Қазіргі таңда білім ордаларының басым көпшілігі қашықтан білім беруде. Бұл ұстаздар қауымына екі есе жауапкершілік жүктейтіні белгілі.
Білім сапасын ақсатпай қашықтан білім беру оңай іс емес. Осы орайда мұғалімдердің оқушылардың оқу бағдарламасын толық меңгеріп, сапалы білім алуына бар күш-жігерін салып жатқанын айтқым келеді. Онлайн болса да балаларды шығармашылыққа, ізденімпаздыққа баулып, биікке жетелеп, қанаттандыруға мейлінше көңіл бөлуде. Соның бір дәлелі – Қапал ауылындағы Ғали Орманов атындағы орта мектепте өткен «Жаратылыстану» пәндерінің онкүндігі.
Онкүндік – мектеп ұстаздарының бірлесіп атқарған нәтижелі әрі сәтті жұмысының бірі. Оқушының табиғат пен тіршілік туралы білімдерін жан-жақты талдауға, бағалауға мүмкіндік беретін шара «Үздік натуралистер олимпиадасының» өтуімен қызықты болды. Бұл дода орыс, ағылшын, қазақ тіліндегі тапсырмалар орындау, математикалық сөзжұмбақ шешу, қазақтың ұлттық ою-өрнегін қиюластырып ою, тарихи сұрақтарға жауап іздеу, географиялық квест, химиялық жұмбақтар шешу сияқты тапсырмалармен, пәнаралық байланыспен дараланды. Сонымен қатар, оқушылардың зеректігі психологиялық тест тапсырмалары мен тотықұс челленджі бойынша анықталып, психологиялық даралық ерекшеліктері байқалды. Оқушылардың бірлескен ұжымдық ойыны, ізденушілік қабілеті, жылдамдық көрсету, шығармашылық белсенділіктері, сыйластық пен өзара түсіністік орта орната алулары, тапсырмалардың әртүрлілігі білімдерін шыңдауға мүмкіндік берді.
Олимпиада нәтижесінде ІІІ дәрежелі дипломды 9 «А» сыныбы (жетекшісі М. Джаксыбаева), ІІ дәрежелі дипломды 8 «А» сыныбы (жетекшісі Е. Нұртай), І дәрежелі дипломды 9 «Ә» сыныбы, (жетекшісі А. Усамбеков) иеленді.
Осы доданы ұйымдастырып, балаларымыздың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік берген география пәнінің мұғалімі Ш. Елтаева, химия пәнінің мұғалімі К. Болатова, биология пәнінің мұғалімі А. Адильбекова, математика пәнінің мұғалімі А. Құрман, тарих пәнінің мұғалімі Д. Сыдықов, технология пәнінің мұғалімі Л. Дәлелхан, орыс тілі пәнінің мұғалімі Т. Сансызбакова, педагог-психолог Ш. Салманова, бастауыш сынып мұғалімі Р. Ахашоваға үлкен ризашылығымды білдіремін. Ұстаздар көшін бастап келе жатқан мектеп директоры А. Касымоваға ерекше алғыс айтамын. Еңбектеріңіз жемісті болып, шәкірттеріңіз тек биіктерден көріне берсін!
С. Есімбеков
Ақсу ауданы




