Қазіргі таңда сауда орталықтарында газдалған сусындар көп. Солардың бірі кішкентай балаға да, үлкендерге де белгілі – «Coca-Cola». Ең ғажабы, той-томалақтарда, тіпті, қаралы ас бергенде де дастарқанның төрінде менмұндалап тұрады. Сонау 1991 жылы тәуелсіздік алып, шегарамыз ашылған кезде келген бұл сусынның танымалдылығы содан бері арта түсті.
Ал күштілігінде сөз жоқ. Бір ағаларымыз ет жегеннен кейін асты қорытуға жақсы деп ішіп отырады. Тіпті кейбіреулердің күнделікті тұтынатын, ішпесе тұра алмайтын сүйікті сусынына айналып та үлгерген. Шын мәнісінде бұл сусын кез келген ыдысты қақтан тез арылтады. Үйдегі әжетханаға қолданатындар да бар. Тіпті кейбір жеңгелеріміз малдың қарнын аршығанда ішіне құйып жіберіп, тазалап алатынын айтады. Әуелі ішек-қарындағы қан-жынның иісін кетіреді. Сонымен қатар, «Кока-коланы» тот басқан заттарды, айғыздалған әйнектi сүртуге пайдалансаңыз, қажетіңізге жарайды.
Алайда адамның денсаулығына келтіретін зиянын есептеп көрдік пе? Дәрiгерлердiң пайымдауынша, кока-кола, әсiресе, балалардың бас сүйегiне, ойлау қабiлеттерiне орасан зор зиян келтiредi. Жалпы газдалған сусынды мөлшерден тыс пайдалану адам ағзасындағы кальций, темiр секiлдi ең маңызды элементтердi жойып, есесiне құрамындағы есiрткi зат өмiрiңiздi екi есеге қысқартады.
«Coca-Cola-ның» адам ағзасына келтiрер залалы күннен-күнге дәлелденiп отыр. Жүргiзiлген тәжiрибелерге сүйенсек, бiр стакан кока-колаға салынған кесек ет бiраз уақыттан кейiн бүрiсiп, кiшiрейiп кетедi екен.
1886 жылдың 8 мамырында америкалық Джон Стит Пембортон деген фармацевт адамға қуат беретін шәрбат ойлап тауып, оған адамды сергітетін кока жапырағын қосқан. Бұл өсімдік көпшілікке «кокаин» деген атпен таныс. Сол уақытта кока жапырағына тыйым салынбаған еді. Уақыт өте келе шәрбат саудаға шығарылады. Есірткіден басқа оның құрамында спирт те болған. Көпшіліктің өтініші бойынша спирт құрамнан алынып, оның орнына оңтүстікафрикалық «кола» жаңғағының дәмі қосылды. Бірақ сусын тым тәтті болып кетті. Оның дәмін аз да болса кетіру үшін шәрбатқа су қосуға тура келді. Міне, осылайша «Coca-Cola» пайда болды. Ал оның сыртындағы жазуды есепші Фрэнк Робинсон ойлап тапты. 1886 жылы «Coca-Cola» газдалып сатыла бастады. Пембортонның жаңа кәсібі бірден алға баспады. Ақша аз түсе бастаған соң ғалым шәрбат формуласын Аза Кендлер деген кісіге 2000 долларға сатып жібереді. Америка Құрама Штаттарына келген кезінде қалтасында небәрі 1 доллар 75 центі ғана болған Аза Кендлер идеяны жандандырып, «Coca-Cola Company» компаниясының негізін қалайды. 1903 жылы кока жапырағына байланысты қоғамның пікірі өзгеріп, ол құрамнан алынып тасталады.
Ғылыммен дәлелденген газды сусындардың басты зиянына тоқталсақ:
1. Семіздік. Коланың бір құтысы жарты келі салмақ қосуға сеп. Яғни, газдалған сусындарды жиі пайдалану семіздікке душар етеді.
2. Тістеріңізді құртады. Газдалған сусындардың құрамындағы көп мөлшердегі қант пен қышқылдар тіс эмалін бұзады. Әрі қарай басқа да тіс аурулары пайда болады.
3. Бүйрекке де зиян. Газды сусындардың құрамында фосфор қышқылы өте көп. Ол бүйректе тас жиналуға себепкер.
4. Жүрек-қантамырлары жүйесі аурулары. 1 құты газды тәтті сусын инфарктың пайда болу қаупін 20 пайызға арттырады. Сондай-ақ, жүрек жұмысына, қан қысымына кері әсер етеді.
5. Фосфор қышқылы ағзадан кальций, магний, тағы басқа ағзаға қажетті минералдарды жуып тастайтындықтан адамның сүйегі әлсіз, сынғыш болады. Артрит, остеопорозға шалдығуы әбден мүмкін.
6. Газды сулардың құрамында бисфенол-А деген компонент болады. Ол обыр ауруларының пайда болуына басты себепші. Сонымен қатар, репродуктивті функцияның бұзылуына апарып соғады.
Ендеше, өз денсаулығымызға ұқыптылықпен қарап, зиянды сусынды қолдануды доғарайық.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы