Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) президенті Моринари Ватанабэмен және Азия гимнастикалық одағының (AGU) жетекшісі Абдулрахман Әл-Шатримен кездесіп, еліміздегі спорт инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесу барысында тараптар отандық гимнастиканы насихаттау және жас таланттарды қолдау бағытындағы маңызды қадамдарды пысықтады. Сондай-ақ халықаралық ұйымдардың Қазақстан гимнастика федерациясына көрсетіп келе жатқан жан-жақты көмегі сөз болды. Президент бұл қолдаудың еліміз үшін маңызы жоғары екенін жеткізді.
Қазіргі уақытта елімізде гимнастиканың балалар мен жастар арасындағы танымалдылығы қарқынды артып келеді. Бүгінде аймақтардағы көптеген жергілікті жаттығу залдарымен қатар, ұлттық құрама дайындалатын және әлемдік деңгейдегі додалар ұйымдастырылатын 3 арнаулы кешен жұмыс істеп тұр.
Ең басты жағымды жаңалық – Алматы қаласында басталған ауқымды жоба. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен оңтүстік астанада Орталық Азия өңіріндегі ең ірі әрі бірегей Гимнастика орталығының құрылысы қолға алынды. Жаңа нысан спортшылардың шеберлігін шыңдап, халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
Құрылыс жұмыстары мен жаңа залдарды заманауи құралдармен жабдықтау ісіне мемлекет тарапынан, сондай-ақ демеушілер есебінен 5-6 млн еуроға жуық инвестиция бағыттау көзделген. Алдағы 2-3 жылда бұл орталық мыңдаған жеткіншектің үлкен спортқа қадам басуына жол ашпақ.
Моринари Ватанабэ мен Абдулрахман Әл-Шатри Қазақстан басшылығының кәсіби және бұқаралық спортты өркендетуге бағыттаған қадамдарына жоғары баға берді. Меймандар әлемдік ареналарда көк байрақты желбіретіп жүрген қазақстандық атлеттердің тарихи жетістіктеріне ерекше тоқталып өтті.
Еліміз ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастыруда үлкен тәжірибе жинақтаған. Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы алдағы уақытта да бірлескен ауқымды бастамаларды қарастыруға және әлемдік додаларды өз жерімізде қабылдауға толық дайын екенімізді растады. Бұл отандық спорт туризмінің дамуына да оң ықпал етеді.





