Хиналуқтар – Әзірбайжан Республикасындағы ең көне ұлттың бірі. Олар аталған мемлекеттің Хыналыг ауылында тұрады. Ғасырлар бойы оқшауланудың арқасында оның тұрғындары бүгінгі күнге дейін басқа еш жерде кездеспейтін ерекше тіл мен салт-дәстүрді сақтай алған ұлт. Тұрғындарының барлығы жергілікті халыққа әрі 4 руға бөлінген. Әр рудың өз зираты мен кілем өрнектері, киім үлгілері бар.
Бұл этнос өкілдері негізінен теңіз деңгейінен 2000 метрден астам биіктіктегі тауда тұрады. Олар «Нұқ пайғамбардың кемесі топан судан кейін дәл осы жерге тоқтады» деген аңызға сенеді әрі өздерін оның тікелей ұрпағымыз деп есептейді. Аталмыш тайпа қоғамнан оқшауланып өмір сүреді және тек өз тайпалары арасында ғана отбасын құруға тырысады. Соған қарамастан, олар өздерін әлемдегі ең бақытты адам санайды.
Хиналуқтардың таңғажайып қонақжайлығына қарамастан олар мұнда бөтен адамдарды қоныстандырмайды. Сонымен қатар, тіпті, басқа ауыл тұрғындарымен той өткізуге де үзілді-кесілді қарсы. Алайда, олардың оқшаулануы жергілікті тұрғындардың қонақжайлығына кері әсер еткен жоқ.
Олар кейбір тұрмыстық техниканы, ыдыс-аяқты және негізгі тұрмыстық заттарды қоспағанда, үйлеріндегі барлық керек-жарақ бұйымдарын өз қолымен жасайды. Сондай-ақ, барлық жиһазын жөндеумен қатар үйді безендіруге дейінгі жұмыстарды өздері атқарады.
Хиналуқтардың қоғамдық өмірінде ұжымдастыруға дейін патриархалдық-тайпалық қатынас қалыптасқан. Некенің ішінде көбіне туысқандық некеге басымдық берілген. Жастардың ата-анасының қалауы бойынша неке құн төлеумен – ірі қара немесе қой, күріш, азырақ ақшамен жасалады. Ең қызығы, жаңа түскен келінге 2-3 жыл бойы қайын атасымен, күйеуінің үлкен ағаларымен және нағашыларымен сөйлесуге түбегейлі тыйым салынады.
Аталмыш халықтың үйлері екіқабатты, саз балшықтан, тастан жасалады. Үйлерінің төбесі тегіс, едені балшықпен сыланып, терезелердің орнына арнайы әйнексіз шағын тесіктер орналастырады. Қызығы сол, үйдің екінші қабатында өздері тұрса, бірінші қабаты мал ұстауға арналған.
Дәстүрлі тағамдары, негізінен, сүт өнімдері, сиыр мен қой сүтінен жасалған ірімшік, қышқыл сүт матсон. Нан арпа мен бидай ұнының қоспасынан пісіріледі. Көкөністер кеңінен қолданылады. Мерекелік тағамдар – күріш пен бұршақтан пісірілген ет пен палау.
Дәстүрлі сусындар – шербет (бал қосылған су), жабайы шөптерден жасалған шай.
Олардың дәстүрлі киімі әзірбайжандықтарға ұқсас келеді. Әйелдер қауымы күнделікті өмірде әртүрлі өлшемдегі ақ және қызыл түсті киімдер мен баскиімді киюге міндетті.
Ұлттық мерекелік тағамы – ет пен бұршақтан жасалған палау. Сондай-ақ, олар жабайы шөптерден жасалған шай мен шербет қосылған сусынды ішуге құмар.
Бүгінде адамзат баласының ұлттық сипаттан айырылған қауымы жеткілікті. Жыл сайын бірқатар жұрт өзінің тілінен, ұстанымынан, ең соңғы ұрпағынан айырылып жатады. Яғни, бұл сол ұлт жер бетінен жойылады деген сөз. Осы орайда тау жайлап тағдыр кешкен хиналуқтар өзінің ұлттық сипатынан айрылмаса екен дейміз.
Айғаным ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ





