№11 орта мектептің балаларға арналған «Еркетай» қуыршақ театры 2016-2017 оқу жылында құрылған еді. Үйірмеге 40-тан аса оқушы қатысады.
Театрдың негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа рухани тәрбие бере отырып, орыс сыныптарындағы оқушылардың ауызекі сөйлеу дағдыларын дамыту, мемлекеттік тілге деген қызығушылықтарын ояту. Театр репертуарындағы қойылымдар балаларды ізгілік пен адамгершілік сынды жақсы қасиеттерге баулиды. Достыққа адал болып, ата-ананы сыйлауға үйретеді.
Театрға қатысатын балалар саусақ қуыршақтарын қолдан тігіп, әрбір көрініске декорация дайындап, ән айту, музыка, сөйлеу мәдениеті мен техникасын меңгеруге мейлінше ден қояды. Театрдың көрермендері – бастауыш сынып оқушылары, мүмкіндігі шектеулі балалар, ауыл тұрғындары.
Қуыршақ театры «Мақта қыз бен мысық», «Бауырсақ», «Ағаштар неге ашуланады?», «Гүлдер қалай тарайды?», «Қызыл телпек», «Шалқан», «Қызғалдақтың пайда болуы» ертегілерін, «Алдар- көсенің тойға баруы», Ы. Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімелерін, «Менің болашақ мамандығым», «Ақпыз, қара, сарымыз» сахналық қойылымдарын қойды.
Қуыршақ театрының мектеп өмірінде алар орны ерекше. Оған оқушылар қызыға қатысады. Осы орайда мектеп басшысы С. Мұқатова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А. Татарова театрға зор қолдау танытып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Жолдауында «Балалар үйірмесі» қызметін қайта жандандыру туралы тапсырма берген еді. Соған сай оқушылардың белсенділігі мен өнерге деген сүйіспеншілігін арттыратын тәрбиелік мәні зор үйірмелер мен қуыршақ театрларының қатары көбейсе деп тілеймін.
Ә. ҚАЗИХАНОВА,
№11 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Іле ауданы
Алматы облысы





