Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласында хабарсыз кеткен боздақтардың бірі Төрегелді Үркербаевтың сүйегі 80 жылдан соң табылып, туған жеріне жерленді.
Мыңбаев ауылынан соғысқа аттанған жауынгер бұған дейін із-түзсіз кеткендер санатында болған. Соғыста хабарсыз кеткендердің сүйегін іздестіру тобы оның аты-жөні жазылған белгі арқылы қиян-кескі соғыс жүрген Воронеж түбінде қаза тапқанын анықтады. Ұзақ жылдар бойы жат жерде қалған жауынгердің сүйегін туған топыраққа тапсыру рәсіміне көпшілік жиналды. Мыңбаев ауылындағы Мəдениет үйінің алдында әскери бөлім сарбаздарының қатысуымен қаралы митинг өтіп, жұртшылық майдангерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сарбаз сүйегін елге жеткізу ісіне ұйытқы болған «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Райгүл Қосанова өткенге құрмет көрсетудің жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиет қалыптастырудағы маңызына тоқталды. Майдангердің жиен немересі Марат Қожаев: «Соғысқа кеткеннен еш хабар болмады. Қай жерде қаза тапқанын да білмедік, – деп атасының сүйегін іздестіріп, туған жерге жеткізген барлық азаматқа туыстары атынан ризашылығын білдірді. Мұсылмандық шарты бойынша зират басында құран оқылып, майдангердің сүйегі жер қойнына тапсырылғаннан кейін әскерилер аспанға үш дүркін оқ атып, жауынгерге құрмет көрсетті.
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл ауданы
Алматы облысы





