Ветеринар мамандары – жануарлардың саулығын сақтап, жұқпалы аурулардың алдын алатын, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосатын жандар. Олар тек мал емдеумен шектелмей, ауыл шаруашылығында, ет және сүт өнімдерін өндіруде, зертханалар мен санитарлық қызметтерде де маңызды рөл атқарады. Алайда соңғы жылдары еліміздің көптеген аймағында бұл мамандықтың тапшылығы сезілуде. Әсіресе, бұл ауылдық жерлерде ерекше өткір мәселе. Қазіргі кезде көптеген түлек қалада жұмыс істегенді жөн көреді. Ал ауылдағы ветеринарлық бекеттерде мамандар жетіспейді.
Бұл өз кезегінде мал ауруларының уақытылы анықталмауына кері әсерін тигізіп, шаруаларға қосымша қиындықтар туғызуда. Мамандардың айтуынша, мәселені шешу үшін жастар арасында ветеринария мамандығын кеңінен насихаттау, ауылдық мамандардың жалақысын көтеру және тұрғын үй, әлеуметтік жеңілдіктермен қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, заманауи зертханалар мен құрал-жабдықтарды жаңарту да білікті кадрларды тартудың маңызды тетігі саналады.
Белгілі болғандай, бүгінде елде 300-ден аса ветеринарлық бос жұмыс орындары ашылған. Мамандардың пікірінше, жастар бұл салаға аз келеді. Бұған жалақының төмендігі, еңбек жағдайының ауырлығы және әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі себеп болып отыр. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы мен мал дәрігерлік қызметтің негізгі тірегі – тәжірибелі, бірақ жасы келген мамандар. Олар бүгінде мыңдаған үй жануарына дәрігерлік көмек көрсетіп, бірнеше жас ветеринарды тәрбиелеуде.
Олардың зейнеткерлік жасына қарамастан мамандыққа деген сүйіспеншіліктері әлі де күшті. Сондықтан мұндай тәжірибелі мамандар тәуліктің кез келген уақытында кеңес беруге дайын.
Келесі жылдан бастап ветеринарлардың жалақысы өседі. Кәсіп оқитын студенттерге арналған стипендиялардың мөлшері де ұлғайып, ауылдық жерлерге баратын түлектерге арналған квоталар кеңейтіледі. Сөйтіп, 2027 жылға қарай кадр мәселесі оң шешімін табады деп сенім артылып отыр.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тасқын Қызайбаевтің сөзінше, биыл оларға Үкімет тарапынан жақсы қолдау көрсетілген. Келесі жылы жергілікті атқарушы органдардың жалақысын көтеру жоспарланып отыр. Осы мақсатта Қаржы министрлігі 22 миллиард теңге қаражат бөлген. Демалыс кезінде екі лауазымдық жалақы және емдеу шаралары қарастырылған.
Сонымен бірге, олар зияндылығы үшін қосымша ақы алатын болады. Жас мамандар үшін қолайлы жағдай жасау мәселесі де қарастырылуда. Авариялық жағдайдағы ветстансылар күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай қызмет көрсетеді. Бұған қоса, елді мекендерде 1300-ге жуық жаңа ғимарат салынады. Бұл үшін бюджеттен 66 миллиард теңге бөлінеді.
Бір сөзбен айтқанда, жануарлар денсаулығы – адам өмірінің қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Сондықтан ветеринар мамандығын дамыту – тек аграрлық сала үшін ғана емес, қоғамның денсаулығы мен тұрақты дамуы үшін де маңызды міндет.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





