Еліміздің тарихы қанқұйлы оқиғаларға толы. Ақтаңдақтың бәрі толығымен ашылған жоқ. Дегенмен, ғалымдар қазақ тарихындағы келеңсіз деректер мен мәліметтерді тірнектеп жинап, кейінгі ұрпаққа қалдырып келеді. Жыл сайын 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай күллі қазақ жұрты қара жамылып, жазықсыз жапа шеккен жандардың рухына тағзым етеді. Өйткені, 1927-1953 жылдар аралығында Ұлы Далада 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам сұрақсыз атылған. Сол жылдардың ішінде 20-дан астам ГУЛаг лагеріне бас көтерер азаматтар мен олардың әйел, бала-шағалары қамалып, жазықсыз жапа шекті.
Осынау қаралы күнге байланысты Талдықорғанда «Қызыл қырғын қасіреті: репрессия, ашаршылық, ату жазасы» атты республикалық конференция өтіп, қызыл террордың құрбанына айналған боздақтардың есімін паш етудің мәселелері талқыланды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев жүргізген ауқымды шарада белгілі тарихшылар Рашид Оразов, Шәмек Тілеубаев, Абай Мырзағали, Елдос Тоқтарбай, Күлімкөз Сантаева баяндама жасап, кеңестік кезеңнің озбырлығына, Алаш қайраткерлерінің есімін кейінгі ұрпаққа таныстыруға, репрессия жылдарында қарсылық танытқан жігіттерге тағылған «банды, басмаш» деген атауларды қайта қарастыруға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Алғашқы болып сөз алған филология ғылымдарының докторы, әдебиетші ғалым Ғарифолла Әнес Алматы облысынан репрессияға ұшыраған зиялы жандардың есімін ұлықтаудың жаңа үлгісі жайында сөз қозғаса, тарих ғылымдарынң кандидаты, профессор Рашид Оразов «1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық қасіреті» атты баяндамасында елді дүрліктірген кеңестік идеология қарапайым халықтың малын тартып алып, ашаршылықты қолдан ұйымдастырғанын, Жетісу жұртшылығына ұшқан құс пен жүгірген аңды аулауға тыйым салғанын, соған орай қазақ халқы тығырыққа тіреліп, аштықтан қырылғанын нақты дәлелдермен баяндады. Тарих ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы Шәмек Тілеубаев «Жетісудағы 1916 жылғы көтеріліс тұсындағы босқыншылық және Алаш зиялыларының оларды қайтарудағы қызметі» деген тақырыпты қозғап, шегараны бойлай орналасқан халықтың қуғыннан ығысып, Қытай жеріне еріксіз қоныс аударуының себеп-салдарын, ақ патша әскерінің аяусыздығынан елдің сұраусыз қырылғандығын, қарапайым қазақтың амандығы үшін шырылдап отқа түскен Ыбырайым Жайнақов, Қайсерке Тоқсанбаев, Сатылған Сабатаев сынды Алаш қайраткерлерінің есімі ұлықталмай отырғанын атап өтті. Мысалы, ұлты неміс болса да жергілікті халыққа оң көзбен қараған Орест Шкапский есімді адамның баласымен бірге Алматы түрмесінде атылғаны бұған дейін айтылмаған мәлімет. Әлихан Бөкейханов пен Мұхамеджан Тынышбаевтың жанында жүріп, Алашорданың құрылуына көмектескен, Жетісу босқындарына көмек ұйымдастыруда белсенділік танытқан Шкапский кейін қызылдардың қырына ілініп, үштіктің үкімімен оққа ұшқан. Осындай ерлердің есімін көшелерге, мектептерге, шегара бекеттеріне берудің өскелең ұрпақ тәрбиесіне әсер ететінін мәселе ретінде көтерген тарихшының ұсынысы шынында өзекті.
Одан кейін алаштанушы, тарих ғылымының магистрі Абай Мырзағали «Жетісулық ағартушылар мен педагогтардың тағдыр-талайы» деген тақырыпта баяндама жасап, қырғынға ұшыраған қазақтың әрбірін анықтау үшін тынбай еңбектеніп, кеңестік кезең ақиқатын аша түсу керектігін алға тартса, алаштанушы, жас ғалым Елдос Тоқтарбай «Жетісулық Алаш қайраткерлері: өмірі, қызметі мен қайраткерлігі» деген тақырыпты таныстырып, 9 грамм қорғасынды серік етіп кеткен жандардың есімін ұлықтаудың аса қажет екендігін ұғындырды. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Күлімкөз Сантаева «Жетісудағы ашаршылық қасіреті» деген тақырыпта баяндама жасап, аштықтың зардабын тартқан жергілікті халықтың көрген қорлығы мен азабын сипаттады. Тігерге тұяқ қалдырмай малын тартып алған қызыл террордың қазақ халқын қалай қырғанын, қақаған қыстың кезінде кейбір ауылдан есепке алатын тірі жан қалмағанын айтқан тарихшының пікірінше, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары Кеңес Одағының сұрықсыз саясатын әшкерелей түседі. Сондықтан кейбір деректерге жаңаша көзқараспен қарау керек. Әйтпесе, кеңес кезінде есімі ұлықталған әскерилердің шындығында халықты қырған жауыз екендігі бүгін белгілі болып отыр.
Алқалы жиынды қорытындылаған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев республикалық конференцияға шақырылған ғалымдарға құрмет ретінде Алғыс хат табыстап, құрмет көрсетті.
Мәди АЛЖАНБАЙ




