Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен брифинг өткізді. Мемлекет басшылары екіжақты қатынастардың қазіргі деңгейі мен болашағына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовтің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының мәні айрықша екенін атап өтті. Оның айтуынша, Түрікменстан Қазақстан үшін сенімді және маңызды серіктес, сондай-ақ бауырлас мемлекет болып табылады.
Президенттің сөзінше, қос халықты терең тарихи тамырлар, рухани-мәдени құндылықтар мен шынайы достық біріктіреді. Осы берік негізге сүйенген қарым-қатынас бүгінде стратегиялық әріптестік бағытында қарқынды дамып келеді. Екі ел арасында тұрақты әрі жоғары деңгейдегі саяси диалог орнаған. Сонымен қатар, сауда-экономикалық байланыстар нығайып, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық кеңейіп жатыр.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түрікменстан аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде де тығыз әріптестік орнатып отырғанын жеткізді.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовті және бауырлас түрікмен халқын Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен құттықтады. Президент бейтарап саясаттың Түрікменстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып, елдің бейбітшілік пен тұрақтылықты басты қағидат етіп ұстанатынын айқындайтынын атап өтті.





