Бүгінде Алакөл ауданында белгіленген жоспарлы жұмыстар уақытылы орындалу үстінде. Осыған орай аудан әкімі А. Абдинов Лепсі, Ақжар, Тоқжайлау, Үшбұлақ ауылдық округтерінің тыныс-тіршілігін бақылап қайтты.
Өңір басшысы жұмыс барысын Лепсі ауылындағы «СНП 306» ЖШС-нің күрделі жөндеуден өтіп жатқан көпір жұмыстарынан бастады. Құрылыс жұмыстарына қажетті материал бағаларының өсуіне байланысты жобалық сметалық құжаттамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін арнайы хабарлама жолданған. Қазіргі таңда тапсырыс беруші облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары тарапынан сметалық құжаттамалары қайта қаралуда. Күз мезгілінде су арнасының толуына байланысты аудан басшысы мердігер мекеме «СНП 306» ЖШС-нің бас инженеріне аталған көпірді су шайып кетпеу мақсатында айналма жолды бақылауға алып, шешу жолдарын назардан тыс қалдырмауды тапсырды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың: «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстан тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында спорт саласын дамытуға басты назар аударғаны белгілі. Бүгінде осы мақсатта ауданда жаңа нысандар қатары көбеюде. Олардың бірі де бірегейі – Лепсі ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешені. Аудан әкімі аталған кешеннің қазіргі жұмыс қарқынын бақылап, мердігер мекеме «Дәулет-Серпін 603» ЖШС басшылығының ой-пікірін тыңдап, құрылыс-монтаж жұмыстарынан хабардар болды. Жалпы, құрылыс нысанында 7 техника, 12 адам жұмыс атқаруда. Жаңа нысанда спортшыларға қазақ күресі, еркін күрес, дзюдо және боксқа арналған залдар бой көтеріп, алдағы уақытта 150 бала білім алады. Нысанның ерекшелігі – еліміз бен шетел спортшыларын қабылдауға мүмкіндігі мол.
Аудан басшысы мал азығын, әсіресе, пішіндеме дайындау бойынша ауданымыздың көшін бастап отырған «Жазылбеков и К» сенім серіктестігінің жұмысымен танысты. Бүгінгі күні 4160 га. егістік жер толығымен игерілген. Оның 1160 га. арпа, 1000 га. жаздық бидай және 1500 га. күздік бидай. Үстіміздегі жылы 1200 га. күздік бидайға жер жыртылып, әзірленуде. Жалпы дала жұмыстарына 15 техника, 60-қа жуық адам жұмылдырылған. Ал жемшөпке келер болсақ, жоспар бойынша 7000 мың тоннаның 3000 мың тоннасы орындалса, қалған тоннасы игерілу үстінде.
Өңір басшысы сенім серіктестігінің директоры А. Жазылбековтың ой-пікірін тыңдап, алдағы жұмыс науқанына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, әкім «Тоқжайлау» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жұмыс барысымен танысты. Қазіргі таңда өндірістік кооператив 5000 гектардан астам жерді игеруде. Атап айтсақ, 4300 га. дәнді дақыл, 3500 га. жаздық арпа, 800 га. жаздық бидай, 107 га. бір жылдық және 452 га. көпжылдық шөп болса, 48 га. алма бағы.
Бүгінде жаздық арпа дәндері шабылып, мол өнім алынуда. Сондай-ақ, қыстық мал азығын дайындау бойынша 1200 т. табиғи шөп, 2270 т. пішіндеме және 700 т. сүрлем дайындалған.
Аудан әкімі «Тоқжайлау» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы А. Бабичевтің пікірін тыңдап, алдағы жұмысына табыс тіледі. Артынша әкім облыстық маңызы бар аудан аумағындағы Қабанбай – Көктұма тасжолының 44-58, 64-97 шақырым аралығындағы орта жөндеу жұмыстарын көрді. Бүгінгі уақытта аталған тасжолдың 44-58 шақырым аралығына асфальт төселіп, жол белгілерін орнату, жол сызықшаларын сызу жұмыстары атқарылуда. Ал, 64-97 шақырым аралығында 20 шақырымға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша тасжолдың 64-97 шақырым аралығына жол сызықшалары мен жол белгілерін орнату жұмыстары қарастырылған. Аталған тасжолды ағымдағы жылдың қазан айында аяқтап, қолданысқа беру жоспарлануда.
Қасиет АРЫСТАН,
Алакөл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы




