«Nur Otan» партиясының қызметі қоғамның сан саласымен тығыз байланысты. Сол байланысты орнататын бірден-бір бөлімінің бірі – қоғамдық қабылдау бөлмесі. Партия филиалдарының барлығында тұрғындармен күнделікті байланыс орнатып, өтініштерін қабылдайтын, шұғыл қоңырауға жауап беретін Call орталықтар мен онлайн қабылдау кестелері де еліміздегі эпидахуалға қарай оңтайландырылған. Біз тұрғындарды қабылдау және олардың өтініштерін қарау мәселесі бойынша «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Аслан КӨБЕНТАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Алты айда атқарылған жұмыс туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– 2021 жылдың алты айында облыс бойынша қоғамдық қабылдау бөлмесіне 5 894 өтініш тіркеліп, 3 298 (56%) өтініш оң шешімін тапса, 2 596 (44%) өтініш бойынша кеңес берілген.
Жыл басынан облыс әкімі және әкімнің орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары мен депутаттардың 1 766 қабылдауы өткізіліп, оған 2 564 адам келген. 1 432 (56%) адамның мәселесі оң шешілген болса, 1 132 өтініш бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Жалпы, жыл соңына дейін облыс бойынша 3167 қабылдау өткізу жоспарланған.
– Әр деңгейдегі партия депутаттарының қабылдауына қатысты не айтар едіңіз?
– 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары 684 қабылдау өткізіп, 934 азаматтың өтінішін қарап, 593 (63,5%) өтініш білдірушінің сұрақтары оңтайлы шешілген. Сонымен қатар, есепті кезеңде әр деңгейдегі мәслихат депутаттары тұрғындарға қайырымдылық көмек көрсетіп, демеу білдірді. Облыстық мәслихат депутаты Римма Салықова, Еңбекшіқазақ, Талғар, Панфилов аудандарының мәслихат депутаттары көмекке мұқтаж азаматтарға қаржылай көмек көрсетіп, баспана алу, азық-түлік себеттерін таратып, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал жасады.
– Ауыл тұрғындарынан өтініштер жиі түсе ме? Осы уақыт аралығындағы түскен талап-тілектердің бірнешеуін мысалға келтіре отырсаңыз.
– «Nur Otan» партиясының «Халыққа көмек» жобасы аясында партияның барлық аумақтық филиалдарына тұрғындардан өтініш өте көп түседі. Біздің филиалдарымыз офлайн форматпен, қосымша онлайн түрде де өтініштерді қарастыруға мүмкіндіктері бар. Апта сайын жоспарланған өтініш кестелері партия филиалдарының әлеуметтік желілерінде жарияланып тұрады.
Ал енді нақты мысалдарға көшсек, соңғы он күн ішіндегі облыс аумағында түскен бірқатар өтініштерге тоқталып өтейін.
Ескелді аудандық партия филиалына Қарабұлақ ауылының бірнеше көше тұрғыны жаяу жүргіншілер көпірінің апатты жағдайда тұрғанын айтып, шағымдарын жеткізген болатын. Ауыл тұрғындарының өтінішін Ескелді аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жайық Тазабекұлы тыңдап, «Қарабұлақ» БПҰ төрағасы Берік Дүйсенбиновке мәселенің шешілуіне ықпал етуін сұрады. «Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары атқарылып, 4 тамызға дейін Набережная және Оразбеков көшелерінің арасындағы жаяу жүргіншілер көпірін пайдалануға беру актісі жоспарлануда», – деп жауап берді Берік Оңалбайұлы.
Өтініш оңтайлы шешім тауып, Набережная және Оразбеков көшелерінің арасындағы жаяу жүргіншілер көпірін жөндеуге жергілікті бюджеттен 1 133 468 мың теңге бөлінді. Байқау қорытындысы шығарылды. Қазіргі уақытта 2021 жылдың 4 тамызына дейін пайдалануға беру үшін жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Дәл осындай мәселемен Ескелді ауданының Алдабергенов ауылы тұрғындары да келіп, Байысов көшесіндегі тасжолдың нашарлығына шағымданды.
Бұл мәселені өз қарауына «Алдабергенов» БПҰ төрағасы, ауыл әкімі Жалғас Садырбаев алып, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары атқарылып, Байысов көшесі жолын пайдалануға беру актісі жоспарланып жатқандығын жеткізді. Сарқан ауданында да Кәкімжан Қазыбаев ауылы, Дүкен көшесінің тұрғындары көшелеріне қиыршық тас төгіп беру туралы өтініштерін білдіріп, аудандық партия филиалына келді. Аумақтық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Аслан Абдрахманов «ДРСУ» ЖШС басшысы А. Күрішбаевпен келісіп, аталған кәсіпорын Кәкімжан Қазыбаев ауылының 150 тұрғыны бар Дүкен көшесі тұрғындарының өтініштері бойынша өз қаражаты есебінен ауыл көшесіне қиыршық тас төселді.
– Әлеуметтік көмек, демеушілік жасайтын азаматтар бар ма партияда?
– Иә, әрине. Әлеуметтік көмек партия филиалдарында тұрақты негізде көрсетіліп отырады. Біз түскен өтініштердің әрқайсысын саралап, апта сайын талдау жасап отырамыз. Мәселен, Алакөл ауданында да «нұротандықтар» аудан тұрғындарының қажетіне жарайтын демеушілік көмек көрсетіп, аудандық ауруханаға қажет медициналық құралдың алынуына себепші болған. Партия мүшелері, жергілікті жеке кәсіпкерлер Ерлан Мақұлбеков пен Дәулет Дүйсенбеков өңір кәсіпкерлерінің демеушілігімен 5 оттегі концентраторын, Алакөл аудандық орталық ауруханасына пульсоксиметр құрылғыларын тарту етті. Еңбекшіқазақ ауданында партия филиалына қоғамдық қабылдауға әлеуметтік жағдайы төмен қарт ана Мәнсия Әубәкірова көмек сұрап келді. Еңбекшіқазақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары аудандық Жастар ресурстық орталығымен хабарласып, өтініш беріп, жағдайы төмен 8 отбасына қол ұшын созып, еріктілердің қолдауымен 200 мың теңгеге азық-түлік себеттері табысталды. Осындай мысалдар өте көп. Біздің қоғамдық қабылдауымызға келетін тұрғындардың әр өтініші қараусыз қалмайды. Партияның жаңарған депутаттық корпусы, облыстық, аудан, қалалық жауапты мекеме басшылары мен барлық мемлекеттік мекемелер белгіленген кестелерге сәйкес қабылдаулар өткізіп, түскен өтініштерге уақытылы әрі сапалы жауап беруге жұмыс жүргізуде.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Бағдагүл АХМЕТЖАНОВА




