Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталды.
Жолдауда мемлекеттік басқару моделі, жаңа жағдайдағы экономикалық даму, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, қолжетімді әрі сапалы білім, денсаулық сақтау жүйесі, азаматтардың мүддесін қорғау, цифрландыру, азаматтарды мемлекетті басқару ісіне тарту, ұлттың жаңа болмысы бағыттары қамтылды. Сондай-ақ, Президент: «2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалар. Сондықтан, 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы қызметкерлер жалақысын жыл сайын орта есеппен 20% өсіретін болады», – деді.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет күретамыры, түп қазығы – кітапхана саласына деген қамқорлығы мен ықыласы көңілімізге – медеу, жанымызға – жалау болды. Кітапхана мамандарының жалақысын 2025 жылға дейін жыл сайын көтеріліп тұруына баса назар аударып, тапсырма беруі – елімізде ешбір маманның еңбегінің ескерусіз қалмайтындығының тағы бір дәлелі.
Бүгінгі күні кітапхана маманы тек қана оқырман сұранысын қанағаттандырумен шектелмейді. Саналы ұрпақ тәрбиелеп, әрбір оқырманның бойына ізгілік, мейірім шуағын төгетін шырақшы. Оқырманның білім жолына жарығын тарататын, бағыт-бағдар беріп, жол көрсететін білім мен парасаттың темірқазығы, заманауи технологияларды меңгеріп, инновациялық жобаларды іске асыратын, еліміздің рухани қазынасын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған алтын көпір.
Мемлекет басшысы кітапханашылардың тынымсыз еңбегін, сауатты қоғам қалыптастыру жолындағы жанкештілігін түсініп, лайықты баға беруі – кітапхана саласы мамандары үшін үлкен қолдау! Біз өз кезегімізде Президентімізбен бірге сауатты, саламатты Қазақстанды қалыптастыруда аянбай еңбек ететін боламыз!
М. ҚУАНДЫҚ,
С. Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапхананың баспасөз
хатшысы




