Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірқатар халықаралық ұйымдар жетекшілерімен кездесу өткізіп, Орталық Азиядағы негізгі экологиялық бастамаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Өңірлік экологиялық саммитке қатысып, қолдау көрсеткен делегаттарға алғыс білдірді. Оның айтуынша, халықаралық сарапшылардың мол тәжірибесі ортақ экологиялық мәселелерді шешуде нақты әрі тиімді тәсілдерді ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның орнықты дамуды қамтамасыз етуге және биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған халықаралық институттардың қызметіне ерекше мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ, еліміздің өңірлік және жаһандық деңгейде экологиялық жауапкершілік қағидаттарын жүйелі түрде қолдайтынын жеткізді.
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияда қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілгенін еске салды.
Кездесу барысында халықаралық ұйым өкілдері Өңірлік экологиялық саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, Мемлекет басшысына ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, олар халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруды қолдайтындарын жеткізді.
Бұдан бөлек, мәртебелі меймандар Қазақстанның климаттың өзгеруі мен су ресурстары мәселелерін шешуге бағытталған жаһандық бастамаларына қолдау білдірді.
Аталған кездесуге БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының (UNEP) атқарушы директоры Ингер Андерсен, Жойылып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның (CITES) Бас хатшысы Ивонн Игеро, БҰҰ-ның биоалуантүрлілік жөніндегі конвенциясының атқарушы хатшысы Астрид Шомакер, сондай-ақ Базель, Роттердам және Стокгольм конвенцияларының атқарушы хатшысы Рольф Пайе қатысты.





