Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің төрағасы ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев интеграциялық бірлестікті одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық басымдықты атады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Еуразиялық интеграцияның цифрлық негізін нығайту мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары жаңа технологиялық жүйені қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Деректерді жедел өңдеу, өндірістік үдерістерді автоматтандыру және инновацияларды кеңінен енгізу қазіргі кезеңдегі басты факторлардың біріне айналып отыр.
Президенттің сөзінше, халықаралық сарапшылар әлем бойынша жасанды интеллект технологияларына салынған инвестиция көлемі 1 триллион доллардан асқанын айтып отыр.
«Алдағы онжылдықта оның жаһандық экономикадағы жиынтық үлесі бірнеше есе көбейіп, 7 триллион долларға жетуі мүмкін. Озық технологиялар еуразиялық интеграцияның қуатты катализаторына айналуы керек. Бұл қазірдің өзінде жүзеге аса бастады. ЕАЭО кеңістігінде осы бағыттағы жұмыс дәйекті түрде жалғасып келеді деп нық сеніммен айтуға болады. Трансформация өндіріс және логистикадан бастап, ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық саланы қамтиды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту және енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Astana Hub базасында қарқынды ілгерілеп келе жатқан әрі толыққанды стартап-экожүйе қалыптасуда. Елімізде 100-ден астам жаңа жоғары технологиялық компания жедел дамып келеді. Қазақстан технологияны нетто-экспорттаушы мәртебесін ресми түрде дәлелдеді. ІТ қызметтер экспортының көлемі 1 миллиард доллардан асты. Біздің бастапқы жетістіктеріміз халықаралық деңгейде мойындалды. EGDI (E-Government Development Index) жаһандық рейтингіне сәйкес, Қазақстан 24-орын алады. Ал онлайн қызметтердің сапасы бойынша әлемдегі үздік ондыққа кіреді. Ендігі міндет – осы табысты тәжірибені кеңінен тарату», — деді Президент.





