Биыл шөптің шығымы жақсы. Шаруалар қысқы мал азығын қамдауға кірісіп кетті. Ақсеңгір селолық округінде де шабындыққа шалғы түсті.
«Айтбай» шаруа қожалығы шөп дайындау науқанын ұйымшылдықпен атқаруда. Қожалық иесі Нұрлан Қанаев ауа райының қолайлы мерзімін тиімді пайдаланып, біраз жұмысты еңсеріп тастады. Меншігіндегі 5 «МТЗ-80» тракторымен 20 гектар жоңышқаны орғызуда. Ауылдың жігіттері аптап ыстыққа қарамастан еңбек көрігін қыздырған. Айдар Мұрсәлімов, Марат Бимұрзаев, Олег Осипов, Қайсар Тұтасбаев және басқа азаматтар трактор тізгіндеп, автокөлік жүргізіп, комбайн штурвалына отырып, жұптары жазылмай жылда жем-шөп дайындау жұмысын бірге атқарады.
– Ерте көктемде 30 гектарға жаздық арпа мен 10 гектарға мақсары еккен едім, көктем жауынды болғандықтан егін жақсы шықты. Алқапты арнайы су сорғысы арқылы суарамын. Қазір күнделікті жұмысқа екі шөп шапқыш пен 2 шөп тайлағыш, 5 трактор қажетімізге жарап тұр. Қолдағы малымызға деп 4000 түк шөп жинап алдық. Алдағы уақытта жаздық арпа мен мақсарыны жинап, мал азығының берік қорын жасайтын боламыз, – дейді Нұрлан.
Жамбыл ауданы
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Алматы облысы





