Талдықорған: +20°C
$ 506.21
€ 568.42
₽ 6.30
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

«Қасымда мәңгі жүретіндей көрінетін…»

06.05.2025
КҮЛТӨБЕ
«Қасымда мәңгі жүретіндей көрінетін…»

  • Қалт жібермей бағып қас-қабағымды,

Жарым әркез бабымды таба білді.

Дос-жаранға жүзімді етті жарық,

Қабақ шытпай қарсы алып қонағымды…

Ақын жүрегімен айтылған бұл жолдар – жай жыр ғана емес, өлеңде – махаббат бар, шүкірлік бар, тыныш бақыт бар. Бұл өлең жолдары айдарымыздың кезекті қонағы ақын Оразақын Асқардың өмірлік серігі, жан сырласы болған жары Ажар Баратқызына арналады.

– АТАМЫЗ, әкемнің әкесі – Сәрсебай Қораласұлы 1916 жылға дейін Қарасазда елубасы болған екен. Үркіншілік кезінде көтеріліске шыққан азаматтарға қол ұшын берген, – деп бастады әңгімесін апамыз.

– Оның бұл ісінен хабардар болған большевиктер атамызды ұстамақшы болады. Осы оқиғадан алдын ала хабардар болған бір жақсы азаматтар мұны атама жеткізеді. Сөйтіп ол бір-ақ түнде жиналып, Қорғас шегарасынан өтіп кетеді. Атамыздың арғы жаққа өтетінін білген ауылдағы біраз азамат онымен бірге ілесіпті. Шегарадан өткен соң біраз жыл Қызылкөпір деген жерде өмір сүрсе, кейін Құлжа қаласына жақын маңдағы елді мекенге қоныс тебеді. 1925 жылы әкем Барат өмірге келеді.
Негізі атамыздың бес әйелі болған екен. Бесіншісі – Зейнехан деген апамыздан менің әкем және одан кейін екі ұл мен бір қыз өмірге келген. Әкемнің ең кенже бауырының есімі де Оразақын болған. Атамыздың алдыңғы төрт әйелінен тек қыздар ғана болыпты. Бұл әңгімені 17 жасымда атамызбен әкесі бірге туған Әлнұр Ермеков деген атамыздың аузынан естіп едім. Кейін әкемнен де:«Атамыз неге бес әйел алған?» деп сұрағанымда алдыңғыларынан ұл бала болмағанын айтқан еді. Атамыз әр әйелінің жағдайын жасап, бәрі молшылықта өмір сүрген екен.
Әкем 17-ге толғанда атамыз өмірден озыпты. Сөйтіп анасының бір жағына шығысып, үйдегі екі інісі мен қарындасына бас-көз болады. Көп ұзамай анасы да дүниеден өтеді. 22 жасында Сәлиман Садырқызына үйленеді. Ол кезде анамыз 19 жаста екен. Шешем екі ағасымен 1932 жылы, нәубет кезінде өткен ғой. Бірақ, туған жері Жаркент қаласы. Сөйтіп, Барат пен Сәлиманнан туған 10 баланың 8-і өсіп-өндік. Қазір бесеуміз қалдық. 1959 жылы әкеміз, екі інісі бала-шағасымен атамекені Қазақстанға қоныс аударған, – дейді жақсының жары.

Әкесімен әкесі бірге туған Әлнұр Ермеков қазіргі Алматы облысының Іле ауданына қоныстаныпты. Сол кісінің айтуымен Ажар апаның ата-анасы да сол жерге көшіп келген.

– Әкем өте шаруақор адам болды. Анам үйдің жұмысын тындырымды етіп, келген адамдарды күтіп алып жүретін еді. Үйімізден қонақ үзілмейтін. Мектепте өте жақсы оқыдым. Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін бітірдім. Мектептен жұмыс табылмай, еңбек жолымды ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатынан бастадым. Осы жерде өнер және әдебиет бөлімінде жұмыс істеп, зейнетке шықтым, – дейді ол.

Кейіпкеріміздің айтуынша, Оразақын Асқар өмірде байсалды, адал, жаны таза, ақкөңіл, кішіпейіл, сыпайы әрі жүрегі нәзік, өте білімді адам болыпты. Апамыз оны осы қасиеттері үшін ұнатқанын да жасырмады.

«ОРАЗАҚЫН менен бір мүшелге үлкендігі болса да арамызда керемет түсіністік болды. Керісінше, мен өз қатарластарымды аса қабылдай алмадым. Олармен әңгімем жарасқан емес. Ал Оразақынның сөзіне, өзіне қарадым. Бекзат болмысты, биязы мінезді жарымның білімі академиялық деңгейде болды. Оразақынға дейін сөз айтқан жігіттердің бірде-бірі көзіме ілінген емес. Осындай адамды жолықтырғанына Аллаға сансыз шүкіршілік деймін, – деп ағынан жарылған апамыз әңгімесінде ақынды алғаш қалай көргені туралы да айтып берді.

– Үйге жаздырған газет-журналдар келгенде әкеме оқып беретінмін. Бірде ол журналдағы суретімен шыққан ақынның өлеңдерін оқып беруімді сұрады. Ұмытпасам, бұл 1964 жылғы «Жұлдыз» журналының төртінші саны болатын. Оразақынның бір топ өлеңі жарияланыпты. Оның есімін журнал арқылы біліп, таныдым. Бір жыл өткенде, 1965 жылдың 25 мамыр күні мектептен келіп, анаммен үйдің тірлігін айтып, сөйлесіп отырғанда тыстан біреулердің дауысы шықты. «Бұл кім болды екен?» дегенімше болмай есік ашылып, әлгі журналдан көрген ақыным жолдасымен бірге үйге кірді. Мен іштей:«Мына кісі біздің үйге неге келді?» деп таңырқап қалдым. Оның сол бейнесі әлі күнге көз алдымда. Анам болса «төрлетіңдер» деп құрақ ұшты. Аман-саулықтан кейін Оразақын шешеме қарап: «Тәте, мені таныдыңыз ба?» деді. Анам «шырамытып тұрмын» деп тұрғанда мен қыстырыла кетіп: «Апа, бұл кісі журналдан оқып берген өлеңдердің авторы, ақын Оразақын Асқар аға ғой» дедім. Мұны естіп, ол маған жалт қарады…
Әкем өнерге жақын болғандықтан ұжымшар басшылары ауылға келген танымал адамдарды біздің үйге алып келетін. Анам зыр жүгіріп, дастарқан жайып, қонақтарды күтіп алатын. Әкеміз Шөже мен Кемпірбайдың айтысын домбырамен жатқа айтушы еді. Осыны тыңдау үшін сенбі, жексенбі күндері ауылдағы үлкендер біздің үйге жиналып, әкеме айтқызатын еді, – деп тебіренді апамыз.

АЖАР апамызбен отбасын құру тарихына қатысты ақын ағаның жазған «Менің қысқаша өмірбаяным» атты кітабында: «Нарынқолдан нағашым Мұқан атам біздің үйге келген сайын бір жақын таныстарының бойжеткен қызы бар екенін, алтын асықтай ажарлы, келбеті келіскен, мінезі де мінсіз бала екенін айта беруші еді. Бір жұмысты сылтау етіп сол ауылға әдейілеп барып, сол қызды тауып таныстым. Аты да затына сай Ажар екен. Мені сырттай білетінін, өлеңдерімді оқып жүретінін айтты. Көрген бетте маған да бірден ұнап қалды. Өлеңді жақсы көретін қызға ендігі жерде тікелей өзіне өлең арнап жүріп, ұзақ айналдырып, жалықпай қырындап, үш жылдан кейін ғана толық сеніміне еніп, ақыры өзіме қаратып алдым-ау», – деп жазған екен.
1968 жылдың 24 тамызында Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесінде той болып, екі жас отау құрады. Отбасын құрған кездегі өмірінен сыр шерткен апамыз бұл жайында бүй дейді.

– Біз отбасын құрған кезде Оразақын Қазақстан Жазушылар одағында әдебиетті насихаттау бюросында Д. Әбілев, Қ. Қайсенов секілді көрнекті ақын-жазушылармен бірге қызмет істейтін. Тойымыз болатын кезге жақындағанда Оразақын маған: «Ажар, менің үйім жоқ, кейін болатыны анық, қазірше бір таныстың үйінде тұрамыз. Ол үй Әйткен Қозыбаев деген әртістің үйі, маған уақытша тұруға қалдырған. Кейін өзіне қайтарамыз. Үй мәселесі туралы Жазушылар одағына өтініш бергем, көп ұзамай алатын шығармыз», – деді. Сөйтіп, қазақ әдебиетінің негізін салушыларының бірі, аса көрнекті ақын Сәкен Сейфуллин атындағы көшенің 500-ші үйінің 87-ші пәтерінде тұрдық. Тұңғыш қызымыз Ләйла осы үйде дүниеге келді. Содан 1970 жылдың тамызында үйді иесіне қайтаратын болып, пәтер іздеуге тура келді. Оразақынның жұмыс арасында пәтер іздеп жүргенін сезген Дихан Әбілев ағамыз: «Оразақын, сен пәтер іздеп әуре болма, менің Медеу жақта саяжай үйім бар, сонда тұрыңдар», – депті. Саяжай екіқабатты 8 бөлмеден тұратын үлкен үй екен. Бұл үйде бір жылдан аса уақыт тұрдық. Әр сенбі мен жексенбі күндерінде саяжайға Мертай апамыз келетін. Оны көргенімде енем келгендей қуанатынмын. Сол кісіден палауды қалай пісіретінін үйрендім. Негізі, өздігімнен тамақ әзірлеп көрмегенмін ғой. Тұрмыс құрған соң біртіндеп үйрене бастадым. Үйде анамның тамақты көп қылып әзірлейтінін көріп өскендіктен тұрмыс құрғанда дәл солай дайындайды екенмін. «Атымның сыры өзіме мәлім» демекші, бірде ауылдағы үйге барғанымызда шешем Оразақынға қарап: «Ожатай, Ажар саған тамақ жасап беріп жүр ме?» деп сұрады. Сол кезде оның: «Иә, тәте, Ажар жасаған тамақты бір жеті бойы жейміз» деп еді, шешем маған көзімен бір қарады да, далаға шығып кетті. Бұл сөзді естіген мен: «Сен неге олай айттың?» десем «Ажар, ақын ешқашан өтірік айтпайды» деп езу тартты. Бұл мен үшін сабақ болды. Дейтұрғанмен ол менің жасаған тамағымды сүйсініп ішетін. Күнде түстенуге үйге келетін. Бір күні үйге өзімен бірге қонағын ерте келіпті. Екеуі дабырлап үйге кірді. Қарасам үлкен қария кісі екен. Сөйтсем әлгі адам Оразақынды арнайы іздеп Семейден келіпті. Неге дейсің ғой. 1978 жылдың 16 мамырында сол кездегі «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетіне Оразақынның бір топ өлеңі шыққан еді. Әлгі атамыз сол өлеңдерді оқып, ішіндегі «Құлын» атты өлеңін ерекше ұнатып, бұл ақынды көрмесем болмас деп Алматыға келген екен. Жазушылар одағына өзін арнайы іздеп келген атаны «үйден дәм ауыз тиіп қайтыңыз» деп ертіп келген ғой. Ақынын елі іздеп, өлеңін оқыса, бұдан асқан бақыт бар ма?! – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Көп ұзамай өз баспаналарына қол жеткізген. Дихан аға мен Мертай апасына алғысын айтып, Жазушылар одағынан берілген екі бөлмелі үйге көшкен. Өз үйлеріне қол жеткізген күннен бастап жағдайлары да жақсара бастапты. Бұл үйде Лаула мен Арай есімді балалары өмірге келіп, құтты қоныс болған. Мұнда он жыл тұрып, 1981 жылы Жазушылар одағының төрағасы Жұбан Молдағалиев үш бөлмелі үй береді.

«Ауылдан келетін адамдардың дерлігі біздің үйге келіп түсетін. Ауызғы бөлмеде аяқкиімдер бірінің үстіне бірі үйіліп қалатын. Тәуелсіздік алғанға дейін үйімізден қонақ үзілмейтін еді» – деп жалғады сөзін ол.

– Тұрмысқа шығарда әкемнің: «Ажар, Оразақын жай адам емес, өзгеше жаратылған жан. Сен енді ақынның жарысың, осыны есіңнен шығарушы болма» деді. Әкемнің сөзі есімнен шыққан емес. Екеуміз қосылған күннен мен үшін ең маңызды әрі негізгі нәрсе Оразақынның өлең жазуы болды. Оның ешнәрсеге алаңдамай өлең жазуына жағдайын жасауды өзімнің міндетім деп ұқтым. Ол таңғы бестен бастап өлең жазуға отыратын. Жазылып біткен өлеңдерін маған оқып береді. Өзінің жаңа өлеңдерін оқып болған соң Абай атамыздан бастап өзіне дейінгі және өзінен кейінгі ақындардың өлеңдерін жатқа оқитын. Абайдың барлық өлеңін жатқа білді. Ал өлеңнен қолы босаған кезде қолына домбыра алып, әкемнің күйі деп бір мұңды күйді шертуші еді.
Оразақын түркі тілдес халықтардың тілдерін жетік білді. Сол тілдерден төте аударма жасай беретін. Ал өлеңді он жасынан жаза бастаған. Алғаш жазған өлеңі 1950 жылы Құлжа қаласындағы гимназияда оқып жүргенінде жарық көріпті, – деп өткені туралы ой толғаған Ажар Баратқызы Оразақын ағаның өте балажан болғанын да айтты.

– Мен ондай емеспін. Ол екі қызын жер-көкке сыйғызбай мақтап отыратын. Олардың оқуларына дейін мән берді. Сабақтарына көмектесіп отырды. Жиналыстарына да өзі барып қатысатын.
ОРАЗАҚЫН екеуміз жарты ғасырдан астам уақыт бірге өмір сүрдік. Бақытты, мағыналы, мәнді ғұмыр кештік деп ойлаймын. Балаларымызға өз ата-анамыздан көрген тәрбиемізді беруге тырыстық. Ол мені аялап, әлпештеп өтті. Егер барлық әйел дәл мендей өмір сүрсе, әрбір ер азамат Оразақындай болса, онда бәрі басқаша болар еді ғой дейсің. Өзімді өмірдегі жолы болған, бақытты әйелдің бірімін деп есептеймін. Себебі Оразақын нағыз ер азамат, адал жар, мейірімді әке болды. Оны біліп, танитын бірге оқыған қыздары: «Бізге қарамаған жігітті кіп-кішкентай болып сен қалай қаратып алдың?» деп қалжыңға сүйеп айтатын. Сол кезде Оразақын: «Олай демеңдер, Ажарды өзім іздеп, тауып алғанмын» дейтін. Маған өте көп өлең арнады. Ол тек ақын ғана емес, отбасылық өмірде биік парасатымен, адалдығымен, сүйіспеншілігімен ерекшеленген жан болды,– деген Ажар Баратқызы оның ер-азаматтықтың шынайы символы болғанын айтқанында жанары жасқа тұнды. Сәл кідірістен кейін ойын жалғап: «Оразақын маған жарық дүниеде мәңгі жүретіндей көрінуші еді...» деп сөзін түйді.

Сарби ӘЙТЕНОВА,
Талдықорған-Алматы-Талдықорған

Қатысты жаңалықтар

Қызды некеге мәжбүрлеп алып қашқандарға қылмыстық жаза енгізілмек – Мәжіліс депутаты

Қызды некеге мәжбүрлеп алып қашқандарға қылмыстық жаза енгізілмек – Мәжіліс депутаты

14.05.2025
Мемлекет басшысы Армения Ұлттық жиналысының төрағасы Ален Симонянды қабылдады

Мемлекет басшысы Армения Ұлттық жиналысының төрағасы Ален Симонянды қабылдады

14.05.2025
Тоқаев Көлік министрі Қарабаевқа сөгіс жариялады

Тоқаев Көлік министрі Қарабаевқа сөгіс жариялады

14.05.2025
Қазақстан ұлттық құрамасының экс-футболшысы Ғафуржан Сүйімбаев мансабын аяқтады

Қазақстан ұлттық құрамасының экс-футболшысы Ғафуржан Сүйімбаев мансабын аяқтады

14.05.2025
Қандай жағдайда жасанды интеллектті қолдануға тыйым салынуы мүмкін

Қандай жағдайда жасанды интеллектті қолдануға тыйым салынуы мүмкін

14.05.2025

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.