Адам бойындағы асыл қасиеттің бірі – сенім ғой. Сенімге селкеу түскен жағдайда адам ашынады. Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазақстан ауылдық округі тұрғындарын осындай күйде көрдім. Олар Үкіметке де, БАҚ өкілдеріне де сенуден қалған. Былтыр, одан бұрын, тіпті, бес-он жыл бұрын да қолына қағаз-қаламын алып, камерасын арқалаған талай тілші кеп, ауылдың жай-күйін түсірген, жазған. Аймақ басшылары, Мәжіліс депутаттары да топ-тобымен ат басын бұрып, халықтың қатып-семген мұң-зарын тыңдап, уәдені үйіп-төгіп кете берген. Бірақ, одан еш дүние өзгермеген. Жылтыр сөз, құрғақ уәдеге қарық болған тұрғындардың өкпесі орынды.
Қазақстан округінің құрамында үш ауыл бар. Округ орталығы Қазақстанда 4631 тұрғын тұрады. Оларды титықтатқан өзекті мәселе – ауызсу. Ауыл тұрғындары жазда да, қақаған қыста да ауызсуды қанып ішіп, кең молынан пайдаланып көрмегелі талай жылдың жүзі болған. Тәулігіне 1-1,5 сағат уақыт қана берілетін ауызсуды жинап алудан жарыс болса – осы ауылдың тұрғындары алдына жан салмасы анық.
Қазақстан ауылындағы 3-4 көше кейінгі жылдары бой көтерген. Олардың дені атажұртқа қоныс аударған қандастар. Бәрінің ортақ мұңы – ауызсу мен электр жарығы. Өйткені, жел тұрса жалп етіп жарық сөніп, сорғы істемей, тәуліктеп сусыз қалу – жүйкені жұқартқан.
Бағымызға орай, құдық қазғанда артезиан суы шығып, соны көршімізбен бірлесе тартып алғанбыз. Осы жаңа құрылыста екі-ақ үйде таза су бар. Үлп еткен жел тұрса жарық сөніп қалады. Басқаларда бар шығар, өз басымызда интернет деген атауымен жоқ. Тариф қостыруға қалтамыз көтермейді. Жолдасым ғана жұмыс істейді. Мына қымбатшылықта 9 баланы ас-сумен қамтамасыз ету оңай емес. АӘК алғаныммен, оның пакетін алмағалы 4-5 айдың жүзі болды. Қымбатшылық күйдіріп барады. Көріп тұрғаныңыздай, көшемізде асфальт жоқ. Былтыр ғана тас төселді. Оған дейін батпаққа бататынбыз. Жауын-шашынды күндері аяқ-киім шақ келмейді. Көшеде жарық жоқ, қысты күндері тас қараңғы. Жас баламен алдарынан шыға алмаймын. Қаңғыған иттен де, адамнан да қорқатын заман, – дейді 9 баланың анасы Эльвира Рахымбаева.
Қазақстандық тұрғындардың әңгімесіне қаныққан соң, ауылдық әкімдікке атбасын бұрдым. Онда Қазақстан ауылдық округі әкімінің орынбасары Марат Қанаев сусыз тіршіліктің себеп-салдарын былайша тарқатты:
– Қазақстан, Ащыбұлақ ауылы бойынша ауызсуға жобалық-сметалық құжаттама биыл экспертизадан өтті. Облыстың екіге бөлінуіне байланысты қаражат жетіспеушілігінен келер жылға жоспарланып отыр. Ал Қазақстан ауылында сонау кеңестік дәуірде салынған су ұңғымасын иелікке алған СПК «Мөлдір бұлақ» ауыл тұрғындарын қамтамасыз ету мақсатында тәулігіне 1 жарым сағат су жібереді. Бұрын резервуарға су өз бетінше жиналатын болса, қазір бір сорғының көмегімен күні бойы жиналады. Соны кешкілік уақытта тұрғындарға таратады. Ал жаңа құрылысқа су құбыры тартылмаған. Шаруа қожалығының жері болғандықтан заңды құжаттар жасалмаған. Өткен жылы көшелерге тас төселді, енді су құбыры жүргізілсе, асфальтталатын болады. Ауылда 2 қабатты 12 тұрғын үй бар. Олардың орталық жылыту жүйесі жоқ. Отты өздері жағады. Алдағы жылы ауылымызда су мәселесі түбегейлі шешіліп қалар деген үміттеміз, – деді.
Осы округке қарасты Жүнісбай Қайыпов атындағы ауыл тұрғыны Мейіржан Салманбеков 2008 жылы жер алуға 356-шы боп кезекке тұрғанымен, одан бергі 14 жылда бір елі ілгерлемегеніне қапалы. Осы мұңын арқалап ауыл әкімдігіне келіпті.
Ол жылы бойдақ едім. Үйленбес бұрын жер алып, үй салуды ойлағанмын. Бірақ, кезегім жылжитын түрі жоқ. Содан үйленіп, бүгінде 4 баланың әкесі атандым, әлі күнге пәтер жағалап жүрмін. Жасым 40-тан асты. Енді қашан жер алып, үй саламын?, – деген уайымын ақтарды.
Ал жанындағы серіктесі Нұрбол Саяқов ауылдық амбулатория мен «Қазпошта» бөлімшесінің құлағалы тұрғанын жеткізді. Округ орталығынан таяқ тастам жердегі Қайыпов атындағы ауылға демде жетіп бардық. З мыңға таяу тұрғынның денсаулығын қадағалап, басы ауырып, балтыры сыздағанға медициналық көмек көрсететін ауылдық амбулаторияның күйі көңіл құлазытты. Іргесі 1958 жылы қаланған ғимараттың сау-тамтығы қалмаған. Бар-жоғы 72 шаршы метрлік аядай 4 бөлмеде 1 жалпы тәжірибелік дәрігер мен 6 мейірбике тіркеуде тұрған тұрғындарға қызмет көрсетеді екен.
Бұл бұрын балабақша болған ғимарат. Сенсеңіз, мен осында балабақшаға келгенмін. Енді осы жерде еңбек етіп, зейнет жасына шығуым да ықтимал. Себебі, амбулаторияға жер бөлінгенмен, құрылыстың басталар түрі жоқ. Құрғақ уәде, бос сөзден жүрек айнитын жағдайға жеттік. Ауылға жаны ашитын адам көрмедік. Сізге дейін де сан адам келген, көрген. Еш нәтиже жоқ, – дейді аға мейірбике Қарлығаш Кеңесбаева.
Ауылдағы «Қазпошта» филиалы қызметкерлерінің де айтқаны дәл осы! Терезесі целлофанмен қапталған ғимаратта тыныстайтын ауа жоқ. Қыста пеш жағады. Едені шұрық-тесік. Соған қарамастан пошта меңгерушісі Кенжеш Сарбасова мен пошташы Бақыт Мереке тұтынушыларға тұрақты қызмет көрсетеді.
Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Әділбек Көпшілбаев та Үкіметтен үміт үзген сыңайлы.
– «Уәде – Құдай сөзі» деуші еді, биліктегілердің барлығы Құдайдан безгендер ме? Халықты қашанғы зар жылатады? Ауылдың тұрмысы қашан түзеледі? Қаңқасы қалған клубта мал жайылып жүр, интернет деген мүлдем жоқ. Оның мұнарасын қою үшін қыруар қаржы керек көрінеді. Жайылым жоқтың қасы. Жылдан-жылға тозып барамыз», – деген ащы запыранын ақтарып салды.
Қазақстан ауылдық округі тұрғындарының мұң-зары, ұсыныс-тілегі назарға алынып, толып жатқан мәселенің түйіні біртіндеп тарқай бастаса «менің де жүзім жарқын болар еді-ау» деген үміт көмейіме тығылды. Тағы да ай аунап, жыл жылжып, көптің тілегі көлеңкеде қалмаса жарар еді?!
Ұлбосын Исабек,
Еңбекшіқазақ ауданы
Алматы облысы





