Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновтің алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндамасы тыңдалып, жұмыс өнімділігі төмен салалар сынға ұшырады. Жылыту маусымына дайындығы нашар аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді.
Бағлан Сағындықұлының айтуынша, ағымдағы жылы аймақты жылумен қамтудың 5 жобасын іске асыруға бюджеттен 3,3 млрд. теңге бөлініпті. Бүгінгі таңда 1,7 млрд. теңге игерілген. Талдықорған қаласындағы №2 және №5 кварталдық қазандық, Ескелді ауданындағы орталық қазандық табиғи газға ауыстырылуда. Қазандықтарды электрмен және газбен қамту жұмысы аяқталуда. Ал Текелі қаласының «Достық», «Алатау» шағынауданының жылу желілерін қайта жаңарту жұмысы кенжелеп тұр. Себебі, қаражат сәуір айында республикалық бюджетті нақтылау кезінде бөлінді. Мемлекеттік сатып алулар бойынша конкурс тек 16 маусымда жарияланды. Мердігер «Риголит» ЖШС-мен келісімшарттар тек 20 тамызда ғана тіркеліп, құрылыс-монтаждау жұмыстары әлі күнге дейін басталмаған. Болжам бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 665,8 млн. теңге игерілмей қалу қаупі бар.
Биыл 78 қазандықты күрделі және ағымдағы жөндеу жоспарланған еді. Оның бүгінде 96 пайызы дайын. Бұл ретте «Татэк» және «Алатау жарық» АҚ-ның өкілдері тікелей эфир арқылы есеп беріп, электр желілері бойынша да жұмыстың жоғары деңгейде атқарылып жатқанын жеткізді.
Жылыту маусымына бюджеттік ұйымдар үшін сатып алынған 26,2 млн. литр дизель отынының 13,6 млн. литрі ғана тиісті орнына жеткізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аз. Бұған білім беру және денсаулық сақтау нысандарындағы жоспарды орындау көрсеткішінің төмендігі ықпал етуде.
Айталық, бүгінде облыстағы 109 білім беру нысаны сұйық отынмен қамтамасыз етілмеген. Көш басында Кербұлақ, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Кеген, Балқаш, Алакөл аудандары тұр. Білім беру нысандарына сұйық отынды жеткізу бойынша төмен көрсеткіш Ақсу, Алакөл, Кербұлақ, Панфилов, Райымбек, Талғар, Ұйғыр аудандары мен Қапшағай қаласында байқалады. Ал денсаулық сақтау объектілеріне сұйық отын жеткізудің төмен көрсеткіші бойынша Ақсу, Балқаш, Көксу, Панфилов, Сарқан, Талғар және Ұйғыр аудандарында жұмыс баяу жүруде. Сонымен қатар, бюджеттік ұйымдар үшін 23,9 мың. тонна көмір сатып алуға бюджеттен 705,9 млн. теңге бөлініп, оның 19,3 мың тоннасы жеткізілген. Яғни, 20 білім беру, 64 денсаулық сақтау және 12 мәдениет нысаны бүгінгі күні қатты отынмен толық қамтамасыз етілмеген.
Жылыту маусымына тұрғындар үшін көмір қажеттілігі 1,37 млн. тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге 684,5 мың тонна көмір халыққа сатылған. 95,6 мың тоннасы қойма мен тұйықтарда бар. Десе де Қапшағай, Талдықорған және Текелі қалалары мен Алакөл, Панфилов, Көксу, Ұйғыр аудандарына «ҚТЖ-Жүк тасымалы»АҚ-мен қатты отынды жеткізу бойынша ұсынылған деректер нақты жағдаймен сәйкес келмейді. Облыс бойынша 3581 қөпқабатты тұрғын үйдің 2100-і орталық жылытумен қамтылады. Бүгінгі күнге оның 2099-і техникалық тексеруден өтіп, 1549-ның жылу желісі жөнделген. Алайда бүгінгі күнде Балқаш, Ескелді, Кербұлақ, Райымбек, Ұйғыр аудандарында жұмыс қарқынды емес.
Баяндама біткен соң Лаззат Мақатұлы дизель отынын жеткізу, бюджеттік мекемелерді сұйық және қатты отынмен қамтамасыз ету, тұрғындарға көмір сату қарқыны төмен аудан, қала әкімдерінен мәселенің мән-жайын сұрап шықты. Аталған жұмыстардың көрсеткіші өткен жылмен салыстыра қарағанда төмендегенін еске салып, қысқа дайындық жұмысын ерте бастан жүргізудің қажеттілігін халыққа түсіндіру және күн сайын құбылған бағаның шарықтап кетуінің алдын алуды аудан, қала басшыларына тапсырды.
Қысқа дайындық барысы пысықталған соң «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңдағы өзгерістерге сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Бағлан Сағындықұлының айтуынша, биыл жыл соңына дейін облыста 602 мүлік иелері кооперативі бірлестігін және 1917 жай серіктестік құру жоспарланған. Бүгінгі таңда 121 мүлік иелері бірлестігі және 1021 жай серіктестік құрылған. Жоспарланған көрсеткіштің 76 пайызы орындалыпты. Бұл бағытта Қапшағай, Талдықорған, Текелі қалалары мен Ескелді, Іле, Райымбек, Талғар, Ұйғыр аудандарында жұмыс қарқыны төмен. Ал арнайы техникамен анықталған 638 стихиялы қоқыс үйіндісінің 443-і жойылған. 22 қыркүйектегі ақпарат бойынша Ақсу ауданында 6, Ескелді ауданында 14, Еңбекшіқазақ ауданында 6, Іле ауданында 8, Талғар ауданында 18 қоқыс үйіндісі әлі де шашылып жатыр. Қалған 192 қоқыс үйіндісінің 16-сы қалдық полигоны шегарасының сыртына төгілген. Ал 31 қоқыс үйіндісі Қарасай, Қаратал, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласындағы жеке жер телімдерінің аумағына орналасқан.
Заңсыз қоқыс полигондарын жою Мемлекет басшысының тікелей қадағалауындағы дүние. Алайда осы міндетті толық атқара алмаған аудан, қалалардың қатары көп. Осыны еске салған Лаззат Мақатұлы стихиялық қоқысты жинау, сұрыптау, тиісті жеріне төгу жайлы міндеттерді тұрғындарға түсіндіру жұмысы өз деңгейінде жүрмей жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарға полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, кемшіліктерді қатаң бақылауға алуды тапсырды. Қоқыс жатқан жер телімі иелеріне де қатаң шара қолдану керектігі тапсырылды.
Қажет АНДАС




