Алматы облысы әкімінің тапсырмасы бойынша өңірлерде ауылдық округ әкімдіктерінің жұмысына мониторинг жүргізілуде. Соған орай, біз Шеңгелді ауылына барып қайттық.
Бізді ауылға кірер тұстағы тасжол бойында пияз сататын жергілікті кәсіпкерлер қарсы алды. Олардың айтуынша, егістікті суаруға арналған су тарифі мамыр айынан бастап бір текше метрі 8 теңгеден 13 теңгеге дейін көтерілген. Сол себепті егістік иелеріне түсетін пайда айтарлықтай төмендеген. Сонымен бірге шағын кәсіпорын иелерімен субсидия алу бойынша түсіндіру жұмыстарының жүргізілмегені белгілі болды. Субсидия алу тәртібін білмегендіктің салдары пияз өсірушілердің азаюына, жалпы, аудан бойынша ауыл шаруашылығының баяу дамуына кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді. Су беру өткен жылдармен салыстырғанда біраз жақсарғаны мәлім болды.
Одан әрі ауылдың тура кіреберісінде Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдық мерейтойына арналған тақтайша көзге түсті. Бір жағы жыртылып, жұлым-жұлымы шыққан билбордқа қарап өзіміз қарадай қысылдық. «Ұлтымыздың ұлы тұлғасы» деп бүкіл ел-жұрт бас иген Дінмұхамед Ахметұлына Шеңгелді ауылдық округі атқамінерлерінің көрсеткен құрметі сонда осы ма?! Бірегей тұлға бейнесін жұлым-жұлым етіп қою тіпті қорлау ғой! Біз мұндай сорақылыққа жол берген адамдарға қатысты шара қолданылса дейміз.
Бұған қоса, ауылдың басты көшелеріндегі, атап айтқанда, мектеп пен Мәдениет үйі алдындағы жарықтандырудың дұрыс берілмейтінін көрдік. Шеңгелді ауылдық округінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша маманы Жомарт Айымбетов бізге ауылдардағы жарықтың жиі сөнуіне көбіне дамылсыз соғатын жел екпінінің кері әсерін тигізетінін жеткізді. Сондай-ақ, мектеп стадионында жайылып жүрген мал назарымызға ілікті. Ал балалар ойнайтын алаңда малдың қараусыз жүруі қауіпті екені айтпаса да түсінікті.
Шеңгелді ауылдық округінің әкімі Мақсат Жазиев мектеп стадионында жануарлардың жөн-жосықсыз жүруіне болмайтыны туралы мал иелерімен бірнеше рет әңгіме жүргізіліп, ескерту жасалғанын және оның еш нәтиже бермей отырғанын тілге тиек етті.
Туристік саланы дамыту, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны жөніндегі сауалымызға да ауыл әкімінен көңілге қонымды жауап ала алмадық. Жергілікті билік жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында дәнекер болуға ұмтылмайтынын байқатты.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





