Арқырап аққан Ақсу өзені өзінің мәңгілік асау да тентек ағынына сүйсіне қарайтын шынайы талантты әлі жоқтап тұрғандай көрінеді. Ақиланған ашумен алтын сабасын ақтарған күндеріне сәп салып, әр тамшы суын уысына алатын, мүбәрәк жүзін шаятын шайырдың демі үзілгеніне 90 жылға таяды. Ғұмырының әр белесінде қазағым деп күн кешкен кешегі Алаш арыстарының бірегейі, классик жазушы Бейімбет Майлиннің өзі жырдың алтын қаламын аманаттаған Ілияс Жансүгіров мұқым елдің жүйрігі саналды. «Жыр Құлагері» атанған құдіретті поэзия иесі өзінің құтты мекен, құсни қонысында ғана емес, ұлан-ғайыр дала төсінде дауылпаз жырдың жалауын көтерді. Екпіндеп, үдей соққан дауылдай қуатқа ие өлеңдері «Әбілхаят суына» шомғандай өміршеңдікке ие болды. Осылайша алты Алаштың аспанына көтерілген Ілияс ақын өзінің тұрғылас, рухтас, қаламдастары Сәкен, Бейімбет үшеуі қазыналы қазақ әдебиетінің «Үш бәйтерегі» болып тарихта қашалды.
Жан тебіренткен жырларына бала жастан қанық болып өстік. «Әр өлеңі елінің мұрасындай» (Мұқағали Мақатаев) болған Ілияс Жансүгіров қазақ халқының бай, шұрайлы тіліне қанып өскен талант иесі екенін қаршадайымызда түйсінбесек те кейіннен мақұлдадық. Тебірендік, толғандық.
Жер таппан жерге жетер Жетісуым:
Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым.
Асқардың аспан сүйген сілекейін,
Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын.
Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу құз,
Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмым.
Асқардан ақтарыла арқыраған,
Жөкеңнің кім аңсамас балдай суын?
Жетісу, кеудең асқар, аяғың қол,
Қоңың құм, мықынында бар сексеуіл.
Тау жайлап, қоңыр күзеп, құмды қыстап,
Ол бір маң мал есірген өлкедегі ел, – деп басталатын атақты «Жетісу суреттері» өлеңінен тартып, тұтас поэзиясын жадымызға тұттық. Жүрегімізде толғадық. «Асқардың аспан сүйген сілекейін», «Тау жайлап, қоңыр күзеп, құмды қыстап, ол бір маң мал есірген өлкедегі ел», – деп келетін өлең ішіндегі жанды көрініске қайран қалдық. Ақынның суреттеу мен бейнелеуі бөлек екенін, әлі де осы сүрлеуде дараланып тұрғанын аңдадық. Жетісудың құндағында құт болып іңгәлап, сөзбен тоят тауып, күллі қазақтың аяулы жырын аспандатқан тұлғаның әр өлеңіне зейін қойдық.
Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді,
Балқашты қамыс қамап желкілдейді.
Аттанған алты өзені Жетісудың
Балқашқа бауырымдап еңкілдейді.
Аталмыш жырдағы осынау шумақтағы әрбір сөзге мән беріңізші?! Құдай-ау, артық ой, кем түскен теңеу бар ма? Ыстықкөл жердің айнасындай мөлтілдеп тұрғаны, Балқаштың айналасын қамыс көмгені, өңірдегі ұлы айдынға алты өзен қосылып, бір өзен ағып шығатыны ақиқат қой? Осынау толғамды бір шумақпен тиянақтай білген Ілияс ақынның поэзиясы шын мәнінде құдіретке ие.
Ілияс Жансүгіров қазақ поэзиясында азаматтық лириканы мейлінше жоғары нотада жырлаған ақын. Оның кең тынысты шайыр екенін дәлелдейтін эпикалық шығармаларының өзі тұтас томдық кітапқа арқау. Мәселен, «Мақпал», «Рүстем қырғыны», «Кәнпеске», «Күй», «Мәйек», «Дала», «Жаңа туған», «Күйші», «Жорық», «Құлагер», «Көбік шашқан», «Исатай», «Байкал» сынды эпикалық шығармалары көркемдік жағынан да, ауқымы мен бейнелеу, суреттеу, бояма жағынан да биік тұрған шығармалар. Алайда, көбінесе қарапайым оқырман қауымға мұның бәрі толық мәлім деп айта алмаймыз. Өйткені Ілиястың поэмалары дегенде әуелі аталатын «Құлагер», «Күй», «Күйші» шығармалары ғана. Алайда, «Исатай», «Көбік шашқан» секілді эпикалық шығармалары көп насихаттала қоймайды.
Дауылпаз Ілияс ақынның әрбір мұрасы ұлт үшін аса құнды. Тірлік үшін күресте сан тарау жолды басып өткен, қазақ әдебиетінің әр жанрына қалам тартқан ол шынтуайтында – ақын, жазушы, драматург, аудармашы, журналист, фольклорист, ағартушы, әдебиет зерттеушісі, тарихшы (Жетісу тарихын зерттеген), айтыскер ақын, абайтанушы, қазақ мәтінтану ғылымының негізін салушы, мәдениеттанушы (қазақ театры мен кино өнерінің негізін қалаушы, өнертанушы, әнші, күйші, актер, этнограф), әлеуметтанушы, саясаттанушы, философ, баспагер, онамастик зерттеуші, психолог, биолог, географ, өсімдіктанушы, сонымен қатар, ірі мемлекет және қоғам қайраткері. Бір басына осыншама асылды жиған, өнерді тоғыстырған Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романынан тартып, әр бағыт бойынша жазылған шығармаларын ескерсек, оның 44 жылдық ғұмыры таңдай қақтырады.
«Әлеумет қызметіне 1921 жылдан араластым. Батырақ оқытушысы, оқу инспекторы, «Қосшы» ұйымының оқу-білім жөнінен нұсқаушысы, губерниялық ағарту бөлімінің басқарушысы, оқытушылар дайындайтын институтта лектор, директор сияқтылар – менің соңғы оқуға кіргенше атқарған қызметтерім» деп өзінің ғұмырбаяндық хамсасынан сыр шерткен сырбаз ақын қазақтың сөзін ғана ұстап қоймай, мемлекеттік шаруаларына да білек сыбана араласқан. Тіпті, білім, руханият, мәдениет пен әдебиет саласында, педагогикалық жолда жарқын із тастаған тұлға.
Ілияс ақын, өзі айтқандай, 1921 жылдан бастап оқу-ағарту тақырыбына байланысты үнемі мақалалар жазып, Жетісу өлкесінде ағарту жұмыстары қандай бағытта, қандай деңгейде жүріп жатқандығын саралап отырған жан. Оған «Жетісуда оқу мәселесі», «Үлгі аларлық іс», «Жетісу қосшыларының үшінші тобы», «Қосшы тіршілігі», «Ойлағаны мынау», «Пән атамалары», «Қосшы тіршілігі», «Оқу айын ұмытпа», «Талдықорғанның оқу жұмысы», «Емле жайынан», «Ауыл мұғалімдерінің міндеті» сынды «Тілші» газетіне шығып тұрған көптеген мақаласын алға тартуға негіз бар. Бұл жайлы жүйелі зерттеген
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Шара Кыяхметова: «І. Жансүгіров «Жетісу қазақ институты өмірі» («Тілші газеті», 11 январь 1925 ж.) атты Жетісудағы институттың төрт жасқа толуына орай жазылған мақаласында: «Октябрь төңкерісінің үстемдігі Жетісуға 21-ші жылдың басынан ғана орнай бастады. Бұл жылға дейін Жетісуда берекелі оқу ордасы, жұртшылықтың мәдени қазаны болған емес. Болуға талап та, мүмкіндік те болған емес. Осы қарсаңда жолдас Біләл Сүлейұлы облыстық тәлім-тәрбие мектебін ұйыстырды. Мектеп басқарушысы Шамғали Сарыбайұлы болды» дей келіп, 1922-1925 жылдар ішінде атқарылған жұмыстардың есебін келтіріп, бастан өткерген қиыншылықтар туралы айтып өтеді», – деп бір мақаласына талдау жасаса, жоғарыда атап өткен әр жазбаны жекелей қарастырады. Түсінік береді. Бұдан біз жыр жүйрігінің ұстаздық, журналистика һәм ағартушылық жолын айқын аңғара аламыз.
Кейбір әдебиеттен анша-мұнша хабары жоқ қарапайым оқырман есебіндегі жандарға Ілияс Жансүгіров тек өлең өрнектеген ақын болып елестеуі мүмкін. Алайда дәуірде бір туатын дауылпаз тұлғалар кешегі ғасырда руханияттың сан саласында күрес жүргізді. Қараңғы қазақтың қолына білім шырағын ұстатуды, өзге елмен тең дәрежедегі халық етуді көздеді. Осы тұста Ілиястың өміріне үңілсек, ол 1920 жылы үш айлық курс ретінде негізі қаланып, жоғары педагогикалық оқу орнына айналған Қазақ-қырғыз ағарту институтында алдымен оқытушы, кейіннен директорлық қызмет атқарғанын көреміз. Ал, 1924 жылы 10 қыркүйектегі өмірбаянында ағарту институтына басқарушылық міндеті жүктелгенін, жасы отызда, бір үйде екі жан екенін айтып кетеді. Оның 1937 жылы 7 қаңтарда жазған өмірбаяндарынан 1924-1925 жылдар аралығында Қазақ-қырғыз ағарту институтының директоры болғандығын аңдауға толық ақпарат бар. Осыдан-ақ білім-ғылым жолында қаншалықты ықпалды тұлға болғанын аңдауға негіз бар.
Ақынның өмірінің ең жарқын, алайда көп ғалымдар елей бермеген ағартушылық тұсына көп тоқталған Шара Әсетқызы өз жазбасында: «Ілиястың көзін көрген Ыбырайым Маманов, Қасымалы Баялинов, Бердіқожа Жантасовтар да өз естеліктерінде Ілиястың осы институтта директор қызметін атқарғандығын ерекше ілтипатпен жазады. Ыбырайым Маманов «Мейірімді жан еді…» атты естелігінде сол күндер жайлы былайша толғанады: «1924 жылы Ілекең инпросқа директор болып тағайындалды. Ілекеңнің екі жарым жылдай директор қызметін атқару кезінде есте сақталатыны – ол кісі студенттерге эстетикалық тәрбие беріп, әдебиетке, өнерге баулу жағына көп көңіл аударды», – деген мысалды алға тартады. Сонымен қатар, өзі атап өткен Бердіқожа Жантасов пен Қасымалы Баялиновтың жүрекжарды сөздерін де келтіреді. Аталмыш естеліктерді оқып отырып Ілиястың қазақ үшін ғана емес, түркітілдес халықтардың ортақ мұраты, білімі мен ғылымын біріздендіру жолы үшін өмірге келгенін аңдауға негіз бар.
Иә, қалай десек те ауыздығымен алысқан арғымақ жылдардың шабысына ілесіп, заманның көшін бағамдай білген, өткен ғасырдың басында-ақ даму сатысы бойынша дараланып үлгерген алпауыт елдермен ел іргесін теңестіруді ойлаған, оның жарқын жолы білімде деп түйген Алаш арыстарының ұлы ісі мәңгілік тарихымыздың кіріспесіндей киелі. Олар алдымен қылтасын қақпан қиған қасқырдай бүгежектеген, ақсаған, сылтып басқан қазақ қоғамын еркіндік пен теңдікке жеткеруді мұрат етті. Ол үшін де қараңғылық, сауатсыздық деген түнекте түртінектеп жүрген елдің естиярларын санатты-қарақты азамат ету үшін білім бастауынан мейірлене шөл қандыруға ұмтылдырды. Соның арқасында Ыбырай Алтынсариндер салған сара жолды Ахмет Байтұрсынұлылар байытса, кеңейтсе, Ілиястар ілкімді жоспар арқылы ұлт руханиятының көкжиегін зеңгірмен астастыруға тырысты. Жанқиярлық істері мен ірі ерліктері тарихта жазылды.
Баяғы баяғының заманынан,
Асқарда шың мекендеп, жайлаған аң,
Тағылар тарғылтасқа баурын төсеп,
Бар тышқан қоныс алған балағынан.
Жасанған театрдағы ойыншыдай,
Құздардың көрінеді аң алаңынан.
Қиынның жынысында бар деседі,
Сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан.
Кәдімгі қасқыр серек, қарақұлақ,
Шуылдайды шиебөрі үй артынан.
Кәдімгі қарсақ, сусар, бұлғын, жанат,
Сол таудың іздейді аңшы ту сыртынан, – деп Жетісудың тау-тасын, ой-қырын, шатқалы мен шыңырауынан тартып, бұдырайған белдерін, дөңкиген дөңестерін, тіпті, жан-жануар, жәндік, өсімдігіне дейін жеке-жеке атап жырына қосқан, осылайша «Жетісу суреттері» атты арнасы бөлек асыл жыр қалдырған ақынның өмір жолындағы әр соқпағы бүгінгі, ертеңгі ұрпақ үшін телегей тәлім, өміршең өнеге деп білемін. Ақындықта дараланып, жазушылықта жолындағыларды сүйсіндірген, журналист, ұстаз ретінде де ұлттың ұлы мұраты үшін саналы ғұмырын арнаған Ілияс кейінгі буынға да зор ықпалын тигізді. Мәселен, мұзарт таудың мұзбалақ ақыны, заманның заңғарында дараланған Мұқағали Мақатаев «Атырау-Алтай» поэмасын «Жетісу суреттерінің» заңды жалғасы ретінде өрнектей білді.
Қалай десек те қазақтың қан шеңгелдеп туып, қабыланмен алысқан, қара жүрек жауына ерлік жолында да, майданда да, саяси сүрлеуде де есе жібермеуге екіленіп кіріскен тұғырлы тұлғалары ұмытылмауы қажет. Солардың қатарында заманның зарын шанағына қондырған күйдің құдіретін әспеттеп, күйшінің қабілетін даралап «Күй», «Күйші» поэмасын жазып, тіпті сұмдардың солақай соққысынан мертіккен Құлагердей жануардың жасына да жаны ашып, Ақан серісін аяп «Құлагер» эпикалық шығармасын жазған Ілияс Жансүгіровтің дараланып тұратыны хақ. Ендеше, жазықсыз қорғасын оқтың құрбанына айналған, 44 жылдық ғұмырында, жоғарыда айтқандай – ақын, жазушы, драматург, аудармашы, журналист, фольклорист, ағартушы, әдебиет зерттеушісі, тарихшы, айтыскер ақын, абайтанушы, қазақ мәтінтану ғылымының негізін салушы, мәдениеттанушы, этнограф, әлеуметтанушы, саясаттанушы, философ, баспагер, онамастик зерттеуші, психолог, биолог, географ, өсімдіктанушы болған бабаның 130 жылдық мерейтойы құтты болсын дегім келеді.
Жеңіс ЖОЛДЫБАЕВ,
облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік
орталығының директоры