Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог платформасында сөз сөйледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы аудан әкімдерін сайлау мәселесіне тоқталып, оның тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралауды тапсырды. Президенттің айтуынша, бұл тақырып қоғамда әртүрлі пікір туғызып отыр.
«Аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар. Бірқатар қоғам қайраткерлері мен белсенді азаматтар “аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па” деген мәселені қайта қарауды ұсынып отыр. Депутаттар Ерлан Саиров, Альберт Рау, Мархабат Жайымбетов те елде сайлау тым жиілеп кеткенін, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтып жүр. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдайды. Сондай-ақ сайлау науқандары жергілікті жерде атқарылуға тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайым бар. Осы пікірлерді ескерген жөн», – деді Президент.
Оның айтуынша, бұған дейін аудан әкімдерін тікелей сайлау тәсілімен 52 әкім сайланған.
«Енді олардың қалай жұмыс істейтінін бағалау қажет. Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе сайлауды міндетті түрде өткізу емес. Басты мақсат – оң нәтижелерге қол жеткізу. Үкімет пен Парламент депутаттары бұл мәселені жан-жақты қарап, әділетті шешім қабылдауы тиіс. Ең бастысы – әрбір реформа салмақты, байыппен жасалуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





