Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты кезекті Жолдауының жаһандық дағдарысты еңсеруге, қазақ қоғамының әлеуметтік ахуалын жаңа сапаға көтеруге, жұртты алаңдатқан індеттің бетін қайтаруға бағытталғаны баршаға мәлім. Президент алдағы уақытта кездесетін соқталы мәселелерге жіті назар аударып, ел дамуының мүмкіндігі бола алатын жайттарға кеңінен тоқталды.
Расында, қазіргі тарихи кезеңде еліміз ата-бабамыздан мыңдаған жыл бойы қордаланған тарих қойнауындағы құндылықтар жүйесінің негізінде – демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет орнату жолында дамып келеді. Азаматтық-патриоттық және құқықтық тәрбие жастарды гуманизмге, қазақ халқының дәстүрін, тілін сүюге және құрметтеуге, басқа халықтың мәдениетін зерттеуге, азаматтық ұстаным мен патриоттық сананы қалыптастыруға тәрбиелейді. Осы тұрғыдан келгенде, Президенттің көрегендігі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиісті. Сонда ғана қазақ елі мәңгілік бағытынан жаңылмай, алға қадам баса беретін болады.
Мемлекет басшысының: «Қазақстан үшін заманауи цифрлық технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу айрықша маңызды. Біз шетелдегі стратегиялық серіктестерімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз. Сонымен бірге, отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың біліктілігі жоғары ІТ-маман даярлау қажет. Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуге тиіс. Осы және басқа да міндеттер мемлекеттік секторды толығымен «цифрлық қайта жүктеуді» талап етеді. Мұндағы бұрыннан келе жатқан басты түйткіл – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара тиімді кіріктірілмеуі. Бұл мәселе түбегейлі әрі тезірек шешімін табуы керек», – деген тапсырмасын әрбір жас жүрегіне тұмардай тағып, болашақ істерінің бағдаршамы етуі керек деген пікірдемін.
Демек экономикалық дағдарысты еңсеру үшін ел аумағын тұтастай қамтитын іргелі реформалар қолға алынбақ. Ол – қаржы саласын реттеу, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономиканы бәсекелестікке ынталандыру, жаңа инвестициялық саясат және жаңа әлеуметтік саясат атты бес тараудан тұрады. Президент әлеуеті толық ескерілген осы бес негізден тұратын міндеттерді игеру арқылы экономикалық дағдарысты еңсеруге болатынын қадап тұрып айтты.
Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,
облыстық ардагерлер
ұйымының төрағасы





