Облыстық мәслихаттың бір топ депутаттары Талғар және Қаскелең қалаларында болып, білім нысандарының күрделі жөндеуі бойынша мониторинг жүргізді. Жалпы аталған мониторингтік топ облысымыз бойынша құрылыс жұмысы жүріп жатқан білім және денсаулық саласы нысандарына бақылау жасауда. Осы уақытқа дейін 21 білім және 5 денсаулық сақтау саласының нысандарына мониторинг жүргізілді.
Биылғы оқу жылында Талғар ауданындағы 42 орта мектепте оқушылар білім алуда. Олардың ішінде 7 мектептің оқушылары үш ауысымда оқытылады. Осы олқылықты жою мақсатында Талғар қаласында 1200 орынды жаңа мектеп салынып, жыл аяғында пайдалануға беріледі деп болжануда.
Ал іргетасы 1978 жылы қаланып, пайдалануға берілген Абай атындағы №3 орта мектептің биыл күрделі жөндеу жұмысы басталды. Содан бергі 40 жылдан астам уақыт бойы бірде-бір күрделі жөндеу көрмеген мың орынды көне мектепте 1908 оқушы білім алуда. Құрылыс жұмыстарына байланысты бұл оқушылар осы күні Талғар қаласындағы Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ғимаратында оқытылуда.
Апта соңында облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев пен облыстық мәслихаттың депутаты Асқар Фазылұлы бастаған мониторингтік топ осыған байланысты құрылыс жұмыстарын аралады. Сапар барысында құрылыс жұмысын жүргізуді жауапкершілігіне алған мердігер компания «ГуннСтройСервис» ЖШС-нің өкілі атқарылған жұмыстар жайымен таныстырды.
Мектеп құрылысының жұмысына 1 млрд. 168 млн. 984 мың теңге қаржы қаралған болса, бүгінде соның 200 млн. теңгесінің игерілгендігі баяндалды. Тамыздан басталып, наурыз айында аяқталуға тиіс мектептің бүгінгі күні шатыр, еден, терезе, есіктері, электр жүйесі, спорт алаңдары, сылақ сынды жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар, ағаш конструкциялар, кәріз, су жүйесі жасалуда. Құрылыс алаңында 62 адам еңбек етуде.
Аталған мектептің құрылысын көрген мониторингтік топ жетекшісі Жанболат Жөргенбаев мердігер компанияға құрылысшылар санының аздығын, шатырдың жобаға сай еместігін айтып, құрылыс жұмыстарының сылбыр жүргізіліп жатқандығын сынға алды. Енді бірер айдан соң күн суытатындығын ескерсек, абаттандыру жұмыстарын да жылдамдатуды, жұмыстың сапалы болуын қадап тапсырды.
– Біздің мектебімізде даярлық тобына 55 бүлдіршін, бірінші сыныпқа 178 бала қабылданды. Жалпы 66 сынып комплектісі бар. Мектепке құрылыс жұмысы басталғалы бері оқушылар Қонаев колледжінің ғимаратында оқып жатыр. Мектеп оқушыларының жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Емелев көшесі жөндеуден өтіп, тротуар жасалған. Сондай-ақ, жол белгілері орнатылып, жүргінші жолақтары жаңартылды, – дейді №3 орта мектеп директорының міндетін атқарушы Құралай Кенжетайқызы.
Ұлбосын ИСАБЕК




