Тама баба туралы нақты тарқатып айту үшін шежіреге тоқталып өтсек. Жалпы қазақтың, оның ішінде Албанның шежіресін жақсы білген көнекөз қариялардың айтқанын жастайынан жадында сақтап өскен, ел ағасы болған шағында жауапкершілікті сезініп, көзі тірі шежіреші қариялардың айтқандарын саралап, қағазға түсіріп Қоңырбөрік Тама елінің шежіресін жинақтаған Инақын Ақшалұлы атамыздың шежіресіне жүгінейік. Бұл шежіре бойынша Албаннан Шыбыл, Сары деген екі ата тарайды. Ал Шыбылдан Қызылбөрік, Қоңырбөрік, Ботый, Бойдақ, Өтей тарайды. Өтейден Қалқаман, Жарман тарайды. Жарманнан Майлы, Тама, Біте, Базар, Алаш тараған.
Біз әңгіме қозғамақ болып отырған Тама баба Жарманның бел баласы. Адамға жақсы қасиет шыққан тегіне, әке-шешесіне, ұстазына, өскен ортасына байланысты дариды, не болмаса қонады. Тама бабаның шыққан тегіне үңілетін болсақ, қазақ хандығының негізін салушы ханның бірі болған Әз Жәнібек ханның қарашасы, жалпы қазақ жұртына қараүзген шипагерлік ілімімен танылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының байланысы бар екенін ұғуға болады.
Жеті атаға дейін қыз алыспау заңының шығу тарихы атақты шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабыл- ұлымен байланысты екені бөлек әңгіме. Ұлы емші үйленбей, ұрпақ сүймей, бар ғұмырын шипагерлік ғылымға арнаған, әртүрлі емдік өсімдіктерді пайдаланып, талай ауыр науқасты емдеген, тіпті қажет болған жағдайда ота жасап, әртүрлі науқасты аяғынан тік тұрғызған, сондай-ақ, жұқпалы ауруларға қарсы екпені ойлап тауып, тәжірибе жасап көрген алғашқы ғұламалардың бірегейі еді. Жәнібек ханның бас биі болған Жиренше шешенді ауыр науқастан емдеп, ақыл-парасатымен, ілімімен ықыласына бөленген Жәнібек ханның тікелей тапсырмасымен «Шипагерлік баян» атты кітап жазған.
Осы жерде Өтейбойдақ бабасының атына орай Шыбыл бес баласының бірінің атын Өтей, бірінің атын Бойдақ қойған болар деп ой топшылаймыз. Бұған тағы бір дәлел Таманың ақын ұрпағы Қоқышұлы Жүніс өзінің Тама әулиеге арналған толғауында:
– Дарқандығы даламдай,
Абзалым Тама бабам-ай!
Өтейбойдақтың кітабын
Атамұраға санаған.
Ұрпағына сақтауды,
Мұрат қылып қалаған.
Шипагерлік ілімді,
Басты байлыққа балаған.
«Ұлы дүние-ұлағат
Өшпесін», – деп санадан.
Қызырың үйрек екен-ау,
Қызыңа ұшқан сабаңнан, – деп жырлаған екен. Дала академиясынан тәлім алған, естігенін, көрген-білгенін зерделеп, ой елегінен өткізген, тәжірибе жасап, жарамсызын тастап, жарамдысын іске жаратып, жетілмегенін жетілдіріп, көп ізденіп, көп еңбектеніп медицина саласына орасан мол құнды дүниелер қалдырған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ақыл-парасаты мол, табанды, қасиетті адам болған деп тұжырым жасауға болады.
Бұрынғы заманда әр рудың өзінің ұраны болған. Әр рудың ұраны аттандап немесе атойлап шақырылған кезде сол рудың батырлары мен сарбаздарының рухы мен намысы оянып, ерік-жігері тасқындап, делебесі қозып, бойындағы үрейді жеңіп, жанқиярлық шайқастарға араласып, жеңіске жетуіне орасан зор септігін тигізіп отырған. Ұран – сол рудан шыққан аруақты, қасиетті, әулие, көреген, батыр адамдардың есімімен байланысты болған.
Аруақты адам деп нәпсісін құрықтай білген, ар-ұжданды, жан жүрегі өзімшілдіктен, менмендіктен, пайдакүнемдіктен, мақтансүйгіштіктен, немқұрайлықтан барынша тазарған, көкірек көзі толықтай ашылып, Хақтың сәулесі мен шапағаты түскен, көпшілікке беймәлім тылсым дүниелерді сезе білетін қасиетті, әулие адамды айтса керек. Қоңырбөрік руының ұранының «Өтей» болуы қасиетімен, шипагерлік ілімімен, жалпы жұртқа танымал болған бабасы Өтейбойдақпен, не болмаса Шыбылдың кенже баласы Өтеймен байланысты болуы да мүмкін. Өтей де бабаларына тартқан аруақты, қасиетті әрі батыр адам болуы әбден ықтимал.
Албандарды «Өр Албан» деп тегіннен-тегін айтпаған. Себебі, қай заманда да Албан руының арасында дүниетанымы биік, адамгершілік және рухани деңгейі жоғары, ықылас-пейілі даласындай кең, ар-ұжданды, жақсы мен жаманның, адал мен арамның парқын айыра білген, кім айтса да жүйелі сөзге тоқтай білген, антқа және аманатқа қиянат жасамаған, жетімі мен жесірін жылатпаған, уәдеге берік, досқа адал, дұшпанға қатал, жүрегінің түгі бар, қайратты, табанды ерлер көп болған.
Тама әулиенің Жетісу өлкесін жайлаған Албандардың ұйытқысы болғанын көнекөз қариялар айтып отырады екен. Ақыл-парасаты кемеліне келген, пейілі дарқан, мәдени-рухани деңгейі жоғары, бірегей тұлғалар ғана рудың, тіпті біртұтас елдің ұйытқысы бола алады.
Тама бабамыздың даналық, шешендік қасиеті бір төбе. Артынан қалған ұлағатты сөздерінің ішіндегі:
Дала – дарқандығымен құтты,
Халық – азбайтындығымен мықты,
Дана – ғұламалығымен мықты.
Заман аунап құбылар,
Жөн сөзге әркім жығылар, – деген сөзі бүгінгі күнге дейін маңыздылығын жоғалтпаған, дөп басып айтылған дер едім.
Тама бабамыз өз заманында жеке адамдардың және руаралық туындаған дау-жанжалдарына қатысып, төрелігін айтқан әділ би болған тұлға. Ел арасында «Тама би дауға түспесін, Базар күреске түспесін» деген нақыл сөз тегін айтылмаған.
Көнекөз қариялардан бізге жеткен ақиқатқа бергісіз аңыз-әңгіменің бірінде: «Тама бабамыздың ақыл-парасатына, рухани деңгейінің биіктігіне және кең пейіліне қарай Тәңірдің ерекше назары ауғандықтан Қызыр баба ол кісіге арнайы көрініп, бата берген екен. Қызыр баба Тама байға «Тоғыз жолдың торабына ерте көктемде көшіп барып, ары-бері өткен жолаушының сусыны жоғына сусын, шапаны жоғына шапан, көлігі жоғына көлік боласың», – деген бата беріпті. Сол керемет сәттен бастап Тама әулие ерте көктемде тоғыз жолдың торабына көшіп барып, қонақ күтетін бірнеше киіз үй тігіп, жүздеп бие байлатып, шара толы балдай қымыз ұстатып, қазақтың қонақжайлығын, пейілінің кеңдігін, атымтай жомарттығын паш еткен бірден- бір тұлға болған» – делінеді. Ел арасында: «Тама бай жолда ма екен, кершарасы қолда ма екен?!» деген сұраулы сөз кең таралған. Бұрынғы кісілер: «Таманың қызыры – сабасына қонған екі үйрек» деп отырады екен. Көпшілікке көріне де, сезіле де бермейтін кие немесе кісі деген ұғым бар. Біз үшін бұл бір тылсым дүние. Тама бабамыздың сабасындағы үйрек барлығымызға көрінетін көлдегі кәдімгі үйрек деп ойлау қате.
Тарихымызға үңілсек, мұндай тылсым дүниеге мысал жетерлік. Соның бірі Абылай ханның соңынан қалмай еріп жүретін айбарлы жолбарысы болған деседі. Қаз дауысты Қазыбек би бала күнінде қазақ елшілерімен бірге барып, атақты қалмақ қоңтайшысы Қалдан Серенді сөзге жығып, қазақтың сол кездегі қалмаққа кеткен есесін қайтарып, еліне қайтып бара жатқанда Қалдан Серенге уәзірі: «Өмірі сөзге жеңілмеген едіңіз, қаршадай балаға бір ауыз сөз де айта алмай астыңыздағы тұлпарыңызды мінгізіп, үстіңіздегі қымбат шапаныңызды жапқаныңыз қалай?» – деп сұрағанда былай жауап қатыпты: «Есікте отырып бала Қазыбек сөз бастағанда бір үлкен аю желкеме мініп алып, аз шалыс бассам мойнымды бұрап, жұлып алатындай болды», – деген екен. Бұл Қазыбек бидің бала күнінен киесі болғанын, ол киесі үлкен аю екенін айғақтайды. Сол сияқты бабамыздың сабасындағы қызыры болған үйрек біз үшін бір тылсым дүние, дегенмен, бұл үйрек біз үшін көлдей кең пейілдің, молшылықтың көрінісі іспеттес. Бабамыздың киесі болған үйректерді қыздары көріп, алақайлап сүйінші сұрағанда Тама әулие: «Менің қызырым ұлдарыма емес, қыздарыма қонады екен» деген. Тама бабамыздың бұл ой-түйіні өзінің өміршеңдігін сан мәрте дәлелдеп, әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан емес.
Тама бабаның алты баласы Бұхар, Қазыбай, Құнантай, Есенкелді, Сейітқазы, Кенжетайдан тараған ұрпақтар өсіп-өніп, ғылым, өнер, саясат, мәдениет салаларында туған еліне, Отанына адал қызмет етіп, осы күні іргелі елге айналған. Ұрпақтары бастама көтеріп, жабыла жұмылып, ынтымағы жарасып Кеген – Алматы күре жолының бойындағы Қайқы асуына жетпей жолдың оң қанатынан бабаларына арнап үлкен қоңыр мәрмәр тастан қашатып, мазмұнды ескерткіш кешенін орнатқан. Биыл жазда атақты Қарқара жайлауында Тама бабасына арнап арнайы үлкен ас беру үшін дайындық жұмыстарын да бастап кеткен.
Қайрат Смақан,
Тама – Есенгелді ұрпағы





