Әр адамның бала шақтан көкейіне ұя салған арманы болады. Өсіп, қанатың қатая келе ол арман мақсатқа айналады. Арман қол жетпес асудай болып көрінгенімен адамды жігерлендіріп, қайраттандырып, алға ұмтылдыратын ерекше бір күш. Армандап, алға мақсат қоя білу, ол – болашаққа деген жарқын жолдың баспалдағы.
Сол себепті бұл дүниеде армандамайтын адам жоқ шығар, сірә? Әр пенде армандайды, оған жету үшін түрлі әрекеттер жасайды, талпынады. Сол адамдардың қатарында мен де бармын. Менің арманым – ұлағатты ұстаз болу. Төл тіліміз – қазақ тілі мен асылымыз болып саналатын әдебиетімізді тереңдетіп меңгеріп, біліміне білігі сай, ісімен үлгілі, қарапайымдылығымен құрметті, жаңашыл ұстаз болсам екен деп армандаймын.
Мен мұғалім болу жауапкершілігі мен міндеті мол мамандық екенін жақсы түсінемін. Себебі, бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, ар-ұят, әдептілік, ұлттық құндылықтарымызды сіңіруші – мұғалім. Олардың басты міндеті – тарыдай болып келіп мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерден ойы жетіліп толысқан, терең біліммен сусындаған, жақсы мен жаманды ажырата білетін шәкірттер тәрбиелеу.
Болашақта мен өз ісіне берілген, жаңалық пен жаңашылдықты жатсынбай қабылдайтын, шәкірттердің жанына нұр құйып, білім беретін білікті ұстаз болсам деймін. Сол мақсатқа қол жеткізу үшін ізденіс пен талпыныс үстінде жүрмін.
Ұстаз өз өмірін балдырғандардың игілігіне арнайтын жан деп білемін. Ол да диқан сияқты, әр адамның бойына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанатын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, өмір сүруге тәрбиелейді.
Ұлағатты ұстаз, білікті маман болу үшін тек жоғары білім ғана емес, жан-жақты талпыныс пен еңбектенуге деген құлшыныс, білуге деген құштарлық, ізденімпаздық, бүлдіршіндерге деген сүйіспеншілік, өз-өзіңе деген сенімділік керек екені анық. Осы қасиеттерге ие болу үшін адам оқудан, білім алудан еш жалықпау керек. Ұстаз шәкірттерін білімімен, басқа да ізгі істерімен, тұлғалық қасиетімен сүйсіндіре білуі қажет. Себебі, ол арқылы болашақ ұрпақты ұлы жеңістер мен үлкен жетістіктерге бағыттайды. Өмірдің биік белестерін бағындыруға жол бастайды.
Ұстаз – өмір шырағын жағып, басқаларға мейірім мен жылу сыйлайтын жан. Мен де болашақта жан-жағыма жылулық нұрын шашып, бүлдіршіндерді білім нәрімен сусындатсам деймін. Бүгінгі таңда алдыма қойған айқын мақсатым – біліміне білігі сай, беделді ұстаз болу. Сол арманыма жетсем екен…
Арнагүл Салық,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік
университетінің студенті





