Өңі сарғайған құжаттардағы мәліметтерге орай Қазақстанда 90867 адам, Қырғызстанда 30634, Өзбекстанда 10164 адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Елімізде мемлекеттік зорлық-зомбылықтың, саяси қуғын-сүргін құрбандарының орасан көп болуына биліктің Қазрайком бірінші хатшысы Ф. Голощекиннің аса қанқұйлы «Қазақстандағы кіші қазан төңкерісін жасау» бағдарламасын саяси эксперимент ретінде жүзеге асыруы себеп болды. Одан бөлек, азамат соғысының кесірінен орын алған шаруашылық тоқырауы мен жұттың кесірінен Қазақстандағы халық саны 30 пайызға азайған.
Иосиф Сталин 1929 жылы 29 желтоқсанда өткен аграршылар конференциясында ұжымдастыру науқанына кедергі келтіретін бай-кулактарды тап жауы ретінде жоюды алға қояды. Соған орай 1930 жылы 15 қаңтарда Орталық комитет құрған арнайы комиссияны В. Молотов басқарып, Қазақстандағы «үштік» құрамына Ж. Құрамысов (төраға), А. Альшанский, А. Асылбеков сынды белсенділерді қосады. КСРО Әділет халық комиссариаты төрағасы Николай Янсонның 1930 жылы 3 қаңтардағы нұсқауымен «кулактардың контрреволюцияшыл белсенді тобын» тез арада қамауға алып, «қастандық актілерін ұйымдастырушы» ретінде ату жазасына кесу қатаң тапсырылды. Арада жиырма күн өткен соң 20 ауданнан шаруашылығы тәркіленген 20 мың бай мен кулак теміржолдан шалғай аудандарға қоныстандырылды. Олардың орнына жер аударылған 30 мың кулактың отбасын орналастыру көзделді. Науқанды жүзеге асыру ОГПУ органдарына жүктелді.
Қазақ АКСР Халықтық комиссариатының «Тәркілеуге ұшырағандарды жер аударатын аудандарды анықтау туралы» қаулысы бойынша Жетісу және Сырдария округтерінен тәркілеуге ұшырағандар Оралға, оралдықтар Жетісуға, Гурьевтен шыққандар Петропавлға, қарқаралылықтар Қостанайға, Семейде тәркіленген жұрт Сырдарияға, павлодарлықтар Ақтөбеге, Қызылорда жұртшылығы Адай округіне, ақмолалықтар Гурьевке, Ақтөбеден шыққандар Қарқаралыға, қостанайлықтар Семейге жер аударылды. Сөйтіп, 22 мың адам қамауға алынып, 1930 жылы 1 шілдеде 4 мың адам жер аударылған. Қазақстанда 54 мың 625 шаруашылық тәркіленіп, 1931 жылы елден тыс жерлерге 5500 кулак жер аударылды.
1928 жылдың ортасынан бастап ұлт зиялыларына, Алаш қозғалысының қайраткерлеріне, халықтың сүт бетіне шығар қаймақтарына, біртуар тұлғаларға «буржуазияшыл-ұлтшыл», «басқаша ойлайтындар», «кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді» деген айыптар тағылып, түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, жер аударылды, қуғын-сүргінге ұшырады.
1930-1933 жылдары голощекиндік саясат жергілікті халыққа ет, астық, тері, жүн, мүйіз сынды салықтың 16 түрін салып, жартылай көшпелі елді күшпен отырықшыландыру науқанын бастады. Салық жоспарын орындамағандар саяси қуғын-сүргінге ұшырап, екі жылдың ішінде, яғни, 1928 жылдың қаңтарынан 1929 жылдың 15 желтоқсанына дейін 52 300 адам сотталды. Жұмысқа кешіккені, жұмыстан рұқсатсыз кеткені, астықтың бірнеше сабағын әкеткені және басқа да болмашы ағаттығы үшін 1932 жылдың тамызынан бастап, бір жыл ішінде 33 345 адам соттың алдын көрді. Алғаш рет Қарағандыда, Шығыс Қазақстан облысындағы Үржарда, Солтүстік Қазақстан облысындағы Пресновта ашық сот процестері жүргізілді. 1930 жылы Ақмола облысында 3360 адам қуғын көрсе, бұл көрсеткіш 1940 жылы 160 мың адамға жеткен.
Қуғын-сүргін жүргізудің құқықтық базасы жасалып, 1926 жылы РКФСР Қылмыстық кодексіндегі 17 контрреволюциялық қылмыстың 12 түріне өлім жазасы қарастырылды. 1932, 1934, 1936, 1937 жылдары «Социалистік меншікті нығайту», «Отанды сату», «Террористік актілер», «Зиянкестік пен диверсия туралы» заңдар шықты. Соған байланысты ұжымшар егістігінен масақ жинаған 12 жастан асқан бала 10 жылға сотталды. Одан бөлек, ерекше жиналыстың ықпалымен «Үштік», кейін «Екілік» деп аталған соттан тыс орган құрылды. Партия ұйымдарына жіберілген сақтық пен жауды тани алмауды жоюды талап еткен құпия хат бойынша Қазақстанда бір аптада 43 контрреволюция өкілдері табылып, жұмыстан шығарылған. 1937 жылы шілдеде республикалық, облыстық «Үштік» құрылды. Олардың төрағалығына ішкі істер халық комиссары, мүшелігіне партия комитетінің бірінші хатшысы мен прокурорлар енгізілді. «Үштіктер» ату, жер аудару, 8-10 жыл мерзімге лагерьге жіберу, түрмеге қамау сынды шешімдерді қабылдады. 1937 жылы Қазақ КП ОК хатшысы Л. Мирзоян И. Сталинге хат жазып, Қазақстанда қамауға алынған «ұлттық-фашистік ұйымдардың» 14 лауазым иесінің тізімін беріп, мекемелерде жұмыс істейтін 400-дей адам қамауға алынғандығын жеткізеді.
Бүгінгі күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіндегі ашық мәліметтерге қарасақ, «Үштіктердің» шешімімен 90 мың 867 адам жазаланғанын көреміз. Оның ішінде 25 мың адам атылса, қалғаны 25-10 жылдық мерзімге жер аударылған. Атап айтсақ, Алматы қаласынан 22 мың 597, Шығыс Қазақстаннан 12 мың 366, Қарағанды облысынан 7 мың 189, Ақтөбе облысынан 6 мың 153, Шымкент облысынан 6 мың 766, Солтүстік Қазақстаннан 5043, Батыс Қазақстаннан 5078, Ақмола облысынан 4350, Қостанай облысынан 4107, Алматы облысынан 3846, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар облыстарынан 3700-3600-ден, Атыраудан 1863, Маңғыстаудан 386 адам жазаланған.
Сырттан жазылған домалақ арыз нақты дəлелі болмаса да негізгі құжат ретінде қарастырылды. Жала жауып, халық алдында қаралау саясатын мерзімдік басылымдар ерекше қарқынмен жүргізіп, негізсіз мақалалар көбейді. Кеңестік идеологияның қолшоқпарына айналған газет-журналдар шешімдерді жарыса жариялап, кез келген сын-пікір қуғын-сүргінмен аяқталды. 1937 жылы 22 қыркүйекте «Казахстанская правда» газетінде К. Пуховтың «На поводу у буржуазных националистов» мақаласы репрессияның жаңа толқынын туғызып, Л. Мирзоян мен республика басшыларын «халық жауларын» қорғайды жəне бүркемелейді деп айыптады. Соған орай 1938 жылы ақпан айының соңынан 13 наурыз аралығында Қазақстанның барлық басшылары ең жоғары жаза – ату жазасына кесілді. Əскери Алқа арқылы Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасынан бастап, орынбасарлары, барлық облыстық жəне қалалық, аудандық партия комитеттерінің хатшылары, барлығы 650 адам атылды. Репрессияға ғалым, жазушы, ақын, мəдениет жəне өнер, білім қызметкерлері ілінді. Қамауға алынған, атылған «халық жауларының» əйелдері Алжир лагерінде 5-8 жылдық мерзімге қамалды. Балалар еңбекпен түзету лагерлері мен түрмелерге, балалар үйлеріне жіберілді.
Жеке адамның құқығы аяққа тапталып, балама пікір айтқан жан халық жауы ретінде жазаланған кезең жайында айту, тарихтың «ақтаңдақ беттерін» зерделеу, өшкенді жаңғырту ұрпақ бойына отаншылдық сезімін ұялатуға мүмкіндік береді.
Нұрлан Ердәулетұлы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі




