Кеген ауданында Шырғанақ ауылдық округі бар. Қыс мезгілі басталғаннан-ақ жұрт біткеннің сонда барып көңіл көтеріп, бір уақ демалып қайтатын орны. Ол жерастынан арнайы шығарылған құбырдан атқылап тұрған су арқылы пайда болатын шағын мұзтау.
Шын мәнінде, демалыс күндері мұнда келушілер жетіп-артылады. Зеңгір көкке атқылаған судың әсерінен пайда болған мұзтау ғаламат көрініске ие болып тұрады. Көпшілік ұшар басы шағын шыңдай мұзтауға балаларын апарып, демалдырып қайтады. Мұнда күндіз де, түнде де келуші көп. Бірнеше дүркін шаңғышылардың аудандық жарысы осында өткізілді. Жаз маусымында ауылдың жігіттері осы жерде дүбірлетіп көкпар тартып жатады.
Шырғанақ ауылында тұратын жергілікті байырғы тұрғындардан атқақтап тұрған бұл су жайлы сұрастырып көрдік. Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Ермек Құрманғалиев Кеңес одағы тұсында бұл судың осы өңірдегі алқаптарды суармалы егіске айналдыру мақсатында шығарылғанын тілге тиек етті. Алғашында бір жағына қарай ағып жатқан суды ауылдың жігіттері аспанға қарай атқақтатып қойсақ, мұз пайда болады екен деп жап-жақсы ағынды суды аспанға қаратып қойыпты. Арнайы техниканың күшімен жерастынан шығарылған су содан бері аспанға қарай атқылап тұр. Енді бір адамдар бұл судың тарихын өзгеше айтады. Осынау өңірдің астында мұнай бар екен. Жерасты суы азайсын, мұнай қоры көбейсін деген ниетте бұл су 200 метр тереңдіктен шығарылған екен. Қалай десек те, қыс мезгілінде шағын мұзтауға айналып, көпшіліктің жиі ат басын бұратын қымбатты орындарының бірі болып кетті. Шырғанақ ауылының түлектері оның жанынан адамдар отыратын арнайы орын жасап қойды. Бәрекелді! Жанына барсаң ұшар басынан атқақтаған су көрінетін, айналасы мұзбен көмкеріліп, кеңейе түскен мұзтауды көрген де, көрмеген де арманда.
Қанат БІРЖАНСАЛ




