Ұялы телефоным шыр ете түсті. Ар жақтан:
– Саламатсың ба, бауырым! Маратқали ағаң ғой, – деген дауысты естігенде біраз абдырап қалған жайым бар. Хабарласпағаныма да көп болған еді. Амандық-саулықтан кейін әңгіме соңын:
– Ағаңның 70 жылдық мерейтойы келе жатыр. Қадірменді қонағы бол, – деп аяқтады.
Әрине, білдей генералдың мерейтойына шақыруы өзім үшін үлкен мәртебе екені түсінікті. Көңілім көтерілгендіктен бе, өткенді еске алып, біраз ойланып отырып қалдым.
– Ұят-ай! Өмір жолында өзіме ұстаз әрі аға бола білген азаматтың жақындап келе жатқан мерейтойын қалай естен шығарып алғам? Баспасөз бетінде бірауыз жүрекжарды пікір айтатын жөнім бар еді ғой, – деген ойдың шырмауына түсе бердім…
Әлі есімде. Ол кезде Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет істейтінмін. Желтоқсан оқиғасынан кейін Колбиннің қылышынан қаны тамып тұрған кез болатын. Газетімізге түсетін арыздар саны да көбейе бастады. Соның ішінде көбісі Жамбыл ауданының тұрғындарынан мал ұрлығы, үй тонау сияқты қылмыстардың жиі орын алуына байланысты арыздар еді. Арыз иелерінің көбісі құқық қорғау органы қызметкерлерінің тарапынан қылмысты ашу жөнінде тиісті шаралар қолға алынбай жатқанына шағымданатын.
Бір күні газетіміздің бөлім меңгерушісі, марқұм Жолдасхан Бозымбеков аға түскен арыздардың ізімен Жамбыл ауданына іссапарға шықты. Іссапар барысында милиция қызметкерлерімен бірнеше күн бойы рейд шараларын ұйымдастырып, біраз былық пен шылықтың бетін ашты. Нәтижесінде газетіміздің бір бетін алып сын мақала шықты. Ол мақала бүкіл облыс көлемінде үлкен проблемалық мәселелерді көтерді. Сөз арасында Жолдасхан аға маған:
– Бекен бауырым! Айтпақшы, Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып сенің жерлесің Маратқали Нүкенов деген жігіт тағайындалыпты. Өзі жас болса да жанып тұрған мықты азамат екен. Мал ұрлығына байланысты рейд ұйымдастырғанда тікұшаққа дейін іске қосты. Беталысы жаман емес. Ауданда тәртіп орнату қолынан келетін жігіт сияқты, – деді өз ойын ортаға салып.
Сәтін салғанда Жамбыл ауданына келесі іссапар маған тапсырылды. Бірден аудандық ішкі істер бөліміне бардым. Маратқали Ордабайұлы екеуміз бұрыннан таныс адамдарша ұзақ әңгімелестік. Сөз арасында:
– Мәке, сіз келгелі осы ауданнан редакцияға түсетін арыздар да біраз тыйылды. Ол, әрине, сіздің ғана емес, жігіттеріңіздің де еңбегінің арқасы ғой. Сондықтан да өз кәсібіне адалдығымен және ержүректілігімен талай қылмыстың бетін ашып жүрген қызметкерлеріңіз жөнінде тәрбиелік мәні бар мақала берейік, – дедім. Сол кезде қуанғанынан:
– Өте дұрыс айтасың. Міне, қазір солардың бір-екеуін шақыртайын, – деп жуырда ғана ауыр қылмыстың бетін ашқан қылмысты іздестіру бөлімінің оперативті өкілін шақыртты.
Осы күннен бастап менің қаламымнан милиция қызметкерлерінің жанқиярлық ерліктері жөніндегі детективтік жанрдағы жазғандарым жарыққа шыға бастады. Осылайша, өзімнің детектив жанрында қалам тербеуіме себеп болған алғашқы қадамым осы жерден басталды десем де болады. Кейіннен «Қорқаулар түнде жортады» атты детектив жанрындағы тырнақалды кітабым жарыққа шыққан кезде мұқабаның ішкі бетіне былай деп жаздым: «Кезінде осы кітап материалдарының газет беттерінде жариялануы барысында тиісті ақпараттар мен құжаттар алуда көп көмегін тигізген республика ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа және жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі алтыншы бас басқарма басшысының орынбасары, милиция подполковнигі Маратқали Ордабайұлы Нүкеновке алғысымды айтамын».
Әріптес ағам Жолдасхан Бозымбековтің Маратқали Нүкенов жөнінде айтқан пікірі көп ұзамай-ақ өз дәлелін тапты. Жыл қорытындысы бойынша Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімі Алматы облыстық ішкі істер бөлімдері арасында барлық көрсеткіштері бойынша бірінші орынға көтерілді.
1990 жылы Маратқали Ордабайұлы Алматы қаласының Совет аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Біз аға тұтып жүрген азаматтың қалаға ауысқанына қуандық. Сол жылдары Маратқали Ордабайұлының көмегімен талай мақалаларды жарыққа шығарып, детектив жанрында қалам тербеп жүрген санаулы қаламгерлердің қатарына қосылдым. Осы орайда мына бір оқиғаны тілге тиек ете кеткенді жөн көрдім.
Бірде кабинетіме өзім жақсы сыйласатын Қылышбек есімді (атын өзгертіп алып отырмын) әріптес інім кіріп келді. Өзі есімі республикаға танымал журналист. Байқасам, көңіл-күйі мүлде түсіңкі. Сөзді қиналыңқырап барып өзі бастады:
– Беке, сен милиция тақырыбына көп жазып жүрсің ғой. Мен бір ыңғайсыз жағдайға тап болдым. Сенің көмегің керек, – дегені.
Сөйтсем, аузына «шайтан суды» татып алмайтын әлгі әріптес інім бір отырыста шамасын байқамай қалыпты. Оянса, айықтырғышта жатса керек. Содан «Суға кеткен тал қармайдының» кебін киіп, бұл тығырықтан шығудың жолын іздейді емес пе. Бірден есіне мен түссем керек.
Екеуміз дереу Совет аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Маратқали ағаға бардық. Ол оперативті кезекшіге тапсырма беріп, сол күнгі деректерді тексерткенде аймандай болып әлгі әріптесімнің аты-жөні шыға келді.
– Маратқали аға, – дедім өтінішімді жалғастырып. – Бұл жігіт болашағынан үміт күттіретін талантты журналист. Және де жақында үй алу кезегінде тұр еді. Бұл хабар редакция басшылығына жетсе бәрінен айырылады. Тағдырына балта шаппай-ақ қойыңыз…
Маратқали Ордабайұлы үлкен азаматтық танытып, сөзге келген жоқ. Бұл кез, әрине, М. Горбачевтың маскүнемдікке қарсы күрес жөніндегі атақты қаулысының күшіне мініп, талай азаматтар сол науқанның құрбаны болып жатқан кез болатын.
Маратқали ағамыз азамат ретінде сөзінде тұрып, әлгі мәселені жаптырып тастады. Кейіннен әлгі әріптес інім үй алып, бірнеше кітап шығарып, есімін бүкіл ел танитын зиялы қауым санатына қосылды. Сонымен қатар талай лауазымды қызметтер де атқарды.
1999 жылдың көктемінде Маратқали Ордабай- ұлы Кеден комитетінің төрағасы болып келді. Әрине, біздің қуанышымызда шек жоқ. Сол жылдың қараша айында мен дәм-тұз бұйырып, Шығыс Қазақстан облыстық бас кеден басқармасына қарасты «Ауыл» кеден бекетіне бастық болып тағайындалдым. Сөйтсем, Маратқали Ордабай-ұлының есімі Семей өңіріне де жақсы таныс екен.
Бірде Семей қаласында ішкі істер органының қызметкерлерімен әңгімелесіп отырған едім. Сөз арасында сол кездегі Семей қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұратай Ибраев деген жігіт:
– Беке, сіз Сарқан ауданынан болсаңыз Маратқали Нүкеновты танитын шығарсыз? – деді. Мен жақсы танитындығымды айттым. Сол кезде ол:
– Маратқали Ордабаевич бізде Семей облыстық тергеу комитетінің басшысы болып қызмет істеген кезде бәрімізді үлкен бір кәсіби мектептен өткізді. Мен ол кісі сияқты еңбекқор, талапшыл және өз ісін терең білетін басшыларды сирек кездестірдім, – деді.
Бұндай жылы сөздерді тағы басқа да азаматтардан жиі естідім. Солардың бірі доғарыстағы полиция полковнигі Ауылбек Қашымұлы деген азамат: «Маратқали Ордабайұлын Семейден мемлекеттік тергеу комитеті төрағасының орынбасары қызметіне шығарып салуға халық көп жиналды. Салтанатты шарада жан-жақтан сыйлықтар да көп келді. Сол кезде Маратқали Ордабайұлы әлгі сыйлықтардың біреуін де алмай, қарамағындағы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген және отбасы жағдайы төмен қызметкерлерге үлестіріп кетті» деді жылы пейілде.
2000 жылы кәсіби кеденшілер арасында алғашқылардың бірі болып талайдан бері дайындап жүрген оқулық құралын шығармақшы болдым. Себебі, бұл кез кеден саласы бойынша тиісті практикалық оқу құралдарының жетіспей, кеден заңы да толық жетілдірілмеген кез болатын. Кітабымды дайындап болған соң Маратқали Ордабайұлының қабылдауына бардым. Себебі, кітапты мемлекеттік тапсырыспен шығару керек болды. Бастығым өте жылы қарсы алды. Және де оқу құралына рецензияны сол кездегі білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары Ерлан Арын мен заң ғылымдарының докторы, профессор Сайлаубек Әлібеков жазған болатын. Кітабымды қарап отырып, жақсы баға берді. Содан кейін кітапқа алғысөзді өзі жазып беретінін айтты. Бұл мен үшін күтпеген жағдай еді.
Көп ұзамай «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі: сұрақтар мен жауаптар – таможенное дело в РК: вопросы и ответы» атты оқу құралым үш мың таралыммен екі тілде жарыққа шықты.
Жалпы, Маратқали Ордабайұлы жөнінде әңгіме қозғаған кезде кейіпкеріміздің ел алдындағы сіңірген еңбегін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Себебі ол ұзақ жыл құқық қорғау саласында қызмет ете жүріп, төрт салаға түрен салған санаулы генералдардың бірі және бірегейі. Атап айтсақ, ішкі істер министрлігі саласында комитет төрағасы, ұлттық қауіпсіздік саласында комитет төрағасының орынбасары, мемлекеттік тергеу комитеті саласында төрағаның орынбасары, кеден саласында комитет төрағасы сияқты жауапты қызметтер атқарды. Қай жерде жүрсе де сол саланың көсегесін көгертуге тырысты.
Атап айтсақ, өзіміз білетін кеден саласын басқарған кезде кеден жүйесінің жұмысының бірінші болып автоматтандыруға көшірілуі, әлемдік стандартқа сай кинологиялық орталықтың салынуы, «Қордай», «Бақты» кедендері мен «Жібек жолы» сияқты халықаралық дәрежедегі кеден бекетінің бой көтеруі және басқа да құрылыстардың, инфрақұрылымдардың дүниеге келуі тікелей Маратқали Ордабайұлының басшылығы кезінде жүзеге асырылды.
Маратқали Ордабайұлы қазіргі уақытта еңбек демалысына шықса да ағалық-інілік сыйластығымыздың арасынан қыл өтіп көрген емес. Өмір бойы қауырт жұмысқа үйреніп қалғандықтан шығар, қол қусырып отырған жайы жоқ. Ғылыммен және ұстаздық етумен айналысады. Заң ғылымдарының докторы, профессор деген ғылыми дәрежесі бар. Алматы облысы және Сарқан ауданының Құрметті азаматы. Немерелерінің сүйікті атасы. Жеңгеміз Раушан Бүркітбаева болса есімі елімізге танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері. Еліміздің әдеби-мәдени өміріндегі шаралардың бәріне белсене атсалысып жүреді. «Таинство ночи» атты өлеңдер жинағын оқырмандар қауымы өте жылы қабылдады. Сондықтан да Маратқали ағамыздың артынан ерген інілері әрі шәкірттері ретінде ол кісіні әрдайым «Арқа тұтар ағамыз» деп мақтан етеміз.
Бекен НҰРАХМЕТОВ
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты





