Сарқанда Н.Островский атындағы мектеп-лицейдің футбол стадионы заман талабына сай жаңғырып, пайдалануға берілді. Ұзындығы 60 метр, ені 30 метрлік стадион түгелдей жасанды шөппен жабылған. Алаңды айнала жұмсақ төсеніш төселген, жүгіру жолағы және волейбол ойнайтын алаң тағы бар.
Нысанның салтанатты ашылуында сөз алған аудан әкімі Талғат Қайнарбеков мұның барлығы келешегіміз – балалар үшін жасалып жатқанын баса айтып, құрылыстың сапасына айрықша мән берген мердігер компания басшылығына алғысын білдірді.
Шара барысында Талдықорған мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қайрат Абдрахманов ізгі лебізін білдіріп, аталмыш мектепке спорт жабдықтарын сыйға тартты. Алғашқы допты ауданның және Талдықорған қаласынан келген жасөспірімдерден құралған командалар теуіп, жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленді.
Сол күні Черкасск ауылында да «Қазақстан халқына» және «Батыр боламын» қоғамдық қорларының қолдауымен спорттық орталық ашылып, өз жұмысын бастады. Аталмыш қорлардың демеушілігімен арнайы құрал-жабдықтар сатып алуға 10 млн. теңге қаржы жұмсалған.
Бұдан былай жергілікті жастар аталған орталықта бокс, күрес, ережесіз жекпе-жек және үстел теннисі спортымен ақысыз шұғылдана алады.
П. Жеңісхан
Жетісу облысы





