Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы цифрландырудың кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жаңа ақпараттандыру объектілерін QazTech «электрондық үкімет» платформасынан тыс жерде әзірлеуге мораторий енгізіледі.
Жарлық мемлекеттік қызметтердің бірыңғай архитектурасын қалыптастыруға және цифрлық инфрақұрылымды орталықтандыру арқылы шығындарды азайтуға бағытталған.
Үкіметке QazTech платформасында әзірлеу мүмкін болмаған жағдайларда жобаларды Президент жанындағы цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның қарауына шығару тапсырылды. Бұл талап әрбір жаңа ақпараттық жүйенің тиімділігі мен қауіпсіздігін жеке бағалауға мүмкіндік береді.





