Күлмария Кәрімжанқызы жайлы бір үзік сыр
Халқымызда: «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» дейтін тәмсіл бар. Осы бір қанатты қағида күні кеше жасөспірімдерді оқытып, тәрбиелеудегі көп жылғы жемісті еңбегі жоғары бағаланып, тәжірибесі толысқан ұстаз ретінде танылған, бүгінде шалғай ауылда кәсіпкерлікпен шұғылданып, іскерлік қабілетін ұштап, еселі еңбегінің мәуелі жемісін еселеп, ауыл-аймақтың ілтипат-құрметіне бөленіп отырған Күлмария Кәрімжанқызының берекелі тыныс-тіршілігіне орайластыра айтылған сияқты көрінеді. Олай дейтін себебіміз, адал еңбегімен ел құрметіне бөленіп, жетпістің жотасына нық қадам басқан жаны жайсаң Күлмарияның өмір жолы мен қол жеткізген жетістіктері «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегенге толық лайықты десек, ешбір артықшылығы бола қоймас, сірә.
Жасынан елгезектігімен ерекшеленген Күлмария Кәрімжанқызы балғын балалық шағын Жамбыл облысына қарасты Көктерек ауданында өткізеді. Сұрапыл соғыстың тапшылығы мен ауыртпалығын бастан кешірген әке-шешесі «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деп, суы мол Іле арнасының Балқаш көліне құяр сағасындағы іргелі елді мекен – Құйған ауылына қоныс аударады. Осында есейген Күлмария ауыл орталығындағы Н. Бозжанов атындағы орта мектептің бірінші сыныбына барып, 1967 жылы осы білім ұясын күміс медальмен бітіреді.
Өмірге құштар әрі сана-сезімі сергек талапшыл өрен қолына кәмелеттік аттестат алған бойда Жиделі орта мектебіне пионер жетекшісі болып жұмысқа орналасады. Еңбек ете жүріп білімін одан әрі жетілдіріп, кәсіби мамандық игеруді армандаған жас талант Қарағанды мемлекеттік университетінің математика факультетіне емтихан сынақтарынан мүдірмей өтіп, сырттай оқитын білімгерлер құрамына қабылданады.
Жоғары білім ордасының табалдырығын нық қадаммен аттаған Күлмария орта мектепте оқушыларға математика пәнінен дәріс бере бастайды. Өкінішке қарай, университеттің 5-курсында оқып жүрген кезінде отбасылық, тұрмыстық жағдайға байланысты оқудан қол үзуге тура келеді. Алайда, Күлмария Кәрімжанқызы өмірдің барлық ауыртпалығына төзімділік танытып, үлкен сеніммен алға қарай ұмтылады, Әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтарды жеңе жүріп жоғары білім алып, мамандықты меңгереді.
Жастайынан бала жанын әлдилеп өскен Күлмария Кәрімжанқызы жоғары сынып шәкірттерінен гөрі өзіне бастауыш сынып бүлдіршіндерінің жаны жақын екенін жете сезініп, 1970 жылдан бастап бастауыш сынып шәкірттеріне ұстаздық етуді жүрек қалауымен таңдап, осы салаға біржола ауысады.
Алғаш мектеп есігін ашып, партаға отырған бастауыш сынып балғындарын әріптануға үйретіп, білім негізін бойларына дарытып, дүниетанымын дамытуға күш салды. Бастапқы тәрбиенің негізін қалыптастырудың қиыншылығы мен қызығы қатар жүретіндігін жете түсінген Күлмария өзі таңдаған мамандықтың қыр-сырларына тереңірек үңілуге алғашқы күннен бастап ынтықтық танытады. Білім беру кеңістігінде ұстаздық етудің тәжірибесін енді-енді жинақтай бастаған жас мұғалімге әр үйдің еркелері мен тентектерін бір мақсатқа ұмтылдырып, тартымды әңгімесімен қызықтырып, оқуға деген ынталарын арттыру тәсілін бірден игеріп кету де оңайлыққа түспейді. Тәжірибелі де білікті кәсіби ұстаздарға арқа сүйейді. Өзі де ізденіспен еңбектеніп, оқу құралдарындағы жаңашыл бастамаларды зейінділікпен талдап, бала жанын барлаудың ұтымды әдістері мен тәсілдерін үйренуге ықыластана ден қояды. Оқытудың жаңалықтарын зерделеп, жақсы үлгілерін күнделікті сабақ беру, тақырыптарды түсіндіріп-талқылау кездерінде кеңінен қолданады. Өзі ұстаздық еткен жылдары өнегелі істерімен, бастамашылдығымен, жаңашылдыққа ұмтылысымен, айшықты еңбегімен таныла білген ұстаз Күлмария Кәрімжанқызы Абирова жайлы ел ауызынан ілтипатты лебіздер жиі естіле бастайды.
Өзінің сүйікті ісін беріле атқарып, шәкірттердің жанына шуақты нұр құя білетін ұстаз ата-аналармен тіл табыса жұмыс істеді. Олармен бала тәрбиесі тұрғысында пікірлесіп, ақылдарын тыңдап отырудың игілікке бастайтындығына, көпшілікпен бірлесіп жұмыс істеудің тиімділігіне көз жеткізіп, білімі мен біліктілігін ұдайы жетілдіруден жалықпайды. Оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырудың оңтайлы тұстарын назардан қалт жібермей, тәжірибесін толықтыру тәсілдерін жан-жақты ойластырады. Шәкірттерін сөз, сөйлем құрауға, түсіндірілген тақырыпты есте сақтай білуге дағдыландырады.
Мұның бәрі ұстаздың беделін биіктете түседі. Мәртебесін де өсіреді. Оған нақты дәлелдер де жеткілікті. Атап айтқанда, Күлмария Кәрімжанқызының жас ұрпаққа берген сапалы білімі, тағылымды тәрбиесі жоғары орындар тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Білікті мұғалімнің тағылымды іс-тәжірибесі мектептердің педагогикалық ұжымдарында және ұстаздардың Балқаш аудандық тамыз кеңесі конференциясында мұғалімдер қауымына таратылып, талқыланып, оны басшылыққа алып, іс жүзінде қолдануға нұсқаулар берілді. Көзі қарақты ұстаздардың талқысынан мүдірмей өтіп, іс-тәжірибесі жоғары бағаланған Күлмария Кәрімжанқызы «Үздік жыл мұғалімі» атанып, оған Балқаш аудандық білім бөлімінің дипломы табысталынады. Облыстық, республикалық деңгейде өткен шараларда белсенділік танытқаны үшін облыстық оқу бөлімінің Құрмет грамотасымен бірнеше мәрте марапатталады. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі жемісті еңбегі үшін Білім министрлігінің Крупская атындағы сыйлығына ие болады. Бұдан басқа мектеп әкімшілігінен, кәсіподақ ұйымынан алған марапаттары мен Алғыс хаттары да жеткілікті.
Міне, ұстаздық еңбек жолы осындай үлгілі де өнегелі тағылымдарға толы Күлмария Керімжанқызы мектеп ұжымымен қимастықпен қоштасып, зейнеткерлік еңбек демалысына шығады. Әйтсе де қол қусырып қарап отыруды өзіне лайық көрмей, 1995 жылдан бастап кішігірім кәсіпкерлікпен шұғылданып, іскерлік қабілет-қарымын сынап көруге бел буып, жаңа салаға батыл бетбұрыс жасаған еді. Ондағы негізгі ойы – бүгінгі нарықтық заманның талабына сай кәсіпкерлікпен шұғылданып, тұрмыстық қызмет көрсету саласы бойынша халыққа адал қызмет ету еді.
Мұғалімдіктен кейін кәсіпкерлікпен шұғылдануға батыл бетбұрыс жасауының тағы бір өзіндік себеп-салдары бар. Той-томалақтарын, ас-су беру рәсімдерін үйлерінің қасындағы тар аулада өткізу үшін ауыл тұрғындарының көп әуре-сарсаңға түсіп, әбігерленетінін жиі көретін-ді. Осы бір қиындық пен қолайсыздықтан шығудың жолын қарастырған Күлмария құдай қосқан қосағы Қараменде Жолдасұлымен екеуі өзара келісіп, бұрынғы өндірістік тауарлар сататын дүкенді қайта жабдықтап, оны тойханаға айналдыруды қолға алады. Көңіліндегі шаруа көп кешікпей ойдағыдай шешімін табады. Бір мезгілде 250-300 адам еркін жайғасатын тойхана толықтай жабдықталып, қолданысқа берілді.
Бұрын ауылдың көп адам қатысатын қуанышты жиындарын өткізу үшін орындықтар мен үстелдерді, ас мәзірлеріне қажетті түрлі ыдыс- аяқтарды үй-үйден жинастырмай, бәрін тойханадан табатындықтарына ауыл тұрғындары қатты қуанды. Той-томалақ өткізушілер де жиіледі. Бәрі де тұрмыстық қолайлы жағдай туғызған кәсіпкерге ризалықтарын білдіріп, алғыстарын жаңбырша жаудыра бастады.
Қазіргі кезде Күлмария Кәрімжанқызы аудан көлеміне танымал іскер кәсіпкерлердің бірінен саналады. Жиделі ауылының орталығындағы тұрғындарға қызмет көрсетіп, сұраныстарын толық өтеп отырған «Махамбет» атты азық-түлік дүкені мен осындағы тойхананың жұмысын ұтымды ұйымдастырып отырған еңбекқор ана жан серігі Қараменде Жолдасұлының бастамасымен «Дуан» шаруа қожалығын құрып, кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатымен шаруашылықтан жайылымдық жер алып, мал өсіруге бекінеді. Іле өзенінің бойында тың жатқан алқапты егістікке айналдырып, көкөніс дақылдарын егіп, кәсіптерінің іргесін кеңейте түскені де берекені беріктендіруге үлкен септігін тигізуде. Отбасы мүшелері бірлесіп Жиделі ауылының орталығынан азық-түлік дүкенін, мейрамхана мен жанар-жағармай құю стансысын ашып, тұтынушылардың сұраныстары мен талап-тілектеріне сай қызмет көрсете бастады. Олардың көптеген ауылдастарына жұмыс тауып беріп отырғанына жұртшылықтың шынайы ризалықтарын білдірісіп жатуының өзі де кәсіпкерлердің мерейін өсірді.
Бүгінде Күлмария Керімжанқызы Қазақстан Республикасының Іскер әйелдер қауымдастығына мүше болып қабылданса, жан серігі Қараменде Жолдасұлы «Балқаш ауданының Құрметі азаматы» атанды.
Ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің мәдениетті қызмет көрсетудің үлгісін көрсетіп отырғандықтарына барша қауым ризашылық ниеттерін білдіріп, олардың халыққа қалтқысыз қызметін мақтан тұтады. Көпшіліктің мұндай ықылас-ниеті кәсіпкерлерді одан әрі жігерлендіре түсетін болса, екінші жағынан, бұдан да жоғары көрсеткіштерге жетулеріне құлшындырады.
Еңбекке деген ынтасы өзгеше Күлмарияның әрбір ісі көпке үлгі-өнеге іспетті көрінеді. Қазақи үрдіске лайық салт-дәстүрді ұстанудағы қарапайымдығы, ұқыптылығы мен қонақжайлығы өз алдына бөлек әңгіме. Мәнді де мәнерлі сөздерін тыңдауға да құмартасың. Айналасындағыларға кез келген сәтте көмек қолын созып, қамқорлық жасауға да дайын тұратындығы Күлмария Кәрімжанқызының бойындағы асыл қасиеті десе де болады.
Қайназар бабадан тарайтын Дәулетбай атаның тұяғы Терлікбайдың Әбүйір есімді әулетіне келін болып түскен Күлмария Кәрімжанқызының ақ босағаны оң аяғымен аттаған күннен бастап үлкенге ізеттілікпен сәлем салып, кішіге құрметпен қарап, әдептілігімен, инабаттылығымен беделін арттыра түскені де ағайын-туыстарға жақсы мәлім.
Отбасында аяулы жар, қамқор ана, мектепте ұлағатты ұстаз, өндірісте іскер кәсіпкер ретінде ел-жұртына танылған Күлмария Кәрімжанқызы Жиделі ауылындағы мәдени-көпшілік шаралардың да белсенді ұйымдастырушыларының бірі. Қоғамдық жұмыстың қай саласына болса да белсене араласып, көпбалалы аналар мен тұрмыстық жағдайлары төмен отбасыларына ұдайы қолғабыс көрсетіп жүретіндігіне ел-жұртының ризашылық ниеттерін білдіріп жататынын жиі естисіз.
Тағдырын тоғыстырған жан серігі, отағасы Қараменде Жолдасұлымен шаңырақ көтеріп, бақытты да берекелі ғұмыр кешкендеріне де жарты ғасыр болыпты. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп, әлпештеп өсіріп, өмір жолын адастырмай табуына игі ықпал еткен үрім-бұтақтары да өркен жайып өсіп келеді. Бақуатты өмір сүріп, дастарқандарын берекелендіріп, дарқан көңілді адамдармен дәмдес, тілектес, ниеттес бола білген жаны жайсаң жандардың бақытты шаңырағының шырайлы ұйытқысы да осылар.
Ынтымағы жарасқан қос жұбай бүгінде қызғалдақтай қызын тәрбиелеп, төрт ұлын ержеткізіп, олардан 13 немере-шөбере сүйіп отырған ардақты да аяулы ата-әже.
Әли ЫСҚАБАЙ,
Алматы облысының
Құрметті азаматы,
Қазақ журналистикасының
қайраткері





