жасауға, сол туындылардың бір қанаты Шәкеңнің әні болса, екінші қанаты менің жырым болуға көп еңбектендім» деп айтқаны да бар.
Сабырханның түр, келбеті авардың ұлы ақыны Расул Ғамзатовқа ұқсайды ғой. Қай жылы екені есімде жоқ, бірде Африка, Азия жазушыларының симпозиумы өтіп, шетелден көп адам келеді. Солардың ішінде Расул Ғамзатов бар екен. Содан жігіттер: «Мә, мынау Сабырханның әкесіне ұқсайды екен» – деп оған телефон шалып: «Дереу келе қал, біз сенің әкеңді таптық» – депті. Содан Сабырхан келіп, екеуін бірге суретке тартып алыпты. Бұл сурет архивімізде сақтаулы, – дейді ардақты жан.
Жан жары туралы ойымен бөліскен Шолпан апамыз Тұманбай ақын жазған мына бір естелікті де айтып берді.
– Жас кезінде жас ақындар ақын ағаларынан «сәт сапар» алып жатқан кезде Сабырхан «сәт сапарды» Әуезовтің өзінен алғысы келіпті. Сөйтіпті де Мұхтар ағаның үйіне телефон соғыпты. «Мен Сабырхан Асанов деген жас ақын едім, Мұқа. Өлеңдеріме Сізден сәт сапар сұрап тұрмын» – деген ғой. Бұған Мұхтар ағамыз жата кеп ашуланып: «Ей, шырағым, ең алдымен сы- пайылық қайда? Мен сенің өлеңдеріңді оқығам жоқ. Оқысам ұнатамын ба, ұнатпаймын ба? Ұнатсам сәт сапар жазамын ба, жазбаймын ба? Сен өзің бір мәдениеттен құралақандау жігіт екенсің» – деп телефонын тастай береді. Ал Сабырхан: «Бұл өлең дегеніңіз мені Әуезовтің өзіне ұрыстырды ғой, қайтейін. «Құласаң нардан құла» дегенді басшылыққа алғасын үлкен кісіден бата алам деп сөгіс естідім ғой» – деп қиналыпты.
Отыз алты жыл бірге, отыз жыл бойы Сабырхан ақынсыз ғұмыр кешіп келген Шолпан Асанова сөзін оның өлең жолдарына бұрып, бірінен кейін бірін жатқа оқып берді.
Аз ғана кідірістен кейін ол: «Ал бұл өлеңі құдды бір қоштасқандай…».
Мен өзіңді гүлге нәзік теңедім,
Есейсем де сол ойда әлі келемін.
Бұл адамдар ұмытшақ қой,
Сен жайлы
Ай мен Күнге айтып кетсем деп едім.
Тау мен белге айтып кетсем деп едім,
Бау мен желге айтып кетсем деп едім.
Өкіре аққан өзендерге ескертіп,
Саумал көлге айтып кетсем деп едім.
Ақ таңдарға айтып кетсем деп едім,
Шатқал, жарға айтып кетсем деп едім.
Өзің жайлы айтып-айтып болған соң
Келген ізбен қайтып кетсем деп едім…
P.S. Бөлмені үнсіздік басты. Жүзінен сағыныш лебі сезілген ананың: «Өлеңдегідей келген ізімен қайтып кете барды ғой… » деген сөздері жанды тербеді.
Сарби ӘЙТЕНОВА





