Бүгінгі қоғамда тіл үйрену бұрынғыдай тек оқулық пен аудитория аясында шектелмейді. Цифрлық кеңістік, соның ішінде жасанды интеллект білім беру жүйесіне түбегейлі өзгеріс әкелді. Әсіресе жастар арасында тіл меңгерудің жаңа тәсілдері қалыптасып келеді. Бірақ осы үдерісте біз нені ұтып, нені жоғалтып барамыз?
Қазіргі студент үшін уақыт – басты ресурс. Сол себепті олар білімді жылдам әрі тиімді игеруге ұмтылады. Мұнда жасанды интеллект үлкен көмекке келеді. Мәселен, Duolingo сынды қосымшалар күнделікті қысқа тапсырмалар арқылы тіл үйренуді әдетке айналдыруға мүмкіндік береді. Ал түрлі онлайн платформалар мен интеллектуалды жүйелер мәтінді талдап, қателерді түзетіп, күрделі тақырыптарды қарапайым тілмен түсіндіре алады. Бұл – білім алудың жаңа мәдениеті қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Алайда мәселенің екінші жағы да алаңдатпай қоймайды. Дайын жауапқа үйренген ұрпақ ертең өз ойын жүйелі жеткізе ала ма? Жасанды интеллектке иек артқан сайын адамның өз бетінше ойлау, талдау қабілеті әлсіреуі мүмкін. Тіл – тек сөз жаттау ғана емес, ойдың айнасы. Егер ойлау үдерісі әлсіресе, тіл де тереңдігін жоғалтады. Ал бүгінгі мектеп оқушыларының өзі жасанды интеллектті белсенді пайдаланып отыр. Бұл – заман талабы. Бірақ бақылаусыз қолдану білім сапасына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мәселені технологиядан емес, оны пайдалану мәдениетінен іздеу қажет. Мұғалім мен оқытушының рөлі де өзгеруде: енді олар тек білім беруші емес, бағыт-бағдар көрсетуші, саналы қолдануға үйретуші болуы тиіс.
Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллект – білім берудегі революциялық құрал. Бірақ ол адамды толық алмастыра алмайды. Себебі тіл үйрену барысында эмоция, мәдениет, контекст секілді тірі факторлар маңызды рөл атқарады.
Жасанды интеллект мүмкіндік дегенімізбен, жауапкершілікті қатар талап етеді. Егер біз технологияны құрал ретінде пайдаланып, оны саналы түрде игерсек, тіл үйрену сапасы жаңа деңгейге көтеріледі. Ал керісінше, оған толық тәуелді болсақ, таным таязданып, тілдің шынайы мәні көмескіленуі мүмкін. Ендеше, таңдау – өз қолымызда.
Айша ӘСКЕРБЕК,
ЖУ-дің филология
мамандығының білімгері





