Бүгінгі кейіпкеріміз – Талдықорғандағы №18404 әскери бөлімінде келісімшартпен қызмет ететін кіші сержант Айгүл Ақылжанова. Төлқұжатқа әкесінің аты «Карышагимовна» деп жазылған. Дұрысы «Корчагин» болуы керек еді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан атасы Бажан Ақылжанов дүниеге келген ұлына майдандас серігінің фамилиясын қоюды ұйғарса керек. Алайда туу туралы куәлік беретін жердегі мамандар «Кәрішағым» деп жазып жіберіпті.
Әскери бөлімде табаны күректей 19 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан келіншектің отбасы, бала-шағасы бар. Үш баланың анасы әскерилер арасындағы спорттық жарыстардан жүлделі орын еншілеп жүрген жан. Көбіне әскерилердің құжаттарын реттестіріп, есептік қағаздарды түгендеумен айналысатын Айгүл Кәрішағымқызы нысана көздеуден, ұзақ қашықтыққа жүгіруден, суға жүзуден алдына жан салмайды. Соғыста барлаушы болған атасының тәрбиесін көріп, әскери өмірге қызыққан ол Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды батыр қыздардың ерлігін жасауды армандапты. Бейбіт өмірде жүріп, әскери бөлімнің жұмысына араласқан келіншек әзірше спорттық жарыстардан биік белесті бағындырып келеді.
– Жұмысымды жақсы көремін. Себебі, осынша жылдың ішінде әскери өмірдің суығына тоңып, ыстығына шыдап келемін. Басшыларымыз өте керемет жандар, – деген кіші сержант Айгүл Ақылжанова өзін жетелеген арман-мақсатты айтып берді. – Әскери бөлімде мен секілді қыз-келіншектер көп. Солардың бәрі нәзік жанды болса да әскери тәртіпке бағынып, атқарылған жауапкершілік жүгін мойымай көтеріп келеді. Турасын айтқанда, намысқа тырысып, жұмысымызды адал атқарып жүрміз. Шыны керек, менің спортқа деген құлшынысым әскери бөлімге келген соң ашылды. Ұзақ және қысқа қашықтыққа жүгіруді, нысана көздеуді, суға жүзуді үйреніп, осындай жетістіктерге жеттім. Десанттық шабуылдаушы әскерлер арасында өтетін үш сайыстан үздік шыққан соң, Қарулы Күштердің біріншілігіне қатысып, әскери бөлімнің намысын қорғап жүрмін. Сондықтан әскерге шақырылып жатқан жас жігіттердің азаматтық борышын адал атқаруға шақырамын. Себебі, қазіргідей кезеңде мемлекеттің шекарасын күзетіп, халықтың тыныштығын, бейбітшілігін қорғау алдыңғы орында тұрған мәселе.
Міне, ерлердің орнына Отан қорғау жолына түскен келіншектің көздеген биігі осы. Қазіргі Абай облысы, Үржар ауданы, Науалы ауылында дүниеге келген Айгүл Кәрішағымқызы мектепті бітірген соң әпкесінің шақыруымен Талдықорғанға келіпті. Әскери бөлімге келісім-шартпен жұмысқа тұрған соң сарқандық жігітпен танысып, отбасын құрады. Үш бала тәрбиелеп, өсіріп отыр.
Мәди Әсетұлы





