Кәкімжан Қазыбаев ауылында 50 орынды мектеп пайдалануға берілді. Өткен жылы ауыл азаматтары бас қосқан кезекті бір жиында көпшілік бірауыздан мектеп салуға шешім қабылдап, ортақ қор құрған болатын. Себебі, 1975 жылы салынған бұрынғы мектеп ғимаратының тозығы жеткендігі көрген жанның көңіліне кірбің түсіретін.
Жылдан-жылға еңсесі түскен ескі үйдегі оқу орнының заман талабына сай жабдықталмауы көзге ұрып тұратын. Бастамашыл топтың айтылған сөздері жерде қалмай, 2020 жылдың жаз айларында болашақ мектептің қазығы қағылып, іргетасы көтерілген-ді.
Бір қабаттан тұратын жаңа мектепте 4 оқу кабинеті, үлкен зал және мұғалімдер кабинеті қарастырылған. Сондай-ақ, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 7 бейнебақылау орнатылған. Бүгінгі таңда білім ошағында 15 оқушы білім алуда. Ал 5-сыныптан жоғары оқитын оқушылар Бақалы ауылына тасымалданып, орта мектептен дәріс алады.
Аудан басшысы Талғат Қанатұлы ұлық мерекемен ауыл тұрғындарын құттықтап, салтанатты түрде мектептің лентасын қиып, қонақтармен бірге барлық кабинеттерді аралап, ауылмен бірге қуаныштың куәсі болды.
– Ауыл азаматтары мектеп салып береміз дегенде, былайша қысқа уақыт ішінде қолданысқа береді деп күткен жоқпыз. Енді жаңадан салынған мектебіміз жылы, жарық, барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Қуанышымызда шек жоқ. Біздің міндет – оқушыларға сапалы білім, тәлімді тәрбие беру үшін жұмыс істеу. Осы орайда жаңа мектепті салып берген барлық ауыл тұрғындарына, жалпы жомарт жандарға алғысым шексіз, – дейді мектеп меңгерушісі Қарлығаш Садыбаева.
– Бұл ауыл мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың туған жері. Алматыдан келе алмасам да ауылдастарымның қуанышын бөлісіп, мектеп кітапханасын толықтыруға үлес қосатын боламыз. Білім негізі шын мәнінде бастауышта қаланады. Осы тұрғыдан алғанда бұл мектеп талапты жастардың көкейіне сапалы білім нәрін құярына нық сенімдіміз, – деді қуанышты сәтті бізбен бөліскен Кәкімжан ағаның зайыбы, Қазақстан білім беру ісінің үздігі Орынша Қарабалина.
Болашақта мектеп ауласы қоршалып, абаттандырылып, шағын спорттық алаң және балаларға арналған ойын алаңқайын салу жоспарлануда.
Жомарт ИГІМАН
Сарқан ауданы




