Сарқан ауданының еңбекқор тұрғындарының арасында ауыл шаруашылығының түрлі саласында табысты еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі қала тұрғыны – Михаил Сюра. Ол 15 жылдан бері бал шаруашылығымен айналысып, табиғи таза өнім өндіру ісін жолға қойған.
Кәсіпкер өз иелігіндегі омартасын ұлғайтып, ара тұқымын көбейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Бүгінде оның шаруашылығында жүздеген ара ұясы бар. Алынған өнім сапасы жоғары, экологиялық тұрғыдан таза әрі тұтынушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие.
– Жетісу өлкесінің табиғаты қандай ғажап, аралар қонатын түрлі шөп пен тозаңдарға бай, біздің кәсіпте ерінбей еңбек етсең нәсіп мол болады. Алдағы мақсат – тұрғындарға табиғи, сапалы бал ұсыну. Ара шаруашылығы – ұқыптылық пен төзімділікті қажет ететін кәсіп. Сол мақсатта биылдың өзінде Екі-аша ауылынан бастап Аманбөктер ауылының аралығында 3 рет көшіп-қонып жүрдік, – дейді кәсіпкер.
Биыл омарташы қолға алған ісін кеңейтетін түрлі бағдарлама туралы естіп, мемлекет тарапынан қайтарымсыз грантқа ие болды. Михаил Николайұлының айтуынша, болашақта табиғи таза өнімді шетелге шығарып, экспорт әлеуетін арттыру жоспарда бар. Қазіргі таңда арнайы дүңгіршекте тұрған балдың 8 түрі тұтынушылар талғамына сай.
Омарташының ойға түйген ұсыныстары да көңілге қонымды. Ең бастысы, өндірілген өнімді өткізу мәселесі мемлекет тарапынан ұйымдастырылса жақсы болар еді. Себебі, бал өндірушілерде екі мәселе болады: оның біріншісі балды шайқау, екіншісі оны өткізу. Ауыр еңбекпен келген өнімді арзан бағаға беру де қисынсыз. Сол себепті арнайы министрлік немесе ұйым дайын өнімді лайықты бағаға өткізу тетіктерін қарастырса кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ. Өңір экономикасының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан Михаил замандасымыздың ұсынысы қолдау тапса игі.
Ж. ЖОМАРТҰЛЫ





