Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Халықаралық кинология федерациясының (FCI) президенті Тамаш Яккельді қабылдады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар қазақы ит тұқымдарын сақтау, олардың генетикалық қорын қалыптастыру және бұл бағыттағы халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тазысын халықаралық деңгейде алдын ала тануға қолдау көрсеткені үшін Тамаш Яккельге алғыс білдірді. Еске сала кетейік, бұл шешім 2024 жылы Амстердамда өткен FCI Бас комитетінің отырысында қабылданған.
Мемлекет басшысы тазы мен төбет тұқымдарын сақтау тек кинология саласы үшін ғана емес, тарихи-мәдени тұрғыдан да маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, ит – қазақ халқының дүниетанымында жеті қазынаның бірі саналады.
Қазіргі таңда Қазақстан кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымды иттер кітабында 4 мыңға жуық тазы тіркелген. Сонымен қатар бұл бағытта қажетті заңнамалық актілер қабылданған. Ал жақын уақытта Жетісу облысында асылдандыру жұмыстарымен айналысатын және ит өсірушілерге ғылыми-кинологиялық қолдау көрсететін Ұлттық орталық ашу жоспарланып отыр.

Ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында биылдан бастап 3 қыркүйек – Қазақы тазы мен төбет күні ретінде белгіленді.
Өз кезегінде Тамаш Яккель Мемлекет басшысына қазақы ит тұқымдарын сақтауға көрсетіліп отырған қолдау үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол әлемнің 100-ден астам елін біріктіретін Халықаралық кинология федерациясының қызметі туралы ақпарат берді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев кинология саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Тамаш Яккельді II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.





