Қызыл еспеде отырғанбыз. Мал төлдеп, қозы-лақ аяқтанып, жайлауға көшетін мезгіл де жетті-ау деймін.
Әжем мен апам және Алешке ағатайым қазақүйді опыр-топыр жығып, көшуге дайындалып жатты. Атам да, үйді көшіруге келген шопыр да жүкті машинаға тиеп, бәрі көші-қон қамын оңтайлап жатыр.
Мен өзімнің ыңғырығымды таппай қалдым. – «Ыңғырығым-ай, ыңғырығым-ай» – деп жылай бастадым.
– Баламысың деген, ыңғырығы несі? – деп үлкен кісілер аң-таң.
– Оны қайдан іздейміз, балам? Әжем не де болса, тауып бергісі келіп, елпең қағып, енді көшуге айналған қазақ үйіміздің жұртын қайта қарастыра бастады.
Бірақ, жарықтық жай әшейін менің көңілімді ауламақ қой, әйтпесе, өзінің не іздеп жүргенін білмесе де осылай кірісіп кететін әдеті. Көмекке атам келді.
– Оу, баламның ыңғырығын тауып бермесек, болмас. Сол бұйымды өткенде өзі ана бір маңдағы ескі жұрттан тауып әкеліп еді. Қап, әттеген-ай, енді қайдан іздесек екен?
– Бұл не, ата? – деп сұрағанында балама атын өзім айтқанмын. Әлгі бәйгеге мінер тұлпардың үстіндегі жабуы түсіп қалмауы үшін атқа салып, белінен тартып қоятын ершік бар емес пе? Сол. Ығыршық дегенмін. Балам оны тілі келмей, «ыңғырық» деп атап еді. Қалай ұмытып кеткенмін. Көрдіңдер ме, оу, апасы, есіңе түсірші? Жүк жинағанда көзіңе түспеді ме?
Апамнан бұрын тағы да әжем жүгірді. Әжемнің білмейтіні жоқ. Бір түйіншекті ашып, әп-сәтте ыңғырығымды алып берді.
– Ее, е, бағанадан бері осылай демейсіңдер ме? Әлдеқашан тауып беретін ек.
Апам да сөзге қосылып, бәрі менің азан-қазан, айғай-шуымнан құтылғандарына мәз.
Әсіресе, атам: «Қарағым, кәнігі жылқышының баласы емес пе, малсақ-ақ өзі. Зейінді. Тілі келмесе де, ығыршығын ыңғырық десе де таптырып алды-ау, әйтеуір, – деп арқамнан қағып, маңдайымнан сүйді.
Ығыршық-ыңғырығымды құшақтап, апам мен әжемнің жанына жүк машинасына жайғастым. Еңістен төске қарай, ақбас Алатаудың баурайындағы Суықтөбе жайлауына тартып келеміз.
Атам мен көмекшісі Алешке аға ұсақ-түйек, ірі қара малын, үйір-үйір жылқыны алдарына көсілте бос салып, соңымыздан келеді.
Ай-хай, дәурен-ай.
Баян БОЛАТХАНОВА





