Ербол Бектеновтің өмір жолы көпке үлгі. Ол халқына адал қызмет еткенде ғана атақ-абыройдың келетінін игілікті ісімен дәлелдеуде. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған Ерекең әлі күнге дейін ел-жұртқа беріле қызмет етіп келеді. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген. Кішіпейілдігі – кісілігінің белгісі. Еңбекқорлығы – туған елге деген құрметі. Оның ұйымдастырушылық қасиеті, тыңғылықтылығы, бастамашылдығы қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүруіне негіз. Адамды жүрген ортасы тәрбиелейді. Қалдыбай атаның сүйікті ұлының асық ойнап өскен жері – Күреңбел өңірі. Күреңбел жақсылар мен жайсаңдардың шыққан, тәрбиеленген, өнегелі өмірге аяқ басқан құтты мекені. Нәрлі топырақ Ерболға рухани күш-қуат берді. Жолын ашты.
Қалдыбай ата мен Ұлбосындай асыл анадан тәрбие алған Ербол адалдық жолынан ауытқыған жоқ. Тәрбиесі – темірқазықтай еді. Көңіл көкжиегінде ата-ана тағылымы тұрды. Білім мен өнерге құштарлығы бағын ашты. Маңдайы жарқырап, қашанда көптің алдынан көрінді. Мемлекеттік қызмет пен өнерді қатар алып жүру әркімнің тәлейіне жазылмаған бақ. Ал ол қос білімді ұштастыра білді. Сегіз қырлы, бір сырлы көпшіл азамат үшін елмен тіл табысу қиындық тудырмады. Керек жерде көптің алдына шығып өнер де көрсетті, тәлімді әңгіме де айтты.
Ербол Қалдыбай- ұлы 1967 жылы Жамбыл қаласындағы мәдени ағарту училищесіне түсіп, баян-виолончель класын тамамдады. Сол кездегі Гвардия ауданының орталығы Қоғалы ауылының Мәдениет үйінде аға әдіскер болып қызмет істеді. Ербол Қалдыбайұлы халыққа қызмет көрсету үшін барын салды. Өнерге адалдық танытты. Нәтижесінде, мекеменің басшылығына тағайындалды.
«Калинин» кеңшары партия ұйымының шақыруымен Мәдениет үйінің көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшілігін басқарды. Ол құрған «Калинка» фольклорлық ән-би ансамблінің концерті бірнеше рет телеарнадан көрсетілді. Білімдінің күні жарық! Ол 1976 жылы «Калинин» кеңшары партия ұйымының ұсынысымен кәсіподақ ұйымының төрағалығына сайланды. Ербол Бектенов Санкт-Петербург қаласында кәсіподақтар жоғары мәдени мектебінен білім алды. Кәсіби дәрежесі көтеріліп, кемелденді.
Жастайынан өнерді сүйген Ербол Қалдыбайұлы құдай қосқан қосағы Сандуғаш Малғаждарқызымен мәдениет саласында бірге еңбек етіп, өнердің қос саңлағы атанды. Олардың татулығы, бір-бірін толықтырып тұратын үндестігі жастарға үлгі-өнеге еді. Қос аққудай ерлі-зайыпты жүрген ортаның мәні мен сәнін келтірді. Қоғалы атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүргенде Сағатбек Кертайұлы оны Қарашоқы кәсіподағын басқаруға шақырды. Ауылдың мәдени саласын жандандыруды қоса міндеттеді. Кеңшар дирекциясымен бірлесе отырып, ауыл мәдениеті мен спортын республика деңгейіне көтерді. Ол іргетасын қалаған ұлт-аспаптар өркестрі «Алатау» телеарнасынан концерт берді. Оны республика жұртшылығы тамашалады. 1995 жылдың 16-шы сәуірінде кеңшар директоры Сағатбек Кертаев барлық деңгейдегі басшыларды жинап, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ауданымызға ат басын бұрып Шоқан (Шанханай ауылдық округі) және Қарашоқы ауылының тұрғындарымен кездесетінін айтып, мәдени, көркемдік безендіру шараларын Ербол Бектеновке сеніп тапсырды. Сонымен, қарбалас шақ. Сағат 13.40-та тікұшақ гүрілі естілді. Шығыс жақтан Елбасы мінген тік- ұшақ келіп қонды. Сағатбек Кертаев Елбасының алдынан шығып, қарсы алды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Мал жаның, ел-жұртың аман ба? Шағын және орта бизнестің беталысы қалай?», – деп сұрады. Жоламан орта мектебінің оқушысы, бүгінде республикамызға танымал айтыскер ақын Балғынбек Имашев Елбасына арнау айтты.
С. Кертаевтің жары Күләш Асқарқызы Елбасына:
Ана тау мен мына тау төтелеймін,
Жетегіме сары атты жетелеймін.
Халқымыздың ардақты ұлы едіңіз,
Зор денсаулық, Нұреке, мен тілеймін – деп әндетті. Тарихи күні Елбасы Кербұлақ өңірінің тыныс-тіршілігіне қанықты. Осы ұмытылмас сәтте Ербол Қалдыбайұлы бастаған топ жақсы-жайсаңдарға қызмет көрсетті. Бата алды. «Нұрсұлтан ағамыз сол күні 17 халық әнін орындады. Сыртта жүрсек те Елбасы салған әндерді сүйсіне тыңдадық. Ол кісі үзіліске шыққанда әр жаққа апаратын жолдардағы көрсеткіш тақталарды оқып «Ты смотри, как в Вашингтоне» деп ризашылық білдірді» дейді сол күнді еске алған Ербол Қалдыбайұлы.
Ерекең 2009 жылы Талдықорған қаласында мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен байқаудағы орындаушылық шеберлігі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша басқармасының дипломымен марапатталды. Ол 1989 жылы Кербұлақ ауданы «Қарашоқы» кеңшары кәсіподағының жұмыс тәжірибесі бойынша облыстық семинар өткізіп, нәтижесінде Қарашоқы кәсіподақ ұйымына үздік тәжірибесі үшін «УАЗ»-автоклубы сыйға тартылды.
«Отбасы – шағын мемлекет» демекші, отбасында екі қыз, бір ұл тәрбиеледі. Қызы Ләззат Айдар есімді жігітті, ал Жанна Баубек атты өмірлік серігін жолықтырып, ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Немерелері Ерзат, Қуат пен Дидар жоғары оқу орындарында оқиды. Диана мен Санжар есімді немерелері мектепте. Кенжесі Ернар жоғары оқу орнының студенті.
Ел игілігі үшін еңбек етіп, еліміздің экономикасы, хал-ахуалының жақсаруына өзіндік үлес қосып келе жатқан Ербол Қалдыбайұлы жайында айтылар әңгімелер осылайша өрби бермек.
Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалінің иегері Ербол Қалдыбайұлы Калинин орта мектебінде ұстаз, «Қарашоқы» кеңшарының кәсіподақ ұйымының төрағасы, облыстық кәсіподақтар пленумының мүшесі, ІV – V республикалық съездерінің делегаты, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы және көп жылдар бойы Жоламан ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды.
ЖЕТПІСКЕ ЖЕЛІП ЖЕТТІ
Мен Ербол Бектеновпен бала күнімнен бірге өстім. Ол Кривошеев деген жерде, мен Бостан ауылында тұрдым. Жамбыл қаласындағы мәдени ағарту училищесін бітіріп келе салысымен мәдениетке барын сала еңбек етті.
Зайыбы Сандуғаш екеуі өнерде де, отбасында да көпке үлгі болды. Ерекең музыкалық аспаптар әкеліп, аудан, облысаралық түрлі байқауларда жүлделі орынға ие болды. Мен ол кезде ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқаратынмын. Бірлесе туған жердің гүлденуіне, ел-жұрттың әлеуметтік жағынан көтерілуіне еңбек еттік. Ол халықтың қолдауымен «Калиновка» кеңшары кәсіподақ ұйымының төрағалығына сайланды.
Мемлекеттік қызметте жүріп, ән айтып, әртүрлі аспапта ойнап, спортта гір тасын көтеруден алдына жан салған емес. Ол барлық жағынан үлгі етерлік азамат. Замандасым ширақ, жетпіске желіп жетті. Келген жасы құтты болсын!Жексенбай ӘЛМҰХАНБЕТОВ





