Зеңгі баба тұқымын көбейту арқылы қазақстандық бренд қалыптастырған Сыдық Дәулетов туралы жиі айтылып жүр. Ақши ауылына барған тағы бір сапарымызда «Дәулет-Бекет» ЖШС жұмысымен танысып, болашақ жоспары жайлы білгеннен кейін шаруашылыққа деген қызығушылығымыз арта түскен.
– Мен бірден осындай ірі шаруашылықтың иесі болып шыға келген жоқпын, – дейді Сыдық Әбуұлы әңгімесінің басында. – Еңбексіз ештеңе өздігінен келмейтінін бала кезден біліп өстік қой. Қазақстанға келгеннен кейін түрлі мекемелерде слесарь болып, базарда тағам сатумен де айналыстым. 2001 жылы осы түйе шаруашылығын ашу жөнінде шешім қабылдап, алғашқы қадам жасалды. Бұл отбасылық бизнес десе де болады. Бала-шағам мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнына түсіп, шетелде білім алып келсе де, еңбек жолын шаруашылықта жалғастыруда. Яғни, дамыған мемлекеттерде көрген-білгенін өзімізге енгізуге септігін тигізіп келеді.
Жетісу өңірінде Зеңгі баба түлігіне деген сұраныс төмен еді. Шұбат пен түйе еті қолданыла бермейтін. Ал жеңіл әрі жылы киімдер тоқуға лайықты жүні, түрлі ісіктерді жазуға мың да бір ем болатын шудасы қауесет ретінде ғана құлаққа жетіп жататын. Осындай жағдайда түйе өсірумен айналысуға шешім қабылдау – ерлікпен пара-пар десе де болады. Алайда, алған бетінен қайтпайтын Сыдық Әбуұлы жұмысты бастап кетеді.
Аз жылда түйе саны 5 мыңнан асып, өңдеу өндірісін кеңейтуге көңіл бөле бастайды. Алғашқы жылдары еліміздің шұбатқа деген сұранысын толық қамтамасыз еткен серіктестік, енді шетелдерге түйе сүтін экспорттамақ. Шетелдердің сырттан келетін тауарға қойылатын талабы қатаң. Сондықтан сапасы жоғары, майлылығы талапқа сай келетін құрғақ сүт шығару зауытын салу қолға алынған.
Түліктің басым бөлігі – сүтті көп беретін түркмендік жалғыз өркешті «Аруана» тектес түйесі, қалғаны – қазақы екі өркешті «Бактриан» тұқымы. Дәстүрлі қолмен сауу кезінде сүттің майлылығы кемитінін ескеріп, неміс технологиясы бойынша машинамен сауу аппараты орнатылған сүт фермасы жұмыс істей бастағанына да біраз уақыт болыпты. Және аруананы идіру үшін өзгелердегідей медициналық әдісті пайдаланбай, ботасын емізіп барып сауу да өз нәтижесін беріп келеді. Күнделікті осындай қимыл-әрекетке енесі мен ботасы да көндігіп қалғандай.
Шаруашылықты өркендету үшін Алматы қаласынан түйе сүті мен етінен ұлттық тағам әзірлейтін дәмхана, құрт, ірімшік, балқаймақ және өзге де таңсық тағамдар шығаратын шағын зауыт ашып үлгерген. Қазақтың құдалық-құдандалық дәстүріне, шетелдерден келген туристерге ұлттық дәм ретінде алып кететін, әсем етіп безендірілген сый-қораптары қазақ елінің бірегей брендіне айналып келе жатқаны анық. Онымен қоймай, болашақта түйе етінен қарақұмық, күріш қосып әзірленген қалбырдағы бұқтырмалар жасау жобасы әзірленіп жатқан көрінеді.
Бекет атаның жетінші ұрпағы ретінде Сыдық Әбуұлы «малдан зекет» деген дәстүрді бағдар етіп, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды әдетке айналдырған. Осы мақсатта сол өлкедегі әулие-билердің басына кесене салып, жанына шырақшы үйін тұрғызып келеді. Шаруашылық жұмыс жасай бастағаннан бері Ақши ауылындағы аз қамтылған отбасылары мен жалғызбасты аналарға арнап 12 баспана салып, тегін сыйға тартыпты. Елді мекен тұрғындарына серіктестікке тиесілі дүкендер, тойхана мен балабақша өз қызметін ұсынып келеді. Ал 50 адамға арналып ашылған шипажайда ауруынан айыққан жандар шұбат ішіп, денсаулығын қалпына келтіру үшін жүйелі түрде келе бастаған. Олардың қатарында өз елімізді қойып, Ресей мен Түркменстаннан, Украинадан, тіпт алыс шетелдерден келгендер де бар. Шипажай ашылған екі жыл ішінде 3 мың адам денсаулығын түзегені көп нәрсені аңғартса керек.
Қуат Қайранбаев,
Іле ауданы
Алматы облысы
Суретті түсірген Аслан Қажеке.





