Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы.
Кез келген халықтың дүниетанымдық жүйесі, өзіндік салт-санасы, халықтық рухы әуелі оның тілінде көрініс табады. Бұл жөнінде: «Этностың басып өткен сан ғасырлық даму жолы, оның белгі-бейнелері біздерге тас мүсіндер мен жартастарға қашалған сына жазулар арқылы, мәдени ескерткіштер мен әртүрлі ғимараттар түрінде жетуі мүмкін. Бірақ бұлар этнос өмірінің мың да бір елесі ғана, оның шын мәніндегі даналығы мен дүниетанымы тек тілінде ғана сақталады»,– дейді ғалым Әбдуәли Қайдар.
Қазақ ономастикасының лексикалық құрамына зер салсақ, оған дәлел тапқандай боламыз. Біріншіден, жер-су атауларын беруде сол жердің жер бедері, географиялық ерекшелігі, жан-жануар және өсімдіктер дүниесі, климаты ескерілген. Екіншіден, тарихи оқиғаларды, тарихи тұлғалар есімін есте сақтау, естелік-мұра ету көзделген. Үшіншіден, жер, атақоныс атадан балаға мирас болған қоныстың (жайлау, қыстау) кімнің иелігінде екендігін көрсету мақсат етілген. Төртіншіден, нысанды тапқан (мәселен, бұлақ, су көзін тапқан адам) нысанды сызғызған, салған (мешіт, медресе, мектеп) адамдар есімін мәңгілік есте қалдыру ниеті сақталған.
Атамекеніміздің атаулары – ата-бабамыздан қалған жәдігерлер, халық тарихының бір парасы. Еншіміздегі елді мекен, өзен-көл, тау мен тас атаулары басынан қилы заманды өткерді. Тамыры терең тарихи атауларымыз солақай саясаттың салдарынан көзден таса, көңілден ада болды. Алматы Верныйға, Ақмешіт Перовскіге, Қызылжар Петропавлға, Кереку Павлодарға айналды.
Ғасырлар бойы халық жадында сақталған атаулар жаппай өзгеріске түсті. Өзгеріс, негізінен, ойконимдерге қатысты болды. Елді мекендердің ықылым заманнан бергі тарихи атаулары өзгертіліп, «жаңаша» атау науқаны өтті. Соның салдарынан жаңа толқын – жас ұрпақ, өсіп-өніп жатқан өлкенің мұрагері туған жерінің бұрынғы атауынан бейхабар ержетті. Тіпті, қазақтың өзіндік ат қою дәстүрі болғандығынан хабарсыз еді. Тарих пен дәстүр ұмытылып, атаулардың ұлттық пішіні бұзылып, қазақ топонимдері орыс тіліне аударылып, қым-қуыт заманды бастан кешірді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін осы құбылысқа қайтадан қазақыландыру үдерісі жүрді. Мәселені ономастика саласы қолға алып, зерттеулер жасала бастады. Әр кезеңнің тарихи, мәдени нысандары, елді мекендер ешбір зорлыққа көнбей ел есінде сақталды. Осыны бұрмаламай, тарихи атауын қайта қайтару өз деңгейігнде жүргізілуі тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде осы мәселеге ерекше тоқталды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек» деп ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін ономастика саласында жүйелі жұмыс жасау қажеттігін атап өтті.
Елді мекен атауларының жазылу орфо-графиясы мен мәдениетін де назарға алған жөн. Әлемде географиялық атауларды дұрыс пайдалануды бақылап, түзетіп отыруға бағытталған әртүрлі ұйымдар бар. АҚШ-та Географиялық атаулар бюросы, Канадада Географиялық атаулардың тұрақты комитеті, Ресейде Геодезия, картография бас басқармасы шұғылданады.
Ономастикадағы саясат мемлекет мүддесіне, ұлт пен жерді ұлықтау қағидасына қызмет етіп, ұлттық дәстүрге сүйеніп, болашақта жалғасын табуы тиіс. Осы орайда алдымызда келелі міндеттер айқындалады. Бұл орайда, елді мекен атауларын жаңарту, тарихи атауларын қайтару ісін әлі де жалғастырады. Жаңа атау беруде байырғы түбір ескерілуі тиіс. Мәселенің ойдағыдай шешілуі республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардағы ономастикалық комиссиялардың және жергілікті өңірлердегі (аудан, қала әкімдіктері) салаға жауапты мамандардың белсенділігі мен тиянақтылығына да байланысты. Ономастикалық комиссия зерттеуші, зерделеуші, ел мен жерді ұлықтау идеясына қозғау салатын ғылыми-практикалық орталыққа айналғанда, ұлттық ономастикамыз ұлттық мүддеге сай келеді.
Тарихымызда танылған, жұрт санасында сан жылдар сіңісті болған атаулардың сырына үңілмей өзгерту – халық тарихына қиянат. Жаңа атау беруде ұлттық таным, ұлттық мүдде көзделуі тиіс. Бүгінгі жаңа атау – ертеңгі мұра, өмір сүріп отырған ұрпақ мәдениеті мен арман-тілегінің көрінісі. «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия, сыр жатады», – дейді қазақтың ғұлама жазушысы Мұхтар Әуезов.
Қарлығаш САРБАСОВА,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу
университетінің қауымдастырылған профессоры, филология
ғылымдарының кандидаты





