«Тарих – шыңырау» деп жазған Тұрсын Жұртбайдың «Дулыға» кітабын парақтап-тарақтап отырып ұлы халықтың тұғырлы тұлғалары арқылы тарихты тарам-тарам жолмен тарқатқанына шын сүйсінгенбіз. Сүйсіне отырып «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы» деген Қадыр Мырза Әлінің құлыптас секілді орныққан тіркесіне маңдай соққанымыз бар. Сөйтсек, мыңжылдықтар шежіресіне бойламай-ақ бергідегі дүниелерді, бергідегі болғанда бір ғана Желтоқсан оқиғасының салмағын, ұлттық мәнін, мазмұнын, ондағы шейіт кеткен ғазал ғұмыр иелерін тарихи тұрғыда түптеп жазып, «шыңыраудағы» орнынан шыңға шығара алмай келеді екенбіз.
«Оған не себеп?» дерсіз. Себебін бізден ертерек қалам ұстаған жазарман қауымнан, тарихшы, зерттеушілерден сұрау керек шығар. Ал біз өлеңді «өмірім» деп қабылдаған ақын болғандықтан көңіл көзесінде мөлдіреген, ой омартасына тұнған ойларды көбінесе поэзия тілімен бедерлеуге құштармыз.
Хош, Желтоқсанның талай боздақтары рухани шыңырауда жатыр. Оған өмірдің ой-қырларында айтылып қалатын естеліктер мен ғазиз жанды баласын, бауырын аңсап сыр тарқатқан ата-аналардың кей сөзінен дәлел келтіруге болады.
Ұлт намысы сынға түскен бұлағай шақта боздақтар сапынан табылған Жеңіс Бекеев есімді қыршын ғұмыр иесі туралы не білеміз? Әрине, ештеңе. Өйткені ол туралы естелікті тек туған-туысы, анасы мен бауырлары ғана айтып отырады. Ал ол туралы құжаттар мен деректер шаң басқан архивтерде сақтаулы.
Иә, біз де Жеңіс Ботай- ұлының тұлғалық болмысы, рухани ұстанымы, тектілігі, Желтоқсан оқиғасында алған жарақатынан түбінде жан тәсілім еткені туралы күні кеше ғана естідік. Естеліктен. Сол естелікті тарқатқан анасы Күміс Оразымбекқызы: «Өмірге 9 ұл әкелдім. Ерназардың тоғыз ұлындай сомдалып өскен перзенттерімнің үшеуінен көзімнің тірісінде айырылдым. Ана үшін бұл оңай емес. Бақиға бет түзеген үш бәйтерегімнің бірі аңқылдаған, жарқылдаған Жеңіс балам. Ол тәуелсіздік жолында күрескен желтоқсаншылармен бірге Алматының алаңында мұздай құрсанған Кеңес әскеріне жалаң қолмен қарсы шықты. Соққы жеді. Сол жарақатының салдарынан санаулы жылдан кейін өмірден өтті», – деп толғанады. Жанарын жасқа шылаған ана, ең өкініштісі, баласының аты бүгінге дейін бір рет болсын аталмағаны екенін де тілге тиек етеді.
Шындығында елім деп еміреніп өткен талай ерлер ескерілмей қалды. Біразының аты аталмаса, кейбірінің ерлігі өзге кейіпкерлердің еншісінде кеткен. Желтоқсанның бас алаңында түсірілген фотода бейнесі таспаланып қалған Жеңіс Бекеев шын мәнінде қандай жан болған? Оның қысқа ғұмырындағы ізгілікті ізі бар ма? Қандай әулеттен шықты? Дәл осы сауалдарға жауап беріп өтейік.
Тарихтың күресінінде қалған Жеңіс боздақ Ботай әулетінен. Әкесі Болат бір әулеттің зарыға күткен перзенті екен. Бес баласы шетінеп кеткен Үсен қарт пен Мәсімхан ананың тәңірден сұрап алған жалғызы болған соң Болаттың есімін «Ботай» атап кеткен. Жеңістің әкесі туралы толғамға бармай тұрып, алдымен атасы Үсенге тоқталайық.
Үсен жастығын Жаркент жерінде өткізген кеудесі қазынаға толы жан болған деседі. Ол Қашқашта шегарашы ретінде қызмет еткен. Ысқырығы жер жарған Сталин заманында қазақ ұлтының зиялыларын қырғындап, байларын, дәулеттілерін мал-мүлкінен ажыратып, азынатып айдауға таңған уақытта елдің ес білер жандары Қытайға үрке көшіп жатты. Бала-шағасы мен түлігін сақтап қалу жолында ғой баяғы. Сол ауыр кезеңде ұшқан құс, жүгірген аңды шегарада қалт жібермей тұрған жас шегарашының алдына бір бай келіп, Алла алдындағы ақтығын айтып, арзу-арманын жеткізіпті. Сонда қазақылыққа басқан Үсен дәулетті кісінің арғы бетке өтуіне септескен екен. Алла алдындағы адамшылығына басқан дәулетті жан қазақтың жас жігітіне риза болып, «өмірлік жар етіп ал» деп қызын аманаттап кетіпті. Сол аманаты болған Мәсімхан сұлуға тағдыр қосқан Үсен екеуі өмірге алып келген 5 перзентін жастай жер қойнына табыстайды. Бала тоқтамай ұзақ уақыт жүріп, жастары егде тартқанда шекесі торсықтай ұл өмірге келеді. Оқырман түсініп отырған шығар, Ботай қарт қой ол перзент.
Ботай да әкесіндей тектілік өрісін кеңейткен жан. Елге, саяси жүйеге адал болған азамат. Елдің қамбасынан бір түйір астық жоғалса қамығатын, өз басынан ұлт мүдесін жоғары қойған адам екен. Үсен мен Мәсімханның батасын алып Күмістей жарын қолға қондырған Ботай тәңірдің алқауымен шекесі торсықтай 9 ұл сүйеді. Тегін адамның шаңырағында 9 ұл перзент бірінің артынан бірі өмірге келе ме?! Әрине, жоқ.
Міне, сол 9 перзенттің төртіншісі болып жарық ғаламмен жанар суарған Жеңіс Желтоқсанның құрбанына айналды. Бұл туралы бауыры Оңал Бекеев: «Апайтөс Алматының ақ алаңына қарусыз шыққан қаһарман Қайрат, Ербол, Ләззат пен Сәбиралардай сап түзеп, елдің азаттығы үшін екілене ұмтылған Жеңіс бауырымыз Желтоқсан оқиғасына қатысқан қыршын жастың бірі.
Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер… Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел, – деп заманның заңғар ақыны Мұхтар Шаханов жырлағандай, дүниені дүр сілкінткен қазақтың қаһарман жастарының толқынында Жеңіс бауырымыз да ұран тастады. «Қайсар рухтың алаңында» күресті. Өкініштісі сол, елдің ақтаңдақ тарихының беттері ашылып, желтоқсаншы талай тұлға зерттеліп жатқанда, Жеңістің аты бір рет те аталмай қалды. Алайда өмір шындығына қаныққысы келген қазақтың талантты жастары, зерттеушілері «Жеңіс Бекеев» деген есімді архивтен қазып алып, қаһарман бауырымыз туралы толғанып жазар, кеңінен зерттер деген сенімдеміз», – дейді.
Арман қуып барып Алматыдағы ауылшаруашылық институтына оқуға түскен Жеңіс Желтоқсан оқиғасында ұран тастады. Жарақат алды. Сол жарақатының әсерінен өмірден өтті. Десе де дәтке қуат етерлігі, кейіпкеріміз шаңырақ көтеріп үлгерді.
«Жеңіс бауырымызды Желтоқсан оқиғасынан кейін әскери адамдар бірнеше мәрте ауылға іздеп келді. Үйдің үлкені Қанат көкеміз саяси адамдарға: «Бауырымызды өзіміз де таппай жүрміз. Егер көрсеңдер, ұстап алсаңдар хабар беріңдерші. Жазасын өзім берейін!» деп айтып қайтарып отырған. Соңына түскен сақшылардың тегін жібермесін білген Қанат көке күмән болмасын деп бірнеше мәрте институтқа іздеп барды. Негізі Жеңісті сол кезде ешқайда шығармай, ауылға жасырып қойыпты», – дейді Алдан Ботайұлы.
P.S. Иә, сөйткен Желтоқсанның Жеңісі де санаулы жылдан кейін «басым, басым» деп қиналып жүріп тірлігін тиянақтаған. Өте алғыр, білімге ынтық болған текті азамат татар дәмін түгескен. Осындай қазақтың намысшыл, мемлекетшіл, ұлтшыл ұлдары әлі де шаң-шаң архивте жата берер ме екен деп ойланасың. Бәлкім, Жеңістей ұлт ұландарының шындығы ашылған күні Желтоқсан оқиғасының мазмұны да тереңдей түсетін шығар?!
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ