Қазақ даласының тарихы тереңде. Жер мен елге қызығушылық танытатындар бұрын да болған, қазір де бар. Бірі – тыңшылық, бірі – дін тарату, енді бірі күнкөру, тағысын тағы шаруаларымен табан тірегендер көп. Ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон XIX ғасырдың орта шенінде жанына жары Люси Финлиді ертіп, саяхатқа шығады. Жеті жыл, жеті айда қазақ, орыс жерінің бірталай аумағын аралап, тарихи дерек жинайды.
Аткинсон кім, ол қазақ жеріне қашан саяхат жасаған деген сұраққа жауап берейік. Ол Орал, Алтай, Қиыр Шығыс, Батыс Сібір, Шығыс Қазақстан, Жетісуды аралап, 1848 жылы Қапал өңіріне табан тірейді. Саяхатшыларды Жетісуда барон Александр Врангель мен казак әскерлерінің командирі Степан Абакумов құшақ жая қарсы алған. Саяхатшы бай-манап, малшы, жалшы бәрімен тең дәрежеде сөйлесе алатын әңгімешіл, ақкөңіл, кең жүректі азамат болған екен. Ол Ақын Сара «Жер-жүрек» деп суреттеген Қапалдың көркем табиғатын, тыныс-тіршілігін, мал-мүлкін, сөйлескен адамдарының киімі мен тағынған әшекейін суреттерінде айшықты етіп көрсеткен. Томас Уильям мен Люси Финлидің ұлы осы қасиетті мекенде дүниеге келеді. Елдің иесін, жердің киесін сыйлаған ағылшындар торсық шеке ұлдың есімін «Алатау-Тамшыбұлақ» деп қояды. Мұны – дәм-тұзын татқан жерді құрметтеудің үлгісі десек болады. Саяхат барысында жаяу, қайық, ат, түйе, шанамен жүріп, әбден арып-ашқан ерлі-зайыптыны Қапал жұрты ықыласпен қарсы алып, басына баспана, үйіне дүние-мүлік, баласына киім-кешекті үйіп-төгіп әкеліп береді. Люсиге киім тіккізіп ал деп бай-бағландардың әйелдері түрлі мата сыйға тартады. Есімі Алатау-Тамшыбұлақ қойылғанын естіген көпшілік нәрестеге тұлпар, түйе атайды. Шала туған баланы жергілікті халықтың ақылымен Тамшыбұлаққа жуындырып, аузына қасиетті тұманың суын тамызып, ширатады. Баланы қапалдықтар өте жақсы көріпті. Себебі, сол жылы жаңа туған нәрестелердің көбі шетінеп кетіп, қандастарымыз дүниеге келген балалардың арасында ұлдың аман қалғанын жақсылыққа жорыпты. Баланы туған жерінде қалдыру керек деген ұсыныстар да айтылады. Кіндік қаны қасиетті Қапал топырағына тамған Алатау Аткинсон Британияда білім алып, Гавай аралында қызмет жасапты. Жеті бала тәрбиелеп, өсіріпті. Газетке редакторлық етіпті. Аткинсон қазақ жеріне жасаған сапарында Шыңғыс ханнан тараған Абылайдың ұлдары Сөк, Бексұлтан төрелердің де суретін салған. Яғни, олардың да төрінде отырып, құрметін көрген. Аткинсондар атамекеніне жеткен соң «Восток и Западная Сибирь», «Путешествие по Нижнему и Верхнему Амуру», «Воспоминания о татарских степях и их обитателях» деген кітаптар жазған.
Тарихы терең Қапалға орыс, татарлар көптеп қоныстанған. Шұрайлы өлке қазір де тамылжып тұр. Тек, Тамшыбұлаққа туристерді тарту кемшін соғуда. Аткинсон ұрпақтары мен олар жайлы кітап жазушылар қасиетті мекенге соңғы жылдары жиі келуде. Тұмса табиғат әлі талайды тамсандырары хақ.
Гүлжан ТҰРСЫН





