Менің пайымымша, өзінің туған жер, өскен өлкесінің тауы мен даласын, өзені мен көлін, данасы мен дарасын жүрегімен сезінген адам ғана туған елінің жарқын келешегі үшін адалдықпен еңбек етеді. Осы тұрғыдан келгенде «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Күмісбек Ербаевты өскен елінің үмітін үкілеп жүрген азаматтардың қатарына жатқызуға болады.
Ол осы ауданның Құйған ауылында дүниеге келді. Бала күнінен туған ауылының қыры мен сырын, өткені мен бүгінгі жағдайын санасына тоқып өсті. Отбасындағы тәрбиесі мен ұстаздардан қабылдаған өнегесі оның ел мен жерге деген азаматтық көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. 1998 жылы ауылдағы Н. Бозжанов атындағы орта мектепті бітірген соң бірден аудандық «Балқаш өңірі» газетіне тілші болып еңбек жолын бастады. Аталған газетте жұмыс істей жүріп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің сырттай бөліміне түсіп, аталмыш оқу орнын журналист мамандығы бойынша үздік бітіріп шықты.
Содан бергі жиырма жылда аудандық газетте тілші, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, директор-бас редактор сияқты газет журналисі басып өтуге тиісті барлық басқыштардан өтті. Ол газеттің тірлігіне араласа жүріп ел өмірін, өңірдің қиындығы мен өркендеп-өсу кезеңдерінің бәрін бастан өткерді. Білімімен қатар біліктілігі де өсті. Осындай өмір тәжірибесі оның Балқаш өңірінің бары мен бағын бағалай білетін азамат болып қалыптасуына шынайы ықпал етті. Зайыбы Әсиямен шаңырақ көтеріп, отбасында 4 бала тәрбиелеп отыр.
Міне, сол әріптесіміз қырық деген кемел жасқа келіп отыр. Халқымызда: «Отызында орда бұзбаған қырқында қыр аспайды» деуші еді. Өмірінің қырық жылын туған жерін түлетуге арнаған Күмісбек Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 2017 жылдан бастап Балқаш аудандық мәслихатының депутаты сияқты жауапты жұмыс атқарып, ел тілегін билікке жеткізіп, өңірдегі бірқатар қордаланған мәселелерді шешуге ықпал етіп келеді. Төккен теріне сай талай марапаттың да иегері атанды. Алдағы күндерде де елі үшін істеген қызметі еселене түседі деген ниеттеміз.
Қажет АНДАС





