Елімізде 5 маусым күні өткен референдум – тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы үшінші референдум. Алғашқы екеуі 1995 жылы, атап айтқанда, сәуір айында Президенттің өкілеттігін әрі қарай созуға байланысты, екіншісі сол жылдың 30 тамызында Қазақстанның екінші Конституциясын қабылдауға арналды. Осы шаралардың қажеттігіне кезінде халық сенді. Жақсылыққа бастайды деп есептеді. Алайда, халықтың үміті ақталмады. Түптеп келгенде осы екі референдум да бір адамның, әрі кеткенде бір әулеттің ғана мүддесіне орайластырылып өткізілді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өткен 30 жылдың тәжірибесін қорытындылап, кеткен кемшіліктеріміз бен жіберген қателіктерімізді сараптай келе, елдігіміздің алтын тұғыры Ата Заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жайлы бастама көтерген. Халық тағы да бұл бастамаға сенім білдіріп, өз дауысын берді. Тағы да халықтың үміті жоғары. Енді бұл жолы біз жұртшылықтың сенімін ақтай алмасақ, онда халық пен биліктің арасындағы алшақтық апатты деңгейге дейін өсетінін көретін боламыз. Басқаша айтқанда, күн тәртібіне Конституцияға өзгерістер енгізу ғана емес, таразы басына қазақтың халықтығы, ел болып қалуы, болашағы бар ма, жоқ па деген тағдыршешті сауал қойылып отыр. Демек, үшінші референдумда қабылданған Ата Заңымыз еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін адал болуды, ел алдындағы, болашақ алдындағы, Отан алдындағы міндеттерін мүлтіксіз орындауды талап етеді. Әркім көрпені өзіне тартып, жекебасының қамын күйттейтін болса онда бізде ештеме қалмайды.
Жаһандану заманындағы бәсеке, талас Қазақстанның сақталып қалуына қауіп төндіріп тұрғаны жасырын емес. Қазір біздің алдымызда екі түрлі жол, бір ғана таңдау тұр. Бірі – жаңарған Конституциямен өркениетті, демократиялық елдердің қатарына қосылу немесе көштің соңында салпақтап, барлық байлығымыздан, барымыз бен бақытымыздан айырылу қаупі артуда. Былайша айтқанда, болашағымыздың көкжиегі 50/50 деп айтар едім.
Осы бір қауіп-қатерді, сын-қатерді есте ұстап, жұмыс жасауымыз керек. Бізге шегінетін жер қалған жоқ. Таразы басына барлық құндылықтарымызды, қазына-байлығымызды тігіп отырмыз. Халық – Жаңа Қазақстан жағында. Ал билік сол жарқын болашақты қамтамасыз ету жолында жұмыс жасауы керек. Халық пен биліктің бірлігі, мақсат-мүдделерінің ортақтығы – Қазақстанды аман алып қалудың жалғыз ғана кепілдігі. Басқа нұсқа, басқа жолды көріп отырған жоқпын.
Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға келер болсақ, менің көңілімнен шыққанын айтар едім. Мұнда, біріншіден, Президент билігінің шектелетіндігі, екіншіден, халықтың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейту көзделген. Екеуі де әбден толғағы жеткен, шешімін күткен мәселелер. Бұл референдум бүгінгі күннің «Не істеу керек?» деген сұрағына жауап берген шара болғаны анық. Осы сауалдың жауабын адаспай табар болсақ жолымыз ашылады. Міне, осындай жаңа қадамдар үшін, мемлекетімнің, халқымның, немере-шөберелерімнің болашағы үшін сайлау учаскесіне барып, өз дауысымды бердім!
Хангелді ӘБЖАНОВ,
тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық академиясының академигі
Алматы қаласы





