Райымбек ауданы – туризм үшін таптырмас мекен. Жайдары жаз маусымында өңірге ат басын бұрушылар жетіп-артылады. Шалкөде, Байынқол, Ақкөл, Шоғансай, Ойқарағай, Шұбартал, Қарасай, Көккемер секілді тау қойнауларының бәрі сырттан келетін қонақтарға толып кетеді. Бұл шын мәнінде, аң-құстарына, өсімдік байлығына, тарихи құндылығына, емдік қасиеті мол арасаны мен шөптеріне толы өлкенің жақсылығы.
Соған орай аталған таулы өлкеде халыққа, әсіресе, сырттан келетін қонақтар мен туристерге қызмет көрсететін демалыс орны баршылық. Олардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Әсіресе, ерлі-зайыпты Алдан Түзелбаев пен Сәрсенхан Нұрбекованың иелігіндегі «Шоғансай – Әлішер» ЖШС-не қарасты экотуризмге негізделген демалыс орнын мақтанышпен айтуға болады. Шоғансай өңірі ежелден мөлдір бұлағы, сап түзеген қарағайы, қырмызы гүлдері, көк шалғынымен ажарын ашқан мекен. Осынау демалыс орны арқылы көкке шаншылған Хантәңірі шыңын тамашалауға болады. Табиғаты ғажайып жерлерді атпен, маторлы көлікпен аралаудың мүмкіндігі қарастырылған. Ең бастысы, «Шоғансай-Әлішер» демалыс орны жаз маусымында үзілмейтін ұлттық сусынымыз саумал, қымызбен тамсандыратын, өзіне баурай тартатын тамаша жер. Сырттан келетін ағайынның көпшілігі дәл осы емдік қасиеті мол саумал мен қымыз үшін ат басын бұрады. Жыл сайын айлап, апталап жатып, демалып, денсаулығын түзеп қайтатын жандар көп. Мұнда келушілер жайлы қонақүйлер мен асхананы, моншаны пайдаланып, табиғат тамашаларына серуен жасап, жақсы демалады.
Келетін адамның көптігіне орай биылдан бастап қосымша 60 адамға арналған қонақүйдің құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Заманауи қонақүй мұнда келушілердің қатарын еселеп арттыратыны даусыз.
Қанат БІРЖАНСАЛ





