Тебіренісі телегей теңіздей мөлдір көңілінен кәусардай тұнық жыр сапырып жүрген Торғын Тұрлыбаева сынды исі қазақтың аяулы ақын қызы бар. Тұмсасы көз арбар, жан жадыратар саф ауасының өзі балдай Текелі қаласының табиғаты секілді осы бір шайырдың да ішкі жан сарайының шұғыла шашып тұруымен, күлкісі Қора өзеніне қосылар мөлдір бұлақтардай сыңғыр қағуымен ерекше. Ал жазбасы жүрек шөлін қандырар қуатқа ие.
Ақындық ғұмырында ақық жыр түлетіп, қарашаның махаббатына қара өлең құдіреті арқылы бөленіп жүрген Текелінің Торғыны біздің әріптесіміз. «Текелі тынысы» газетінің бас редакторы ретінде журналистика саласында маңдай терін шүмектете еңбек етіп келеді. Тұғырлы мекенінің тынысымен тыныстап, алақандай қаланың ажарлануымен бірге өзі де ақындықтың кенересін кемелдендіріп, ақжал толқын іспетті жан толқынысымен жүректерді тербеуде.
«Тойып ішкен тамағыма ұялам» деп жанарының жылымшы жасын саусағымен сығуға мұрша келмей, аштықтан бүйірі қабысқан сонау жер шарының өзге пұшпағындағы пұшайман жанның өміріне қарата жыр саптаған дарқан жүрек иесі ғой Торғын. «Шыт көңілді қалғаны ма шаң басып» деп кіршең әлемнен кіршіксіз сезім іздеген сұлу ойдың иесі де – біздің Торғын ақын. Осындай толғамға орап, тебірене термелеп отырған ізгі жанның әдеби ортада да құрметі зор. Жетісу «Жанр» әдеби бірлестігінің белді мүшесі ретінде үнемі рухани шаралардың көрігін қыздырып, асқақ байламдарымен, өзіне тән жарасымды қылықтарымен жан жадыратып келе жатқан Торғын Тұрлыбаеваның рухани кеңістігіне қаратып жалқы сөз саптау ағаттық болары да мәлім. Өйткені, өмір атты ұлы сүрлеуде өзінің дара ізін айшықтап, қарапайым тіршілік кешсе де қақпақылдаған сан қайғыға берілмей, адамгершіліктің ақ туын желбіретіп келе жатқан осынау бекзат болмысты әріптесіміздің өмір соқпағына, сайратқан жыр-сүрдегіне сүйсіне отырып үлкен толғау жасау керек-ті. «Жанарымды малындырып мұңға, жамалымды шомылдырып нұрға» деп теліағыс тағдырдың әр сәтінен жанға медет іздеп, текті азамат Тәкеннің төрінде былдырлаған балапандарын қарақанат құс болуға баулып, қырандай биікті шолуға тәрбиелеп жүрген ғазиз жүректі ана да – осы Торғын ақын. Азаматтық лирикасы басым жырларының астарында өзіне тән бояу, өзіне тән асқақ тіркестерді жымдастыра сұлу өлең сайратып келеді. Міне, осындай шалқыған ойға шанақ, тебіреніске тиек болған Текелінің Торғынына әлі де асқақ тұғыр, ақық жыр тілеп, әлемнің көркі болған әйелдердің төл мерекесімен құттықтауды жөн санадық.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





