Өнер адамның мағыналы өмір сүруінде зор рөл атқарады. Елімізде өнердің шыңын шыңдаған тума талант иелері өте көп. Осындай өнер иесінің бірі – қазақтың белгілі суретшісі Хамза Қиқымов.
Хамза Қалиұлы 1947 жылы 11 мамырда Еңбекшіқазақ ауданы, Евгеньевка ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Н. Гоголь атындағы көркем-сурет училищесін, 1979 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тамамдаған. Суретшінің өнер жолы жетпісінші жылдардың ортасынан басталады. Институтты аяқтаған соң Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейіне реставратор болып жұмыс істейді.
Хамза Қиқымов Алматы облысының гербі мен туы, Талдықорған қаласының гербі, «Алматы облысының Құрметті азаматы» төсбелгісінің, «Алматы облысының Құрмет грамотасы» эскизінің авторы. Ол республикалық және халықаралық көрмелердің белсенді қатысушысы бола жүріп, көптеген жүлделердің иегері атанды. Суретшінің өмірі мен дарыны Қазақ кеңес энциклопедиясы және “Жетісу” энциклопедиясында жазылған. Жұмыстары Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде, Германия, АҚШ, Австрия, Испания және басқа да шетелдерде жеке коллекцияларда сақтаулы.
«Ақши ауылы» (2015 ж.), «Испан таулары» (2017 ж.), «Киіз үй» (2018 ж.), «Бәйтерек» пейзаждарында суретші табиғаттың эстетикалық әсерін сол қалпында бейнелеуге тырысқан. Х. Қиқымов пейзаждық жұмыстардан тыс жанрлық картина, портрет мен натюрморт та жазады. Хамза Қиқымовтың «Серікбаев» (1998 ж.), «Егер» (2012 ж.) портреттеріне қарап, суретшінің жан дүниесіне қарапайым адамдар, жасөспірім, бойжеткен, қала әйелі, ауылдан шыққан ақжаулықты ана бейнесі жақын екенін көреміз, адамның табиғи кейпі сақталған.
Хамза Қиқымов өз ісіне шынайы берілген суретші. Шығармашылықтың биігіне еңбекқорлық, ізденімпаз қасиеттердің арқасында жетті. Өнер жайлы өз қөзқарасын білдіруге тырысатын суретші. Ол үшін Хамза Қиқымов пленермен тыңғылықты жұмыс істеп, картиналарын жазып, шығармашылықтың сан қилы жолдары мен формалары туралы өз пайымын тұжырымдайды. Өнертанушылар Хамза Қиқымовты терең ойлы, ізденгіш суретші деп айтады және оны жаратылыс әсемдігі мен ұлылығын ашып көрсететін табиғат ырғағы мен сызбалары, жарығы мен бояулары қызықтырады дейді.
2018 жылы 12 шілдеде облыстықтық архивтің жеке қорлар бөлімінің басшысы А. Донбаева мен архивист А. Ибраким Хамза Қиқымов ағамызбен кездесіп, жеке қор құрастыру үшін құжаттарын архивке тұрақты сақтауға тапсыру бойынша кеңес беріп, №2320 қорға 33 іс қабылданды. Оның ішінде өмірбаяндық құжаттар, жеке куәліктер, медаль, грамота, Алғыс хаттар, мақалалары, өз қолымен салған суреттерін сипаттайтын кітаптары, картиналары, афишалары, фотосуреттері, шығармашылық өмірлерін айқындайтын құжаттары бар.
Өнер ескерусіз қалмайды. Осыдан екі жыл бұрын 2019 жылы Алматы облысының әкімі А. Баталовтың қолдауымен «Хамза Қиқымов» атты кітап басылып шықты.
Бүгінде жасы жетпістен асса да сүйікті ісімен айналысып жүрген Хамза Қиқымовтың өнерге адалдығы әркімге үлгі. Ендеше өнерін өміріне айналдырған ағамызға шығармашылық табыс тілейміз!
Г. Наурызбай,
Алматы облысы мемлекеттік архивінің қызметкері





