Қонаев қаласының жағажайында республикалық TARTYL FEST спорт фестивалінің облыстық іріктеу кезеңі өтті.
Байқау алдағы уақытта еліміздің барлық аймағында алауын тұтататын болады. Облыстық іріктеу кезеңіне 9 ауданнан және Қонаев қаласынан 100-ден аса спортшы қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз алып, спорттық фестивальге қатысушыларды құттықтады. Өз кезегінде, «Street workout» спорт түрінің негізін қалаушы Дамир Муминов, «DARA» дарындыларды қолдау қорының президенті, белгілі продюсер Нұрлан Қоянбаев, қоғам қайраткері, жаттықтырушы Айтым Жакупов сөз алып, көпшілікке сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша 18 жасқа дейінгілер арасындағы 55 келі салмақ дәрежесінде Наиль Иминов, 70 келіге дейін Бейбарыс Әлімтай, 70 келіден жоғары Бауыржан Баван жеңімпаз атанды. Ал, 18-30 жас аралығындағылар арасындағы 65 келіде Нұрбол Слямғазиев, 80 келіге дейін Жандос Дәулетхан, 80 келіден жоғары салмақ бойынша Рамиль Аблизов алтыннан алқа тағынды. 30 жастан жоғарылар арасындағы 80 келіге дейінгі салмақ бойынша Әлімжан Садықов, 90 келіге дейін Бақыт Сүлейменов, 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Андрей Водняков чемпион атанды. Сонымен қатар, 76 жастағы Бұлар Мейірманов «Ардагер спортшы», 13 жасар Әмірхан Ануарбеков «Ең жас спортшы» аталымы бойынша марапатталса, джиу-джитсудан әлем чемпионы, додада ерлермен бірге сынға түскен Жібек Күлімбекова да сондай құрметке бөленді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, әр салмақ бойынша чемпион атанғандар қыркүйек айында өтетін республикалық «TARTYL FEST» спорт фестивалінің финалдық кезеңіне жолдама алды.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
Алматы облысы





