Қасым-Жомарт Тоқаев Чехия Премьер-министрі Андрей Бабишпен келіссөз жүргізді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесу барысында тараптар өнеркәсіп, мұнай-газ, атом энергетикасы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Әңгіме барысында екі ел арасындағы байланыс тек экономикалық бағытпен шектелмейтіні, оның негізінде ортақ тарихи оқиғалар мен мәдени-гуманитарлық ықпалдастық жатқанын атап өтті. 
Мемлекет басшысы чех тарапының қазақ даласына Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру жобасына қосқан үлесін жоғары бағалап, ризашылығын білдірді. Бұған дейін Президент бұл бастаманы өңірлік экологиялық саммитте биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы маңызды жетістіктердің бірі ретінде атаған еді.
Өз кезегінде Андрей Бабиш Қазақстан азаматтары үшін виза режимін жеңілдету мәселесінде Чехияның екіжақты форматта да, Еуропа Одағы аясында да ықпал етуге дайын екенін жеткізді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында бірлескен жобалар тізімін әзірлеуге уағдаласты.
Сондай-ақ Чехия Премьер-министрі Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Чехияға ресми сапармен келуге шақырды. Мемлекет басшысы бұл шақыруды қабыл алды.





